Ауданымызға қарасты Шамалған бекетінде орналасқан «Еламан» базарының айналасы бүгінде көп заң бұзушылықтар кездесетін жер болып тұр. Оның себебі, базар маңында, яғни, жол бойында заңсыз сауда нүктелері көбейіп, ауыл тұрғындарына қолайсыздық тудыруда. Жергілікті атқарушы биліктің қатаң назарында болғанымен де, бұл жердегі заңсыз сауда тетіктері азаймай тұр. Өткен аптаның аяғында аудан әкімінің орынбасары Қанат Айманов бастаған комиссия аталмыш базар маңын, нақтырақ айтқанда, Ж.Дүйсеков көшесінің бойындағы заңсыз саудаға байланысты рейд жұмыстарын жүргізді.
Белгіленбеген жерде сауда жасау, бұл ең алдымен ауылдың тәртібі мен тазалығына нұқсан келтіреді. Сондықтан да осы құқық бұзушылықпен ауданның атқарушы органдары жыл сайын күрес жүргізіп келеді. Жоғарыда айтқан рейд жұмыстары кезінде ең бірінші болып көше бойындағы балық, қарбыз, қауын және басқа бақша өнімдерін саудалайтын дүргіршектер назарға алынды. Олардың иелерімен заң аясында сұхбат жүргізіліп, саудамен бұлай айналысуға болмайтындығы айтылып, «Еламан» базарының ішіне көшірілді. Бұдан бөлек, «Еламан» базарының алдында орналасқан жеке контейнер мен газ толтыру пункті де заңсыздыққа бой алдырғаны анықталды. Оларды тексеру барысында тиісті құжаттары жоқ екендігі және рұқсатсыз жұмыс жүргізіп жатқандығы белгілі болды. Рейд қорытындысы бойынша комиссия мүшелері барлық заңсыз дүңгіршек иелеріне ескерту жасап, келесі жолы айыппұл салатындықтарын жеткізді.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.