Жуырда, аудандық Мәдениет үйінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен, латын графикасына негізделіп, жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобасын талқылау бойынша жиын өтті.
Шараға қала мен ауылдық округтердің және мемлекеттік мекемелердің тілге жауапты мамандары, тіл орталығы, білім, мәдениет саласының қызметкерлері, жастар қатысты. Жиынды модераторы ретінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ляззат Әуелбекова жүргізіп, тақырып аясында өз пікірін білдіруге келген басқосудың қонақтарымен таныстырды. Жиын барысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан филология ғылымдарының кандидаты Дана Пашан, С. Демирел атындағы университетінен филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Бота Хасен, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы тақырып аясында өз пікірлерін білдірді.
Жалпы, жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізілетін болды. Қатысушылар латын әліпбиіне өтудің маңыздылығы жайлы ойларымен бөлісті.
Тұтастай алғанда, латын әліпбиіне көшу – дұрыс таңдау. Жастар жағы латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез меңгеріп алады. Түбі бір түркі дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуге жол ашылады деген оймен басқосудың спикерлері жиынды қорытындылады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.