Бүгінгі таңда гипстен кез келген бірегей бұйымдарды қолмен істеп, түрлі қолөнер туындыларын жасауға болады. Тек қолда арнайы гипс пен қажетті заттың пішіні бар болса жеткілікті. Тіпті, дайын бұйымдарды сатып, шағын бизнес ойластыруға да мүмкіндік бар. Осы заманауи тенденцияны жақсы түсіне білгендердің бірі – қарасайлық Гүлнұр Жүнісова. Ол 2022 жылы ерекше кәсіпті қолға алып, гипстен түрлі кәдесый, заманауи үлгідегі тойтабақ, қобдишалар, қыз-келіншектерге арналған жиынтық жасауды аз уақыттың ішінде табыс көзіне айналдыра білген.
Жұмысы өрге басып келе жатқан көп балалы ана жуырда мемлекет тарапынан қолдау ретінде берілетін қайтарымсыз грант иегері атанды. Грант бойынша қарастырылған қаражатқа ол жаңа құрал-жабдықтар алып, кәсібінің аясын дамытуды көздеп отыр.
Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін бітірген кейіпкеріміз 10 жылдан аса Алматы облысының Статистика департаментінде бас маман, кейіннен бөлім басшысы ретінде жұмыс істеген. Болашақ мамандығы ретінде ақпараттық технологияларды таңдап, өмір жолын мемлекеттік қызметпен байланыстырғанымен, жастайынан анасының ісмерлігін көріп өскен Гүлнұрдың тігіншілікке, тоқыма тоқуға, сурет салуға деген ынтасы жоғары болыпты. Анығырақ айтқанда, кішкентайынан сурет өнерін ұнатқан ол мектеп қабырғасында білім алып жүрген уақытында редакциялық кеңестің мүшесі болып, сурет салуға көп уақытын бөлген. Ал студенттік шағында тігіншілікке белсенді түрде кіріскен. Анасына әдемі көйлектер, курстас құрбыларына карнавалдық костюмдер тіккен. Сондай-ақ, тырнақ әрлейтін шебердің жұмысына қызығып, біраз уақыт өзі де осы бағытта жұмыс істеген. Осыған қарап-ақ, кейіпкеріміздің қаншалықты жан-жақты адам екенін түсінуге болады. Әсіресе, оның қызығушылығының барлығы дерлік шығармашылық айналасында.
Алматы облысының Статистика департаментінде, өзін жақсы маман ретінде көрсетіп, бөлім басшысы қызметінде болса да, Гүлнұр Ермекбайқызы бала күтіміне орай, декреттік демалысты пайдаланып, балалық арманы – шығармашылықпен айналысуды қолға алған. Алайда жастайынан түрлі қызығушылықтары бар, белсенді өмір сүруді ұнатқан ол үй шаруасы мен бала тәрбиесін қатар алып, ізденіп, сұрастырып, біраз жұмыстың басын шалып көреді. Осылайша, инстаграм парақшасынан көрген «гипс бұйымдарын жасауға» бел буған. Бұл ойын оның жолдасы бірден қолдап, бастапқы қадамдарын жасауға көмектескен.
– Жалпы декретке шыққалы, өзіме ұнайтын жаңа қызығушылық тапқым келді. Себебі балаларға қарап, төрт қабырғадан анда-санда ғана шығып отыру, маған оңайға соқпайтынын білгенмін. Сондықтан әлеуметтік желілерді қарап, соңғы уақыттары адамдарға не қызық екенін зерттедім. Үй жағдайында гипстен әртүрлі әдемі заттарды жасауға болатынын көріп, ғаламтордан оның жасау жолын үйреніп, өз бетімше жасай бастадым. Ең бірінші бұйымдарымды шала ұйықтап жүріп, үш күн тоқтаусыз істедім. Сол сәттегі алғашқы сатып алушыларым анам мен жақын бауыр-туыстарыма рақметімді айтамын.
Бүгінде жеке парақшаға дайын өнімдерді салу арқылы тапсырыс қабылдап отырамын. Кәсіпті жүргізіп жатқаныма бірнеше жылдар болмағанымен, аудан тұрғындарынан, басқа облыс пен еліміздің өзге аймағынан тапсырыс беретіндер жетерлік. Оған қоса, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей және Белоруссия мемлекеттерінен, сонымен қатар, АҚШ-тың бірқатар штаттарынан да тапсырыстар келіп жатады. Көбіне той жасайтын кісілер заманауи үлгідегі тойтабақтарға, дизайнерлер үйге арналған әдемі декорларға, ірі компаниялар мерейтойлық ескерткіштерге тапсырыс береді.
Бір қуантарлығы, төрт балам да менің кішкентай көмекшілеріме айналды. Тіпті, үш жасар кенжетайымыз өзгелермен бірге отырып, көмегін көрсетеді. Жолдасым мен балаларымның қолдауы мені шабыттандырып, тек алдыға жүруге ынталандырады.
Әрине, бұл жұмыс төзімділікті, сабырлықты, әсемдікті қажет етеді. Себебі тапсырыс берген әрбір адамның талғамына сай дүние жасау – үлкен жауапкершілік. Сондықтан мен бір орында тоқтап қалмай, жұмысыма барынша жаңашылдықтар енгізіп отыруға тырысамын, – деді ерекше кәсіп иесі.
Осы бағытты қолға алған, өзгелер секілді біздің кейіпкеріміз де жұмысының бастапқы кездері дайын пішін қалыптарды қолданған. Алайда ондай заттар көптеген жерлерде сатылып жатқандығын байқап, өзгелерден ерекшелену үшін силикон арқылы жаңа пішіндер жасап, өзінің ерекше бұйымдарын шығара бастады. Бүгінде ол жасаған дайын бұйымдармен қоса, өзі ойлап тапқан силикон қалыптарын да сатады. Оған, әсіресе, осы салада өз кәсібін бастағысы келгендер арасында сұраныс көп туындаған.
Еңбегін әлеуметтік желі арқылы жарнамалап, еліміздің әр аймағынан тапсырыс қабылдап отырған келіншектің ісі көз сүйсінтеді. Қолөнершінің жасаған бұйымдарының арасында тойда таратылатын қобдишалар, шағын кәдесыйлар, әртүрлі өлшемдегі мүсіншелер, үйді әрлеуге арналған декор, мерекелік жиынтықтар, балаларға арналған ойыншықтар, бір сөзбен айтқанда, адам қалағанның барлығын табуға болады. Бәрі де тапсырыс берушінің қиялы мен қажеттілігіне байланысты. Сондай-ақ, Гүлнұр бала кездегі қызығушылығын да ұмытпаған. Бүгінде ол әр бөлменің сәнін келтіретін заманауи, абстрактілі стильдегі суреттерді салумен айналысуда.
Жалпы мақалада айтып өткеніміздей, кейіпкеріміз жастайынан жан-жақты болып өскен. Сондықтан жоғарыда айтылғанның бәрі оның қызығушылығының бір бағыты ғана. Ал тағы бірі үй жиһазын жасаумен, сәндеумен байланысты. Қолөнерлік жұмысын жүргізе бастаған кездері ол эксперимент ретінде өз қолымен төбеге арналған аспашам, теледидарды қоюға арналған консоль үстел, заманауи алaуошақ (камин) жасап көрген. Нәтижесінде жасаған заттары көңілінен шығып, Гүлнұр алдағы уақытта бұл бағыттыда дамытуды көздеп отыр.
Аз уақыттың ішінде шет мемлекеттерден жұмысына қызығатындарды тауып, тапсырыс қабылдап отырған қолөнерші көптеген сұранысқа байланысты, шеберлік онлайн оқу курстарын да жүргізе бастаған. Қазіргі сәтте оның 400-ге жуық шәкірті бар.
– Арнайы онлайн курс жүргізу туралы ой маған бірден келген жоқ. Оның үстіне бастапқы кездері мені ешкім білмегендіктен, оған қатысқысы келетін адамдарды табу қиындау болды. Ал менің алғашқы шәкірттерім туысқандарым мен жақындарым болды. Бірақ тапсырыстар көбейіп әлеуметтік парақшамда көрілімдер саны өскен сайын қалаушылардың саны да артты. Бүгінде 400-дей шәкіртім бар. Олардың арасында шетелдің шеберлері де жетерлік.
Қазіргі уақытта мен гипстен бұйымдарды жасаудан гөрі, силиконнан ерекше пішіндер жасаумен көп айналысамын. Ол үшін арнайы курстардан өтіп, бірқатар 3D бағдарламалармен жұмыс істеуді үйреніп жатырмын. Алайда маған гипстен жасалатын бұйымдар бойынша тапсырыстар түсіп жатса, оны шәкірттеріме беремін, – деді Гүлнұр Ермекбайқызы.
Ағымдағы жылы жұмысы өрге басып келе жатқан Гүлнұр қалыптастырған өз брендін одан әрі дамытуға бел байлап, қайтарымсыз грант конкурсына қатысқан. Нәтижесінде көптеген қатысушылардың ішінде бағы жанып, 400 АЕК көлемінде қаражат ұтып алған. Мемлекет тарапынан берілетін ақшаға кәсіпкер жаңа сөрелер, 3D моделді пішінді шығаруға арналған принтерлер және тағы да бірқатар қажетті құрал-жабдықтар алуды жоспарлаған. Бұдан бөлек те, кейіпкеріміздің болашақта жүзеге асыратын жоспары жетерлік. Шеберханасын жаңа құрал-жабдықтармен толтырып қана қоймай, сондай-ақ үйінің ауласында сала бастаған шеберханасын аяқтап, жұмыс көлемін арттыруды көздеген.
– Әрбір жасаған туындыларым, өзіме үлкен құлшыныс, қуаныш сыйлайды. Шығармашылықта шек болмайды демекші, қолөнермен айналысу адамға сенім, өмірге қызығушылық ұялатады. Сондай-ақ бұл балаларым үшін де пайдасы жетерлік. Үнемі компьютер мен телефонда отырмай, олар осы жерде өздерінің саусақ, яғни ұсақ маторикасын дамытады. Мен өзіме қызықты, отбасыма пайдалы кәсіп түрін тапқаныма өте қуаныштымын. Ал хоббиімнің тұрақты табыс көзіне айнала бастағаны мен үшін тек тағы бір жақсы бонус, – деді он саусағынан өнер тамған шебер ана.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
