Аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың қорытынды есепті кездесуі аудандық мәдениет үйінде өтті. Жиынды аудандық мәслихаттың хатшысы Айтбай Көшкімбаев ашып, жүргізіп отырды. Сонымен қатар, жиынға облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев қатысты.
Алдымен Жандарбек Ермекұлы фойэге қойылған ауданның экономикалық жетістіктері көрмесін, ондағы кәсіпкерлік субъектілерінің өнімдерін аралап көрді. Сонымен қатар, аудандағы өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, білім, денсаулық және басқа салалар қамтылған әлеуметтік-экономикалық жетістіктері көрсетілген бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.
Қарасай ауданының облыста 13 позицияның 11-і бойынша көш бастап тұрғаны қуантады. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2018 жылы 244,9 млрд. тенге болып, 2017 жылдан 24,2 млрд. теңгеге артқан немесе 101,1%. 118.6 млрд. теңге инвестиция тартылған, 2017 жылы бұл көрсеткіш 109,8 млрд теңге болған еді, яғни, 8,8 млрд. теңгеге артық. Егер 2017 жылы мемлекет қазынасына 32 млрд. теңге түссе, 2018 жылы 47 млрд. теңге түсті. Ал, 2019 жылдың қорытындысында бұл көрсеткішті 55 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Жиында Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясының педагог-ұйымдастырушысы Қоблан Алдабергенов, «Леруа Мерлен» құрылыс материалдары гипермаркетінің директоры Карен Нерсесян, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Андрей Агеенко, аудандық орталық аурухананың дәрігер-психологы Сәуле Сұлтанғалиева, Сулейман Демирел университетінің студенті Ермұрат Ораз және аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Ауданда көп жұмыстың атқарылғаны атап айтылды. Мәселен, мектептерде қосымша 74 модификацияланған және 28 мультимедиялық, 20 робототехника кабинеті, 95 бейнекамера орнатылған.
Ал, 2018 жылы 1 тамызда ашылған «Леруа Мерлен» гипермаркетіне келсек, оның құрылысына 6 млрд. теңге жұмсалған, нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орнының ашылуына қол жеткізілген. Мұндағы ең төменгі айлық жалақы 150 мың теңге. 2019 жылға арналған болжам бойынша тауар айналымы 17 млрд. теңгеден асып, жыл сайын 30-40% өсетін болады.
Қазақ егін және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының үлкен жетістігі ретінде өткен жылы құрылған «Қаскелең» агропаркін (кейіннен «Оңтүстік» деп қайта аталған) айтуға болады.
Бұл жерден Қазақстанның барлық өңірінің ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілері және ғалымдары жаңа сорттар мен технологиялар жайында жақсы біле алады.
Денсаулық сақтау саласына тоқталсақ, Іргелі округіндегі «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде ашылған ауылдық дәрігерлік амбулаторияны айтуға болады. Сол сияқты басқа елді мекендерде осындай медициналық мекемелердің құрылысы үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында азаматтарды электронды тіркеу ісі қолға алынуда. Осы орайдағы проблемалық мәселе ретінде аудандық орталық ауруханаға өз жұмысында көп күш түсетінін айту керек. Сондықтан да бұрыннан белгіленіп қойылған, Сулейман Демирел университетінің қарсы бетіндегі төрт гектар жерге, 1000 орындық осы заманғы жаңа медициналық мекеме салудың қажеттілігі туындап отыр.
Барлық сөйлеушілер де аудан әкімінің өткен жылғы қызметіне қанағаттанарлық деген баға берді, сондай-ақ, бүкіл қарасайлықтарды ауданның 90 жылдығына арналған шараларға белсене қатысуға шақырды.
Есепті кездесуде Жандарбек Ермекұлы қойылған сұрақтарға толықанды жауап беріп, олардың барлығының да өз ретімен шешілетінін айтты. Осыған орай тікелей жиын үстінде орынбасарларына, аудандық қызмет жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, көпшілікті елді мекендердің, әсіресе, Қаскелең қаласының сыртқа бет-бейнесіне, тазалығына көп көңіл бөлуге шақырды.
Жиын аяғында аудан басшысына Шамалған ауылының тұрғыны, қадірлі қария Мырзабек Шымшықов ақсақалдық ақ батасын берді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.