Қаймағы бұзылмаған қазақ халқы әркезде ұлттық құндылықтарын жоғары қойып, ата-бабасының қалдырған салтын сақтап, әдет-ғұрпын аттамай, дәстүрге ден қоя білген. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсеткен дана халқымыз сыйластықты әрдайым бірінші орынға қойған. Сәлем салу да осының нақ дәлелі. Ертеден келе жатқан сәлемдесудің түрі көп, әрі оның өз үлгісі мен ерекшеліктері бар. Соның бірі – келін сәлемі.
Қазақ халқында келін сәлемінің мәні зор, мағынасы терең. Бүгінгі таңда еліміздің бірқатар аймақтарында жақсы сақталған бұл үрдісті үлкенді құрметтеудің әдемі әдебі десе де болады.
Сәлем салудың түп мағынасы
Сәлем ету жай ғана иіле салу емес, оның ар жағында үлкен тәрбие жатыр. Этнографтардың айтуынша, сәлем салу үрдісі әулеттегі жарасымдылықтың жібін үзбеу үшін қалыптасқан. Қазақ халқында ертеден бері ырым-тыйымдар, әсіресе, әйел затына қатысты шектеулер көп болған. Өйткені ықылым заманнан бері әйел заты ең алдымен өмірге ұрпақ әкелетін, оны өсіріп, тәрбиелейтін бірден бір адам болып саналған. Оның тәрбиелі, ибалы, ізетті болуынан кемел келешек көрінген.
Қазақ келіндері тек ата-енесіне, қайын жұртына ғана иіліп сәлем салмайды, сондай-ақ, алыстан ат терлетіп келген ағайындарына да құрмет көрсетеді. Осылайша, үлкендерден «ұлды бол», «өркенің өссін», «көп жаса», «бақытты бол, айналайын» деген секілді ақ тілек пен бата алған.
Әр өңірдің сәлемі бар ерекше
Салт-дәстүрдің жалпы болмысы бірдей болғанымен, ол еліміздің әр аймағында әр қилы орындалады.
Мәселен, батыс өңірінде сәлем салу қатаң талап етілмеген. Ол жаққа келін болып түскен қыз беташарда жалпылама топтастырып сәлем береді. Сәлемді бір қолын тізесінің үстіне қойып, сәл бүгіліп салады. Ал, оңтүстік өңірінде сәлем салу және басқа да көп салт-дәстүрлер қатаң ұстанады. Сондықтан да бұл өңірде сәлем салу міндетті түрде орындалады. Сәлемді екі қолын айқастырып иіліп салады.
Солтүстікте сәлем салу мен орамал тағу деген мүлдем жоқ деп айтуға болады. Шығыс өңірінде сәлем салу емес, қыздың басына ақ орамал тағылып, көбіне отқа май құю ырымы орын алған.
Қандай жағдайда сәлем салмауға рұқсат берілген
Этнографтардың айтуынша, келіннің сәлем салудан бірқатар жағдайларда ғана босатылады. Нақтырақ айтқанда, қазақ халқының келіндері бір-біріне рулас болып келсе немесе келін жүкті болса сәлем салмауға рұқсат берілген. Себебі әрдайым сәлемін білдіріп жүрген келін бір жағынан иілмеуге қысылады, әрі ұялады. Екінші жағынан, күйеуінің бауырлары ондай сәтте келінге келін деп емес, келешек ана деген көзқараспен қарап, құрмет көрсеткен.
Сонымен қатар, күйеуі қайтыс болған жесір әйелге жылын бергенше сәлем салмауға рұқсат етіледі. Ертеде мұндай жағдайда келінді әулеттің үлкендері сәлем салу салтынан біржолата босатқан. Ондағысы: «Келіннің ендігі жерде басы иілмесін! Жүзі төмен қарамасын! Қызымыздай болсын!» деген ниет. Бұған қоса, жары бақилық болып, қайғыдан қан жұтқан жанды жұбатудың, екеуара туыстық байланысты суытып алмаудың өзіндік үлгісі деп қараған.
Мұның барлығы – қазақтың тәлім-тәрбиесі мен үлкенге деген сый-құрметтің көрнекі үлгісі.
Бүгінгі қоғамның көзқарасы
Қазақ халқының салт-дәстүрлері ғасырлар бойы ислам қағидаларымен біте қайнасып кетті. Бірақ бүгінде дамыған елімізде көптеп пайда болған радикалды ағымдардың кері насихаттық жұмыстарының арқасында адамдар арасында қазақи дәстүрлеріміздің кейбірі «харам» деп ойлайтындар көбейіп кеткен. Мәселен, біздің айтып отырған сәлем салу дәстүрін осыдан біраз уақыт бұрын халық арасында «ширк» деп айтқандар да болды. Дегенмен шариғат ілімдерін оқып келген көптеген білімді дін ғалымдары мен имамдар бұл ой қате екендігін, оның шындыққа жанаспайтындығын айтып, сәлім салу үрдісі тек кішінін үлкенге көрсеткен құрметі екенін дәледеген еді.
Бұдан бөлек қазіргі қыз балалардың арасында сәлем салу мағынасын дұрыс түсінбей «мен неге біреуге басымды июім» керек дейтіндер де бар. Өкінішке орай, бұл көпшіліктің салт-дәстүрлерімізді ұмытып, өз балаларына оны біреуге бас ию емес, үлкенге құрмет көрсету екенін түсіндіріп бере алмағандығынан пайда болған қате ой десек те болады.
Иә, бүгінде сәлем салу сияқты өзге салт-дәстүрлерді көбісі ұмытып, не ескіліктің сарқыншағы деп ойлайтын бар екені рас. Бірақ, біз қанша дамып, өзге елдер сияқты заманауи өмірге ұмтылсақ та, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің өн бойына ғасырлар бойы тамыр тартып, қандық қасиетіне сіңіп, өшпей, жоғалмай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлерімізді ұмытпауымыз қажет. Себебі, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десек те олардың астарындағы тәлімдік мәні ешқашан да құнын жоймайды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.