Әр жылдың 18 сәуірі — Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні болып жарияланған. Бұл мереке алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. Ұлттық тарих пен мәдениетіміздің құнды жәдігері болып саналатын ескерткіштер елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралай отырып, келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде де ерекше маңызға ие.Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың маңыздылығы жайында көрнекті мемлекет қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков: «Қай халықтың болсада рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарынан танысудан басталатыны мәлім» — деп жазған. Осы атаулы күнге орай, Қарасай батыр атындағы орта мектепте «Тарихи ескерткіштер –ұлт мақтанышы» тақырыбы бойынша апталық өтті. Іс шаралар жоспары аясында «Атамекен» орталығына, «Батыр бабалар», «Анаға құрмет» музейлеріне, Наурызбай батыр ескерткіштеріне экскурссия жасалып, жасөспірімдер одан жақсы әсер алды. Кітап көрмесі және шығармалар байқауы ұйымдастырылды. Өз ойларын үздік жеткізген 8 «А» сынып оқушысы Жанахметова Айдана мен 9 «В» сынып оқушысы Асланова Замира мақтау қағаздарымен марапатталды. Жүргізілген сынып сағаттарынан ескерткіштер туралы толық мағлұмат алды. «Ескерткіштер – біздің байлығымыз» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында оқушылар үш топқа бөлініп, Қарасай ауданындағы Аңырақай шайқасы, Қарасай батыр ескерткіштері туралы постер қорғады. Дөңгелек үстел соңы «Екі жұлдыз, бір тілек» стратегиясына ұласып, «Жетісудағы археологиялық ескерткіштер» тақырыбында деректі кино көрсетілді. Іс-шараны қорытындылаған З.Дошимова оқушылар белсенділігіне рахмет айта отырып, ел тарихындағы, жер тарихындағы сыр шертетін археологиялық ескерткіштерді қорғау, оның тарихын зерттеу әрбір қазақстандықтың қасиетті, борышы, әрі парызы екенін баяндады.
Д. АЛИМЖАНОВА,
мектеп директоры.