Қарасай ауданында әр жыл сайын көптеген нысандар бой көтеріп, халық игілігі үшін нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Солардың ішінде 2018 жылы іргетасы қаланып, түрлі спорт түрі бойынша болашақ чемпиондарды баптайтын №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі де бар.
Заманауи бағытта жабдықталған бұл орталықта 600-ден аса жас өрендер спорттың 15 түрі бойынша қабілеттерін дамытып, жан-жақты шыныға алады. Жаттықтырушыларының біліктіліктері жоғары, шәкірт тәрбиелеуге де тәжірибелері жеткілікті екенін айтуға болады.
Былтыр, міне, чемпиондарға жол нұсқайтын спорт мектебіміздің ашылғанына бір жыл толды. Осынша уақыт аралықта ұжымның атқарған еңбектері де, орталықтың аудан үшін атқарған жұмысы да өз деңгейінде деп айтуға болады. Қаламызда орналасқан бұл нысан спорт саласы бойынша іс-шараларға қолдау білдіріп қана қоймай, аудан ішінде жүйелі түрде өтетін әртүрлі мәдени, қоғамдық, әлеуметтік сияқты бағыттағы жұмыстардың өткізілуіне өз септігін тигізуде.
№1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, расымен де, спорттық нысан әрі шәкірт тәрбиелейтін орталық болғандықтан, осы сала бойынша көп жұмыстар атқарады. Ендеше, оқырман назарына 2019 жылы, яғни, бір жыл ішінде жеткен жетістігіміз бен атқарған игілікті істердің ең бастыларын ұсынсақ дейміз.
Қарасай ауданының Қаскелең қаласында орналасқан №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, жоғарыда айтып кеткендей, қазіргі таңда да спорттың 15 түрінен үйірмелер тегін жұмыс істеуде.
2019 жылы жалпы бір халықаралық, үш республикалық турнирлер мен 15 аудандық ашық біріншіліктер, сонымен қатар, Алматы облысының алты чемпионаты өткізілді. Соның ішінде шілде айында Қарасай ауданының №1 БЖСМ ұйымдастыруымен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесіне арналған бокстан ХХІІІ халықаралық турнир өз деңгейінде болды. Айтулы спорттық додаға Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен командалар қатысып, бақтарын сынады.
Мектеп оқушылары да 2019 жылы мақтанарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, таэквандо бөлімінің қыздары кадеттер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында Айдана Сүндетбай 1-ші орын, Әсел Әбубәкір 1-ші орын, Әмина Аширова 2-ші орын, Аружан Әбдіқадыр 3-ші орынға ие болды. Иордания мемлекетінің Амман қаласында өткен Азия чемпионатында жаңағы біз айтқан мақтаныштарымыз Айдана Сүндетбай 2-ші орын, Әмина Аширова 3-ші орындарға табан тіреді. Ал, Өзбекстан Республикасының астанасы – Ташкент қаласында өткен Әлем чемпионатында жеңістерден көрініп жүретін Айдана Сүндетбай тағы да топтан оза шауып, 1-ші орынды иеленсе, шәкіртіміз Әсел Әбубәкір 3-ші орынды қанағат тұтты. Есімдері аталған жеңімпаздарымызды шаршы топқа дайындап, шеберліктерін шыңдап жүретін жаттықтырушылары Бекзат Аумолдаевтың да еңбегі зор екенін айта кеткен жөн.
Каратэ киокушинкай-каннан Шымкент қаласында өткен ҚР чемпионатында мектебіміздің оқушылары – Дінмұхамед Орынбасар мен Ерасыл Руслан чемпион атанса, Ерасыл Ахан, Рысбек Мақсұтов күміс жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Ал, Алмаз Айтпай, Медет Әжібек пен Бекзат Ахандар қола жүлдені місе тұтты.
Байрақты бәсекелердің бірі Болгария мемлекеті Варна қаласында да өткен болатын. Нақты айтқанда, осы елде бастау алған Әлем чемпионатында Бекжан Сүнбековтің шәкірті – Медет Әжібек қола жүлдегер атанып, Тараз қаласында өткен ашық Азия кубогында жеңіске жетті.
Еркін күрестен Қазақстан Республикасының чемпионатында Ни Анастасия және Әліби Рахымбаев 1-шы орындарға ие болды. Сондай-ақ, Ни Анастасия Тайвань мемлекетіндегі Тайчунг қаласында өткен еркін күрестен жасөспірім қыздар арасындағы Азия чемпионатына қатысып қайтты. Бұл да біз үшін және жаттықтырушысы Ербол Керімбеков үшін жемісті жетістік деп білеміз.
Алдағы 2020 жылға да үлкен мақсаттар қойып отырмыз. Аудан жұртшылығын саламатты өмір салтын ұстауға және бұқаралық спортпен айналысуға шақырамыз.
Жәнібек ЖАКИПОВ,
аудандық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.