Бүгінде ауданымыздағы республикалық маңызы бар жоғарғы және төменгі трассалар бойында сауда саттық жасауға тыйым салынғанына қарамастан, бұл жерлерде тауар сатушылардың қатары аз емес. Аталған жолдардағы жүру жылдамдығы 90-нан жоғары болғандықтан мұндай сауда ең бірінші кезекте онымен айналысып отырған саудагерлердің өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Бұл мәселені аудан әкімі бақылауға алып, шешуді тапсырған еді. Осы ретте Қаскелеңде жол бойындағы саудагерлерге арнайы орындар бөлінді. Аптаның сейсенбісі күні Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев осыған байланысты полиция қызметкерлерімен бірге жолдағы заңсыз сауда жасау қаупін түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Оның барысында қала әкімі учаскелік полиция өкілдерімен бірге жоғарғы және төменгі трассалар бойында сауда-саттықпен айналысып отырғандармен сөйлесіп, мұндай жерде саудамен айналысу заңсыз әрі тұрғындардың өміріне қауіпті екенін түсіндірді. Және де осы мәселені шешу үшін арнайы сауда орындары бөлінгендігін айтып, сәрсенбі күннен бастап сатушылар сол жаққа көшу қажеттігін жеткізді. Нақтырақ айтқанда, жоғарғы трассаның бойындағы саудагерлер жол айрығының жанында, ал төменгі трассаның саудагерлері «Royal Petrol» жанармай бекеті жанындағы аялдаманың қасындағы арнайы дайындалған орындарға баруы керек.
Бұған қоса әкіммен жүрген учаскелік полиция қызметкерлер саудагерлерге ескертулерге құлақ аспай, жол бойында тұра беретін болса, әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 204-бабы бойынша айыппұл салынатындығын түсіндіріп өтті.
– Біздің бүгінгі жүргізіп жатқан жұмыстарымыз ең бірінші кезекте тұрғындарымыздың қауіпсіздігі үшін. Республикалық маңызы бар жолдарда жүретін көліктердің жылдамдығы тез болғандықтан әртүрлі қайғылы жағдайлар орын алу мүмкін. Әрине, отбасының қамын жасап отырған бұл кісілердің жағдайын жақсы түсінеміз. Сондықтанда сауда жасамаңыздар демейміз тек арнайы бөлініп отырған қауіпсіз жерге тұрса болды, – дейді Асқар Мұқашев.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.