Құс шаруашылығымен айналысамын деушілерге де мемлекет тарапынан түрлі қолдау бар. Соның бірі – «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы». Оның басты мақсаты еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік біліктілікті меңгерудің тиімді жүйесін дамытуға бағытталған. Ауданымызда аталған бағдарлама аясында қайтарымсыз грантқа ие болғандардың қатарында құс өсіру шаруашылығымен айналысып отырған Сәуле Тажбағамбетова бар.
1977 жылы Өзбекстан мемлекетінде дүниеге келген Сәуле әпкемізді атақонысы –Қазақстанға қонаққа келген кезінде болашақ жары алып қашады. Осылайша, 2005 жылы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылына келін болып түсіп, Самат Османов есімді азаматтың келіншегіне айналады. Ол Өзбекстан еліндегі авиациялық колледждің «технология» мамандығы бойынша оқығанымен, тұрмыс құрған соң үй шаруашылығында болады. Жыл өткен сайын Самат ағамыз бен Сәуле әпкеміздің шаңырағында іңгәлаған сәбидің дауысы естіліп, бір жанға толыға бастайды. Өрісі кеңейген отбасы 2017 жылы ауданымызға қарасты Жандосов ауылынан жер алып, еңселі үй салады. Әңгіме арқауына айналған кейіпкеріміз бар өмірін ұрпағына арнап, бала тәрбиесімен айналысқан. Десе де, үйдің шаруасынан қолы қалт еткен кездерінде ауласындағы бау-бақшасын жайқалтып, түрлі көкөністің түрлерін егіп, баптайтын.
Одан бөлек, құс өсіруден де хабары бар. Күнделікті ас мәзіріндегі құс жұмыртқасы мен етінің маңызы ерекше емес пе! Құс еті жеңіл қорытылады, протеинге бай, емдік, жеңіл ас ретінде жеуге болады. Құс мамығын киім, көрпе,жастық өндірісінде пайдаланса, саңғырығы топырақ құнарлылығын арттыратын тыңайтқыш ретінде кең қолданылатыны тағы бар. Кәсібін бастамас бұрын нарықты зерттей келе, ол қазіргі таңда құс етіне сұраныс жоғары болып тұрғанын байқайды. Бұл ісін неден бастарын білмей жүрген кезінде, досынан бүгінгі таңда, әсіресе, жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жақсы қолдау бар екенін хабардар болады. Алдыңғы кезекте Сәуле Тажбағамбетова аудандық Жұмыспен қамту орталығына барып кеңес алады. Ондағы қызметкерлер бизнесті бастау бойынша толық ақпараттандырып, Сәуле әпкемізді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалына бағыттайды. Аталған мекемеде алдымен іскерлік әлемінің қыр-сырына қанығу үшін қазіргі жағдайға байланысты 21 күндік онлайн курстан өтеді. Қолына сертификаты тиген соң аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» бойынша бизнес жобасын сәтті қорғап, 583 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болған.
– Жобаға қатысу бар да оны сәтті аяқтау және бар, – дейді грант иегері Сәуле. – Бір айлық курстан кейін қатысушы жобасын арнайы комиссия алдында қорғауы тиіс. Сәтті қорғаған жағдайда сертификатқа қол жеткізе алады. Ал, комиссия мүшелері қатысушының әлі де өз ісін ашуға дайындығы аздығын көрсе, онда тек «қатысты» деген сертификат беріледі. Аталған курсты бітірген азаматтар дер уақытында қаржыға қол жеткізіп, жобаларын бастап кетуге тырысатыны анық. Бірақ, бір нәрсені түсінген жөн, кәсіпкерлер палатасы қанша үйреткенімен, істі әрі қарай жалғап кету әр адамның өз ынтасында. Істі бастауға қатысты кеңес беру, оқыту, бизнес-жоспарларын дайындау, заңгерлік құжаттарын әзірлеп беру, есептерін тапсыру бойынша барлық пайдалы ақпараттарды берді. Тіпті, осы курста құстардың қай түріне қандай жем-шөп беру, витаминнің қаншалықты мөлшерде қажеттілігі, күтімінің қалай болу керектігін де үйретті. Құлшынысым қатты болғандығынан шығар, мен осы кәсіпкерлер палатасының берген білімімен шектеліп қалған жоқпын, өзім әрі қарай ғаламтор желісінен оқып, іздендім.
Көптен армандаған құс өсіру кәсібіне қатысты үйдегі дайындықты да ол ерте бастап кеткен. Алатын құстарына орын дайындап, 24 шаршы метр қорасын да, еркін жем-суын ішіп-жеп жүретін қолшалған 30 шаршы метр алаңды да салып қояды. Ал, қолына қаражаты тиген соң, ол ақшаға «хайсекс» тұқымындағы тауықтарды сатып алып, баптайды. Кәсіпкер тауықтың бұл түрі ауарайының құбылмалы кезеңдеріне төзімсіз екенін байқап, келесі кезекте өзге түрлерін алуды жөн деп санайды. Осылайша, таңдауы «адлер» тұқымына түсіп, одан 60 тауық, үндіктен жиырмасын, индоүйректен пен қораздан он бесін сатып алып, кәсібін жалғаған. Құс өсірудің қыр-сырын біртіндеп меңгерді. Уақыт өткен сайын бусанып, көк бүр жарған шақтан бастап, құс ұяларын сайлап, суытпай алған жұмыртқаларды әр құстың бауырына салу қамына кіріседі. Бұған қоса жұмыртқалағыш тауық түрлерін балапан күнінде молынан сатып алуды да жолға қойыпты.
– Шынына келсек, балапанның күтімі баланың күтімінен бір кем емес. Әсіресе, бройлер балапандары өте нәзік-ақ, сарыауыз балапандар жетіліп кету үшін жем-суына қосып, дәрумендермен ауыздандырамыз. Мұның бәрі оларды ширату үшін қажет, – дейді кәсіпкер.
Қазіргі таңда кәсібі өз ретімен жүргізіп отырған Сәуле әпкеміздің қолғанаты – балалары Руслан мен Жанболат. Екеуі құстардың жағдайын жасап, жем-суын беруге әбден машықтанып алған. Олар анасымен қатар білмесе, кем білмейді. Ынтымағы жарасқан шаңырақтың отағасы Самат ағамыз Алматы қаласындағы «Көктөбе» демалыс орнында күзетші болып істейді. Десе де, демалыс күндері отбасының ортақ кәсібін дамытуға қолдау білдіріп, атсалысады. Иә, ол аз десеңіз, Османовтар әулетінің ауласындағы бау-бақшасы да жайқалған. Картоп, пияз, қызанақ, қияр, болгар бұрышы, асқақбақ, аскөк, ақжелкен сынды көкөністің түрлері егілген бақша іші гүлденіп тұр. Ал, үйдің кенжесі Ләйля көз қуаныштары.
…Кейіпкерімізбен әңгімелесіп тұрғанымызда жан-жағымыздан маймаңдай басқан қаздар мен қоқиланған күркетауықтар, жем іздеп жүгірген тауықтар қаумалай бастады. Өздерін баптаған жан жем береді деп дәмеленіп жүрген сияқты. Жүрген жүрістеріне қарап құстардың жинаған салмақтарын да ойша бағамдап үлгердік. Көрсең көз тоятын, сатсаң ақша құрайтын құс шаруашылығы тек табыс көзі ғана емес, әр ауланың сәні де ғой, шіркін, дедік біз Сәуле әпкемізге табыс тілей тұрып.
Бұрым ОРЫНБАСАР.