Қарасай жерінде тілсіз жауға төтеп беретін қорғаныс күшейіп, аудан аумағында тағы бір өрт сөндіру бекеті ашылды. Ерекше үлгідегі жаңа мекеме бұл жолы Жібек жолы ауылында бой көтеріп, өткен аптада қолданысқа берілді.
№16 деп аталатын депоның ашылу салтанатына арнайы түрде ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қатысты. Сондай-ақ Алматы облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Бақытұлы, аудан әкімі Жасұлан Естенов және ауыл тұрғындары қуанышты сәтке куә болды.
Ғимараттың ашылу рәсімінде алғашқы болып ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Сайранұлы сөз сөйлеп, мұндай нысанның бой көтеруі Президенттің Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған тағы бір маңызды қадам екенін жеткізді. Сондай-ақ ол өрт сөндіру бөлімі осы сәттен бастап 24/7 режимінде жұмысын бастайтынын және 40 мыңнан астам тұрғынның, одан бөлек бірқатар әлеуметтік-маңызды және кәсіпкерлік нысандардың қауіпсіздігіне жауап беретінін атап өтті.
– «Мемлекет басшысы әрбір ауданды, әрбір ауылды бөліп-жармай, барлық өңірлер қауіпсіздік тең дәрежеде болуы тиіс. Халық өздерін қауіпсіздікте сезіну керек» деген нақты тапсырма берген болатын. Сол тапсырманы жүйелі түрде орындап жатырмыз. Ең бастысы, бұл бөлімшеге қажетті штаб бөлінді. Енді 24/7 жауынгерлік кезекшілік атқарылатын болады, – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі.
Одан кейін министр Шыңғыс Әрінов осы нысанды салуға атсалысқан бірқатар азаматтың еңбегін елеп-ескерді. Атап айтқанда, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновті және Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Дидар Нұрақыновты «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапаттап, жұмыстарына лайықты баға берді. Сонымен қатар жаңа өрт сөндіру бекетінің жаттығу залын қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткен «АзияАгроФуд» АҚ Басқарма төрағасы Саян Әшеновке, сондай-ақ Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатовқа Алғыс хаттар табыс етті.
Шыңғыс Сайранұлы марапат иелерін құттықтағаннан кейін арнайы өрт сөндіру көлігінің кілті мен жаңа ғимараттың символикалық кілтін салтанатты түрде табыстады.
Сонымен қатар бұл шарада Алматы облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Бақытұлы сөз сөйлеп, жиналғандарды өрт сөндіру депосының ашылуымен құттықтады. Тілсіз жауды ауыздықтайтын бұл мекеменің маңыздылығын сөз ете келе, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтангазиевтің атынан №16 өрт сөндіру бекетінің бірқатар қызметкерін Алғыс хаттармен марапаттады.
Ақжарма ақтілектерге Жібек жолы ауылдық округінің ақсақалы Тасыбай Қалмұратов та ортақтасып, жұртшылыққа баталы сөзін арнады.
Одан кейін қадірлі меймандардың қатысуымен, жаңа ғимараттың лентасы қиылды. Келген қонақтар нысанның ішін аралап, техникалық жабдықтарымен танысты.
Жаңа депоның ішінде өрт сөндіру техникаларының арнайы тұрағы, диспетчерлік және қабылдау бөлмесі, қарауыл бастығының кабинеттері, оқу сыныптары, жаттығу залы, асхана, сондай-ақ киім ауыстыратын, жуынатын, демалатын арнайы бөлмелер мен психолог кабинеті қарастырылған. Одан бөлек тәулік бойы кезекшілік атқаруға қажетті инженерлік жүйелер ойластырылған.
Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов өрт сөндірушілерге арнайы жасалған осындай жағдайдың бәрін өз көзімен көріп, мұндай мүмкіндіктер олардың жұмысын жетілдіруге едәуір көмек болатынын айтты. Осы ретте ол оқу кабинетіндегі тілек кітабына ізгі ниетін жазып, әріптестерінің алдағы жұмысына тілекші екенін білдірді.
Жалпы бұл мекеме азаматтық қорғау жүйесін дамыту және халықтың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылған. Нысанның бой көтеруіне мердігер ұйым ретінде «MIR-a Construction» компаниясы жауапты болды. Ал құрылыс жұмыстары облыстық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылды. Нысанның жер телімінің аумағы 1,3 гектарды құраса, ғимараттың жалпы ауданы – 924,66 шаршы метр.
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Рахман Кәрімжанның сөзіне сүйенсек, жаңа өрт сөндіру бекеті Қарасай ауданы бойынша 13 елді мекеннің қауіпсізігін қадағалайды. Атап айтқанда, Жібек жолы, Жыңғылды, Көлащы, Тұрар, Құрқұдық, Қошмамбет, Ұлан, Береке, Елтай, Қаратобе, Исаев, Көкөзек, Жармұханбет ауылдары. Одан бөлек Іле ауданының өртке қарсы қызметіне де жұмылдырылады. Штат құрамында қазіргі уақытта 18 қызметкер болса, алдағы уақытта оны 30-ға дейін арттыру жоспарда тұр. Депо үш негізгі және бір қосалқы арнайы техникамен жабдықталған. Бұл бірден екі бағыт бойынша шұғыл түрде жолға шығуға мүмкіндік береді.
Салтанатты шара аяқтала салысымен біраз уақыт өткен соң, жақын маңдағы далалық аумақта өрт шыққаны туралы хабар түсті. Дабылды естігеннен кейін төтеншеліктер «Jibek joly 16» белгісі бар арнайы техникамен осы өрт сөндіру бекетінің тарихындағы алғашқы тілсіз жау алаңына аттанды. Абырой болғанда қызметкерлердің жедел әрекетінің арқасында оқыс оқиға бірден ауыздықталды. Осылайша қорғаныс күшінің әрекеті өз нәтижесін байқатты.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

