Елімізде мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын орындау аясында мамыр-шілде аралығында «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалар» байқауына қатысу үшін үздік әлеуметтік жобаларды іріктеу одан ары жалғасуда. Байқаудың мақсаты – өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда, өзекті әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған бастамашыл әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету. Жұрт назарын ерекше аударған шараны «Нұр Отан» партиясы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері, қала және аудан әкімдіктері, сонымен бірге бизнес қауымдастығы ұйымдастыруда.
Үшінші тамыз күні Жетісу жерінде «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының аймақтық кезеңінің жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Байқау Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесе биылғы жылдың 25 сәуірінде бастау алған еді. Құрамы аймақтық төрағаның бірінші орынбасары, мәслихат депутаттары, басқармалар, қоғамдық бірлестіктерден тұратын комиссия мүшелері ең үздік әлеуметтік жобаларды анықтады.
Айта кету керек, жалпы байқауға қоғамдық бірлестіктер мен қайырымдылық қорлардан 24 өтініш түскен. Нәтижесінде, мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруы мен қарым-қатынасын жеңілдетуге, қоғамға бейімделуі, жұмысқа орналастыруға бағытталған 14 әлеуметтік жоба облыстық іріктеу кезеңіне өткен. Ұйғарым бойынша бірінші орынды «Тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету» бағыты бойынша жеке кәсіпкер Нұрболат Қарабасовтың «Gulsar» мүгедектер арбасын электрмен жабдықтау жобасы жеңіп алған. Ал, екінші орынды ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру, психологиялық көмек көрсету жобасының жетекшісі «Rakhym» қайырымдылық қорынан Раушан Байтанова иеленген. Сонымен қатар, үшінші орынға «Әлеуметтік проблемаларды шешудегі ақпараттық жылжу» бағытында «Алпамыс» қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік бизнес инкубаторы жобасымен Гульгана Назырова қол жеткізіпті.
Ал, енді ауданымызда үлкен игі істі қолға алып, осы орталықтың негізін қалап отырған Раушан Бүркітқызы өзі ұсынған жобаның маңыздылығын былайша алға тартады:
–Жалпы жоба екі бағытты қамтиды. Біріншісі – өмірде кездесетін қиын жағдайларды жеңуге көмектесетін орталық ашу, ал, екіншісі – мүмкіндікі шектеулі жандар арасында 16-45 жас аралығындағы жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбекпен қамтылуына жәрдемдесу. Алғашқысы ұзақ мерзімді сынақтан өтті. Осы кезеңге дейін 60 бала педагогикалық-психологиялық, медициналық-әлеуметік көмек алды. Соның ішінде ипотерапия сияқты терапияның басқа да түрлеріне көп көңіл бөлінді. Енді биылғы мақсат – қыркүйекте кем дегенде 44 жарымжан баланы қабылдап, оларға жәрдемдесу. Сонымен қатар, мүгедектерді қолөнерге, бағбандыққа, компьютер тілін үйренуге машықтандырып, сертификаттарын беріп, еңбек орындарымен келісіп жұмысқа орналастыру жоспарымызда бар. Яғни, бұл екінші бағытқа байланысты. Байқау кезінде осы талпынысымыздың барлығы ескеріліп, жүлделі орынға табан тіредік. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиясқар Төлендіұлы жобаның басымдықтарына ерекше тоқталып, ризашылығын білдірді. Бұл да бізді жігерлендіреді. Енді қаржыландыруға қол жеткізе алсақ, бұл жоба көп игіліктерге жол ашады деген сенімдемін.
Айта кету керек, жеңімпаздар алдағы уақытта республикалық байқауда бақтарын сынамақ.
Өз тілшіміз.