Адам өмірінде дене шынықтырудың алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты болады. Ата-бабаларымыз айтқан «Тәні саудың – жаны сау» деген қағиданы бекболаттық спортшы қариямыз дәлелдеген сыңайлы.
Әсте жетпіс бес жастағы адамды аяғын ілбіп басатын жасы ұлғайғандар санатына жатқызамыз ғой. Бірақ, бұл жастағылардың бәрі бірдей емес екен. Оған бекболаттық Бұлар Мирмановтың жүгіруден көптеген жарыстарда топ жарып, жанкүйерін желпіндіріп жүргені дәлел. Әншейінде сабырлы кейіптегі жан додалы жарыстарда қарсыластарына дес бермей, мойнына медальдарын іліп, мерейін асырып жүр.
Бұлар Алматайұлының спортпен айналысуы бала кезінен бастау алыпты. Мектепте қыста шаңғы, жазда түрлі спорт түрлерінен жарыстар жиі өтетін. Шынашақтай қара бала солардың бәрінен қалмапты. Намысшылдығы басым. Құрдастарынан жеңіліс тапқан күні жаттығып, ауланы дүбірлетіп тынбайды. Арманы асқақ болып, жетуге талпынды. Осы кезде үлкендер «Талабы бар бала. Осыдан бірдеңе шығады» дейді екен.
Қандай да бір жақсылыққа дәнекер, себеп болатын жайлар кездеседі ғой. Жеңіл атлетикамен айналыса бастау жайын өзі былайша әңгімеледі.
– Осы күрделі спортқа біржола келуіме мына жай түрткі болды. Өзім болмысымнан арық, бойым кішкентай бала болдым. Кіші сыныпта қатарластарымнан жиі жеңіліп қалатыным да жасырын емес. Мен Бірінші Май ауылындағы орта мектепте оқыдым. Шамамен 7-сынып оқып жүргенімде дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін жаңадан орналасқан Әлманқұл (тегі есімде жоқ) есімді мұғалім келді. Ол кісі өз ісін жанын беріп істейтін нағыз педагог деп айтар едім. Мектептегі барлық оқушылар дене шынықтыру сабағын жақсы көріп кетті, солардың ішінде мен де бармын. Ұстазымыздың талапшылдығы кейбіріне ұнай бермесе де, менің сол кісінің тапсырмаларын бұлжытпай орындауымның арқасында 8-сыныпта жүгіруге жарысқа қатыса бастадым. Қарап отырсам, уақыт өткен сайын жігерім жаңылғандай. Нәтиже жаман емес. Мектептегі спорт жарыстарында жеңімпаз атана бастадым, – дейді спортшы атамыз.
Бастаған ісінен қорытынды шығармаса, көңілінің хошы келмейтін жас орта мектепті жақсы аяқтап, 1963 жылы Ұзынағаш ауылындағы ауылшаруашылық кәсіптік-техникалық колледжіне (СПТУ) түскен. 1965 жылдың 17 қарашасында әскер қатарына шақырылған. Отан алдындағы борышын 2,5 жыл Ресейдегі Архангельск қаласында өтепті. Онда «авиамеханик» ретінде 9 ай оқып, тәжірибелі маман атанған. Осылайша, әскерде де жоғары шептен көрініп, тікұшақтар мен ұшақтарды құрастыруға атсалысады.
Ауылға оралған соң, бірнеше жыл әртүрлі салада жұмыс істеген. Десе де, жаны тәртіп пен талаптылықты сүйетін Бұлар атамыз 1972 жылдан бастап көршілес Жамбыл ауданындағы Ішкі істер басқармасына қызметке орналасқан. 1980 жылға дейін осы аймақта жұмыс істеп, одан кейін 1996 жылы Қарасай аудандық Ішкі істер басқармасына ауысыпты.
Бұлар Алматайұлы ұзақ жыл қоғамдық тәртіпті сақтайтын ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарды. Негізгі міндеті жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елдің тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау болғандығы белгілі. Жасыратыны жоқ, ел іші болған соң тәртіп бұзған тентек пен бұзақылық жасағандарды, мастарды, қылмыс жасап, жалтарғысы келгендерді ұстап, тәртіпке шақыру кезінде спортпен шұғылданатыны септігін тигізген.
– Мәселен, сен тәртіп бұзғандардың, соның ішінде қылмыс жасап, жалтаруға талаптанғандардың өзінен күшті болып, шапшаң қимылдамасаң, абыройсыздыққа ұшырауың бек мүмкін. Ерекше ескеретін жағдай, қоғамдық тәртіпті сақтау саласына қызметке алған кезде талапкердің спорттық дайындығына баса назар аударылады. Спорттық жетістіктерің ескеріледі. Бұл қызметке бару үшін негізінен спорттық жаттығулардан емтихан тапсырып, сынақтан өтесің. Спорттық жағынан дайындығың жоқ – «бос белбеу» болсаң, болмайды, опық жейсің, – дейді ішкі істер саласының тәжірибелі ардагері.
Иә, расымен кейіпкеріміздің спортқа деген біліктілігі жыл сайын шыңдала берді. Оның алдыңғы шепте жүретін талпынысы, басшылықтың назарынан да тыс қалмады. 1990 жылдың жаз айында ішкі істер саласының қызметкерлерінің арасында спорттық жарыстар өтіп, Бұлар атамыз сол кезде аудан абыройын қорғап бірінші орынды иеленді. 1996 жылы аталған салада құрметті еңбек демалысына шықты.
Яғни, саламатты өмір салтын берік ұстанған, өзіне спортты сенімді серік етіп, үнемі ортақ мүдде орайындағы жақсы істердің басы-қасында жүретін Бұлар Мирманов көп жастарға үлгі. Зейнетке шықса да жүгіріп, жүзуін тастамады. 2016 жылы Талдықорған қаласында, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған, Алматы облысы спорт ардагерлерінің IV жазғы спартакиадасындағы президенттік көпсайыстан өткізілген жарыста Бұлар Алматайұлы екінші орын алып, «Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының» грамотасы мен медаліне ие болды.
Көпсайысқа қатысушылардың көздеп атудан, граната лақтырудан, суға жүзуден, 60 метрге және 1 шақырымға жүгіруден бәсекеге түскенін атап айтайық. Міне, осының бәрінде де біздің қарасайлық ағамыз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Оның ішінде қысқа қашықтық пен марафондық жүгіруден де үнемі алдан көрініп келді. 2008 жылдан бері үздіксіз түрлі жарысқа қатысып, көптеген бәсекелерде аудан намысын абыроймен қорғаған ардагердің түр-тұлғасына қарап 75 жаста екеніне сену қиын. Тіл көзіміз тасқа!
2018 жылдан бастап суда жүзуді өзінің спорттық кестесіне кіргізіп, аптасына үш рет шұғылданады екен. Ал енді биылғы 5 мамыр күні Алматы қаласында өткізілген жүзуден ІV республикалық чемпионатқа қатысты. Бұлар атамызды ұйымдастырушылардың өзі іздеп шақырғанына қатты таң қалыпты. Жүзуден жоғарғы деңгейдегі Бұлар Алматайұлының алғашқы жарысы болса да жақсы нәтижеге жетіп, қола медалін иеленген.
Өткен ғасырдағы 1990 жылдан бері осы орайдағы көптеген жарыста жеңімпаз, жүлдегер атанған. Сөйтіп, талай-талай спорттық бәсекелерде аудан намысын абыроймен қорғаған.
Биыл ардақты атамыз жетпіс жасты алқымдап отыр. Осыған орай 14 мамыр күні Бірінші Май орта мектебінің алаңында Бұлар Алматайұлының мерейтойына орай аудандық және ауылдық әкімдіктердің қолдауымен, аталған мектептің ұйымдастырумен спорттық жарыс өтеді. Сайыста аудан мектептерінің 9-11 сыныптарының үздік спортшы оқушылары бақ сынасады. Атап айтқанда, қатысушы жас өрендер өз қабілеттерін бір орнынан қарғып секіру, 100 метрге және 1 километрге жүгіру, граната лақтыру кезеңдері бойынша сынады. Үздік нәтиже көрсеткен оқушылар марапаттарға ие болады.
Саламатты өмір салтын берік ұстанған, өзіне спортты сенімді серік еткен, үнемі ортақ мүдде орайындағы жақсы істердің басы-қасында жүретін Бұлар ағаға «Мерейтойыңыз құтты болсын, әрдайым жастарға осындай үлгі-өнегеңізді көрсете беріңіз, алда да биіктен табылып, тоқсан, жүзге де келіңіз!» демекпіз. Белсенді қарияға тек жеңіс тұғырынан көрініп, әрдайым жастарға осындай үлгі өнегеңізді көрсете беріңіз, демекпіз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.