Биыл еңселі елордамыз – Астана қаласына 25 жыл толып отыр. Бас қаланың халықаралық деңгейде өз орнын тапқанына ширек ғасыр уақыт өтіпті.
Ресми деректерге сүйенсек, Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді ҚР Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдаған. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өткен.
Ал биыл Астана қаласына – 25 жыл. Осы уақытқа дейін еліміздің бас қаласы дамудың бірнеше сатысынан өтті. Қазіргі таңда елорданы заманауи бағытта дамып келе жатқан, кескіні мен келбеті жарасқан жас қала десек артық болмас. Осы ретте ғаламтор бетіндегі анық ақпараттарға көз жүгіртіп, Астананың ширек ғасыр ішінде қандай жолды жүріп өткені мен келешекте жүзеге асатын жоспарлары жайлы жазуды жөн санадық.
Елорданы көшіру туралы шешім қабылданған сәтте Ақмола халқының саны ол кезде небәрі 290 мың болған. Ал 1999 жылы халық саны 326 мыңға жеткен деседі. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Астана халқының саны 1 354 435 адамды құрады.
Астананың экономикасы…
2001 жылдан бастап елордада «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы» іске қосылып, ол көп ұзамай қала мен ел экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту орталығына айналды. Елорданың жалпы аймақтық өнім көлемі 1998 жылы 60,5 миллиард теңге болды. 2000 жылдардың басында отандық және шетелдік бизнес Астана құрылысына жүзедеген миллион доллар инвестиция салды.
25 жыл ішінде қаланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 13,7 трлн теңге болды.
2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 427,6 млрд теңге болса, өсім 20,9% болды.
Инвестициялар көбіне жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, өнеркәсіп, көлік және қоймалау, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету және т.б. бағыттарға тартылды.
Бүгінде Астана қаласы іскерлік хаб болып табылады. Қаланың қазіргі әлеуетін, сондай-ақ дамыған инфрақұрылымды ескере отырып, елордада MICE (Meetings, Incentives, Conferences,Exhibitions) туризмді дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр.
Қазір Астанада 15 мың төсек-орыны бар 229 қонақ үй, іс-шараларды өткізуге арналған 110 алаң бар (2 көрме орталығы: «ЭКСПО» халықаралық көрме орталығы, «ЭКСПО Конгресс орталығы»).
Астананың медицина саласы…
Астанада медициналық саланы өз алдына дамытуда үлкен серпіліс бар. Жасыратыны жоқ, Астанада жыл сайын тұрғындар саны артып келе жатқандықтан, жұмыс істеп тұрған медициналық ұйымдарға да жүктеме дәл солай көбейіп келеді. Десе де 25 жыл ішінде жеткен жетістіктерді айту қажет.
Елорда тұрғындарының саны 25 жылда 4,5 есе өсті. Сондай-ақ туу кезіндегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 25 жылда 11,7 жылға артты. Қазірдің өзінде республика бойынша ең жоғары көрсеткіш Астана қаласының еншісінде.
Жалпы, елордада медициналық ұйымдардың саны 25 жылда 8,3 есе немесе 38-ден 314-ке дейін өсті. Соңғы жылда емделген науқастардың саны 136 мыңнан, ал жүргізілген операциялар саны 60 мыңнан асады. Жедел медициналық жәрдем қызметкерлері жүргізетін табысты реанимация көрсеткіші соңғы 2 жылда 55% — дан 75% — ға дейін өсті. Ал медициналық мекемелерді материалдық-техникалық құралдармен жабдықтау 95%.
Астананың білім жүйесі…
Бас қаладағы білім беру жүйесінің ерекшелігі – оның қарқынды дамуы. Қала өсіп келеді, онымен бірге елорданың білім беру инфрақұрылымы да жетіліп жатыр. Бас жоспар жобасының бастапқы деректеріне сүйенсек, 2021 жылғы
1 қаңтардағы жағдай бойынша қалада 429 мектепке дейінгі білім беру мекемесі, 133 жалпы білім беру мекемесі, 15 жоғары оқу орны жұміс істеген.
Ал, қазір 67 730 баланы қамтитын 507 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 100 мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру мекемесі, онда 29639 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал 404 жекеменшік, оның ішінде 398-де 34 411 орынға арналған мемлекеттік тапсырыс орналастырылған. Бұдан басқа, 3 ведомстволық балабақшада 405 бала бар. Мектеп жасына дейінгі балалар үлесі жыл сайын бала туу мен көші-қон процестерінің өсуіне байланысты артып келеді.
Астанадағы 15 жоғары оқу орнында 67 мың студент білім алады. 36 жатақханада 14 426 студент тұрады.
Астана жастар қаласына айналып келеді…
Жастар саясаты – көпсалалы бағыт. Сол себептен, 2021-2023 жылдарға арналған «Елорда жастары» жастарды қолдау бағдарламасы бекітіліп, іске асырылуда. Ол негізгі 6 бағытқа бөлініп, 33 көрсеткіш және 60 іс-шараны іске асыру көзделген.
2022 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына өзгеріс енгізіп, жастардың жасын 35-ке дейін ұзартты. Бүгінгі күні қаладағы 14-34 жас аралығындағы жастар саны 440 мың адам болды. Оның ішінде 14-28 жас аралығында 278 мың адам, ал еңбекке қабілетті жастар – 297,6 мың адам.
Жұмыспен қамту шараларымен қазіргі уақытта 5944 жас қамтылған: тұрақты жұмысқа 1492 адам орналасты, «Жастар практикасы» — 279, «Қоғамдық жұмыстар» — 763, «Алғашқы жұмыс орны» — 136, «Ұрпақтар келісімшарты» — 2, «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы аясында — 136 адам қамтылды, жастарға арналған микрокредиттеу 60 адамға, кәсіптік оқытуға 12 адам, электрондық еңбек биржасында дағдыларға оқытуға 241, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 2814 адам жіберілді, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға 11 грант берілді.
Биыл 16,5 мың жасты жұмыспен қамту жоспарланған, жастар арасындағы жұмыссыздық – 4%.
Жастарды жұмыспен қамту бағытында «Жасыл ел» жобасы іске асырылып, оның аясында 3000 жас еңбек етіп жатыр. 2020 жылы 1200 адам, 2021 жылы 1956 жасөспірім мен жастар жұмыспен қамтылса, 2022 жылы квота 4200-ге дейін өсті. Оның ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 111 адам осы жоба аясында жұмыс істеді.
2021 жылдан «Жасыл ел» сарбаздары алатын сыйақы мөлшері де 35 мыңнан 64 мың теңгеге дейін өсті. Биыл да 4200 жасты жұмыспен қамту көзделген.
NEET санатындағы жастармен де жұмыс жүргізіліп жатыр. Аталған санаттағы жастар үлесі 6,2% немесе 26 045 адам.
2023-2025 жылдарға арналған Астана қаласында уақытша орналастырылмаған жастармен (NEET санатындағы жастар) жұмыс жөніндегі Жол картасы бекітілді. Жол картасының негізгі мақсаты – жастардың, оның ішінде уақытша тұрақсыз жастардың әлеуметтенуіне жәрдемдесу. Жол картасы аясында жастарды жұмыспен қамту, сондай-ақ жас кәсіпкерлерге гранттар беру және жеңілдетілген несие беру бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылатын болады.
Қазіргі кезде Астана қаласының әкімдігімен жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету сұрағы кеңінен қарастырылып жатыр. Бұл мақсатта «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жүргізіледі. Бағдарлама шеңберінде тұрғын үй жұмыс істейтін жастарға жалға алу шартының негізінде беріледі. Тұру уақыты ішінде жастардың өз пәтерлеріне бастапқы жарнаны жинауға мүмкіндіктері бар. Бағдарлама аясында 2021 жылдан бері 2 450 пәтер берілді, бағдарлама ағымдағы жылға да жоспарланған.
Сонымен қатар жоғарыда айтылған бағдарламаға қосымша ретінде жастарды тұрғын үймен кеңінен қамтамасыз ету мақсатында өңірлік «Елорда жастары» бағдарламасы бекітілді. Ағымдағы жылдың 30 мамыры – 6 маусымы аралығында «Отбасы банк» АҚ бірлесе «Елорда жастары» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы қосылып, елордада бастапқы/қайталама нарықта пәтер сатып алуға мүмкіндік берілді. Берілген кредиттік қарыз саны – 200.
Астанадағы ерекше ғимараттар…
Бас қаланың символына айналған нысандардың бірі – «Бәйтерек» монументі. Сәулет өнерінің авторы – архитектор Ақмырза Рустамбеков.
«…Кисе Курокава «Бәйтерек» орналасқан жердің макетін президентке баяндады. Ол жерде мен де болдым. Көпқабатты ғимараттар салынып, біресе биік, біресе аласа болып, әннің ырғағындай салынатынын түсіндірді. Макетте бір таяқша тұр екен. Курокава «осы жерде бір монумент» болуы керек. Биіктігі астананың көшкен жылының символы ретінде 97 метр болуы қажет» деді….Ол кезде арнайы кеңес құрылып, үлкен ғимараттар талқыланатын. Монумент үлгісіне конкурс жарияланып, жан-жақтан ұсыныстар келді. Олардың ешқайсысы Назарбаевтың ойынан шықпады. Назарбаев өзі эскиз жасағандай болды. Биік ағаш, жапырақтар салды да, «осылай» деді. Конкурсқа Ақмырза да тобымен бірге қатысқан. Назарбаев салған фото негізінде макет жасап ұсынды», – дейді «Бәйтерек» монументінің авторының ағасы – сәулетші Серік Рустамбеков.
Елордадағы бірқатар нысан мен ғимарат қала күні немесе мереке қарсаңында ашылғаны белгілі. Солардың бірі – «Қазақ елі» монументі. 2007 жылы Астананың ауысқанына 10 жыл толуына орай ашылған монументтің авторы – сәулетші Саматбек Бөкебай.
«Монумент жобасына республикалық деңгейде конкурс жүргізілді. Оған 60-70 жоба түскен. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бәрін көріп шығып, ешқайсысын ұнатпаған. Конкурстың екінші кезеңін өткізген. Содан кейін қала әкімі Асқар Маминге тапсырма беріп, жылдамдатуды тапсырған. Ұнайтын жоба болса, орнатылатынын айтқан. Екі аптада жобасын жасадық. Екі сағаттан кейін Асқар Мамин келіп, «құттықтаймын, президентке ұнады» деді. Бастапқыда «Тәуелсіздік» монументі болған, қаржы бөлініп, салынып біткен кезде 6 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Назарбаева келіп ашты. Сол жерге келген кезде «Астана жұлдызы» деген монумент болсын деді», – дейді Саматбек Бөкебай монументтің тарихын еске алып.
Астанада кейінгі жылдарда ашылған нысанның айтулысы – қаланың Бас мешіті. 2022 жылдың тамызында ашылған құлшылық ордасы елорданың сол жағалауында бой көтерді. Қабанбай батыр және Мәңгілік ел даңғылы аралығындағы 9,5 гектар жерді алып жатыр.
Астананың бас мешіті – Қазақстандағы және Орталық Азиядағы сыйымдылығы бойынша ең үлкен мешіттердің бірі. Құрылысы үш жылға жуық уақытқа созылған мешіттің жалпы алаңы – 68, 062 шаршы метр. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, мұнара биіктігі – 130 метр. Қаланың бас мешітінде бір уақытта 235 мың адам намаз оқи алады. Мешіт іші 35 мың адамға лайықталған.
Астананың инфрақұрылымы, қала құрылысы, кей көшедегі кептеліс, сумен қамтамасыз ету, мектептерде орын тапшылығы секілді әлеуметтік мәселелер туралы сын жиі айтылады. Алайда қала 40-50 жылда жетеді деген нәтижені ширек ғасырда көрсетті. Миллиондаған адамның жас әрі бас қалада өз жолын тапқаны анық.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Деректердің көбісі baq.kz және halyq-uni.kz сайттарынан алынды.