Алматы облысының әкімі Амандық Баталов онлайн форматта осы аптаның сәрсенбісінде Жетісу жұртшылығының алдында есеп берді. Қашықтан өткен кездесу барысында аймақтың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші баяндалып, келешекте жүзеге асырылатын жұмыстардың реті айтылды.
Облыс басшысы сөз еткендей, қазіргі таңға дейін Жетісу жерінде атқарылған істер аз емес. Ел игілігі жолында жүйелі жұмыстар әлі де жалғасуда,
Амандық Ғаббасұлының есептік кездесуіне онлайн түрде қарасайлықтар да қатысты.
Аймақтың даму көрсеткішін алға тартқан облыс әкімі А.Баталов ағымдағы жылы Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын және 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асырудың жалғасатынын, онда экономикалық дамудың жоғары қарқынын қалпына келтіру, инвестициялар тарту және халықтың табысын ұлғайту бойынша нақты шаралардың айқындалғанын атап өтті. Сондай-ақ, осы міндеттерді орындау мақсатында жыл басында облыс аумақтарын дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданғанын да жеткізді. Есептік кездесуде партия Төрағасы, Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша аталған бағдарламаны іске асырудың «Жол картасы» әзірленгені айтылды. Осыған байланысты облыс әкімі орынбасарлары мен жауапты тұлғаларға, облыстық басқармалардың басшыларына, аудандар мен қалалардың әкімдеріне тапсырма жүктей отырып, бағдарламалық құжаттардың уақытылы әрі тиімді орындалуын, экономикалық өсу қарқынын қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдауды міндеттеді.
Қашықтан өткен жиын барысында біздің ауданға қатысты бірқатар мәселелер көтеріліп, олардың барлығы «ZOOM» платформасы арқылы жолданды. Мәселен, тікелей байланысқа шыққан СДУ-дің студенті, ерікті Аружан Мейрам Талдықорғанда жастарға арналған арнайы қызмет көрсету орталығы барын алға тартып, дәл осындай ғимараттар басқа да аудандарда салына ма деген сауалын қойған болатын. Жетісу өңірінің басшысы бұл сауалдың орынды екенін айтып, былай деп жауап берді: «Соңғы уақытта елдегі ахуалға байланысты аталмыш мәселе тоқтап қалды. Десе де, әр аудан орталығында жастарға қызмет көрсету орталығын салу – бастапқы жоспардың бірі. Қазіргі уақытта әкім орынбасарлары Лаззат Махатұлы, Рустам Әлиұлына тапсырма берілген. Аудандардағы Мәдениет үйінің ескі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жастарға қызмет көрсету орталығын салу жоспарда бар. Сонымен қатар, стационарлық HUB тұрғызу да қарастырылған. Бұл өз кезегінде жастар үшін өте қажет дүние екені сөзсіз».
Өз кезегінде Қаскелең қаласының тұрғыны, зейнеткер Әмина Абдраманова талайдан бері қаскелеңдіктерді мазалап жүрген «Өнер» мектебі мәселесін қозғады. Нақты айтқанда, қаладағы бұрынғы «ДОСААФ» мекемесі аудан теңгеріміне өткендіктен, осы ғимаратты «Өнер» мектебіне айналдырып, күрделі жөндеу жүргізуге облыс әкімінен қолдау сұрады. Амандық Ғаббасұлы осы мәселе бойынша өз ойын білдіріп, тиісті орынбасарлары мен жауапты басқарма басшыларына тапсырма жүктеп, өнер ордасының құрылысы үшін жобалау-сметалық құжаттамасына қажетті қаржы қарастырылатынын жеткізді.
Облыс басшысының онлайн форматта өткен кездесуінде көпшіліктің қызығушылығын тудырған кинематография саласы да сөз болды. Оған қатысты «Қазақфильм» АҚ-ның президенті, танымал режиссер Ақан Сатаев былай ұсыныс тастады: «Өз тарапымыздан түсірілген кинотуындылардың 70-80 пайызы Алматы облысында түсіріледі. Бұл жолы отандық кинематографияны дамыту мақсатында «Қазақфильм» киностудиясы Алматы облысы әкімдігімен бірлесіп Қапшағай су қоймасының жағасында «Кино полигон» құру жобасын жүзеге асыруға ниетті. Бұл жоба әрқайсысының ауданы кемінде 1000 шаршы метр болатын бірнеше түсірілім павильондарын, декорацияларды, 100-120 жатын орынға арналған қонақүй кешенін, дәмхананы және басқаларды қамтитын болады. «Кино полигон» киноиндустрияны, туризмді дамыту және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жақсы алаң болады. Сондай-ақ, түркі тілді мемлекеттердің қатысуымен кинофестиваль ұйымдастырсақ деген жоспар бар». Бұл ұсынысты Амандық Ғаббасұлы толық қолдайтынын айтып, бұл бастаманы «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-мен бірлесе отырып жүзеге асыруға болатынын жеткізді. Облыс әкімінің сөзінше, кино қалашықтың құрылысы отандық киноиндустрияның дамуына ғана емес, туристердің келуіне де ықпал етеді. Сонымен қатар, қаланың инфрақұрылымы республикалық, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды өткізуге толықтай сәйкес келгендіктен, фестивальді Талдықорған қаласында ұйымдастыруға болатынын да тілге тиек етті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.