Қасиетті Қарасай ауданында Елбасының тұғыры биік тұлғасымен барынша байланысты бір айрықша атап айтатын орын бар. Ол – Нұрсұлтан Назарбаев туып өскен Үшқоңыр тауы мен Шамалған ауылы.
Туыстарының, көршілерінің, таныстарының естеліктерін тыңдасақ, Назарбаевтардың отбасы алдымен, сол кездері Мәскеу биокомбинаты филиалының қосалқы шаруашылығы орналасқан,Үшқоңыр тауында тұрған. Елдің айтуы бойынша, үйдің бас-иесі Әбіш ата нағыз еңбекқор жан екен, ұзақ уақыт бөлімше басқарушысы болыпты. Мектепте оқымаса да сауатты, білімді болған, орыс тілін және басқа тілдерді жақсы білген, сондықтан да әртүрлі ұлт өкілдерімен тез тіл табыса білген және үлгілі іс-әрекетімен үлкен бедел иесі атанған.
Әлжан апа да жарқын жүзді жақсы адам еді. Ол кісі келген жер әзіл-қалжыңға толы болатын. Тез арада күлкілі, астарлы оқиғаларды ойынан шығарып, жұртты көңілдендіретін.
Шамалғанда олар Панфилов көшесінде тұрды. Нұрсұлтан Назарбаев Фурманов атындағы орта мектепте оқыды, бұл атты білім ұясы 1956 жылы алыпты. Сол балалық шақтың өзінде ол білімге, білуге ерекше құмартты. Қазақша да, орысша да оқуды сүйетін. Олардың ішінде «Жас гвардия», «Көтерілген тың», «Құрыш қалай шынықты» сияқты романдар, повестер бар еді. Бір кітапты үш-төрт күнде-ақ оқып тастайтын. Сол себептен оның тіл байлығының, сауатты сөйлеуінің негізі сонау мектептегі жылдарында-ақ қаланған.
30 жылдан соң, 1999 жылы 22 сәуірде бұл мектептке Қарасай батырдың аты берілді, ал одан бір жыл бұрын, 23 мамырда мектептің «Шапағат» музейі ашылған. Онда Шамалған ауылы мен шамалғандықтар туралы қызықты материалдар – барлығы 2500 экспонат жинақталған. Нұрекеңнің әкесі Әбіш ата мен анасы Әлжан апаның есімдері үлкен құрметпен көшеге берілген.
Қаскелең қаласындағы елді өзіне тартатын орындардың бірі – аудандық тарихи-өлкетану музейі. Оның ғимаратының өзі тарихи деп саналады. Ол ХІХ ғасырдың соңында салынып, жергілікті православия шіркеуіне келушілерге арналған жексенбілік мектеп ретінде жұмыс істеген. Кейін 1937 жылы мұнда Абай атындағы алғашқы қазақ мектеп-интернаты ашылды. Міне, дәл осы жерде Нұрсұлтан Назарбаев 1957-1958 жылдары үздік оқып, үлкен өмірге жолдама алды.
Егер алғашқы кезде музейде жалпы алғанда 467 экспонат сақталса, бүгінде олардың саны екі мыңнан асады. Музейде тоғыз зал бар. Олардың әрбірінің тақырыптық мазмұны – бұл Қарасай жері тарихының белгілі бір кезеңі. Ал, ең басты экспозиция Ұлт Көшбасшысының өмірі мен қызметі жайында баяндайтын «Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті» деп аталады.
Музей 1999 жылы 30 тамызда ашылған. 2000 жылы бұл жерге Нұрсұлтан Әбішұлының өзі келген. Сол жылдары Президент музейге жеке қорынан көптеген жәдігерлерді тапсырды.
Музейдегі фото-суреттердің де айрықша орны бар. Оларды да тарихи деп атауға әбден болады. Бәрінде де Елбасының өмірі мен еңбек жолының әр кезеңі, шетелге барған сапарлары, басқа мемлекет басшыларымен бірге болған сәттері бейнеленген. Мәселен, бір суретте Нұрсұлтан Назарбаевтың өзге жеті оқушымен – жас натуралистермен бірге алғашқы награда алғаны көрсетілген. Яғни, сонау 1957 жылы ол Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің жас қатысушысы ретінде медальға ие болыпты.
Иә, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жас кезінен өрге ұмтылды, білім шыңына шығуға күш салды, талай қиындықты басынан кешсе де басты мақсатынан таймады, тайқымады. Өмірінде орасан мол тәжірибе жинап, салмақты саясатымен, көрегендігімен, халық жағдайын терең түсінетіндігімен қазақстандықтарды дамудың даңғыл жолына – жарқын болашаққа бастады. Барлығымызды «Мәңгілік ел» идеясының маңына топтастырды. Ендеше, Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстан тарихындағы орны өте үлкен!
Жасай беріңіз, елі сүйген, елін сүйген Елбасы!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.