Өткен аптаның алғашқы күні Бекболат ауылындағы Қапал батыр атындағы орта мектепте аудан басшысы Жасұлан Естенов Бірінші Май ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, жергілікті халықтың өтініштерін тыңдап, сұрақтарына жауап беріп, ауылдың дамуы үшін алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Бұл жиында ең бірінші мәселе ауыз су тапшылығы назарға алынды. Нақтылай кетсек, Бекболат ауылының тұрғыны Бағашар есімді азаматтың айтуынша, жақында ғана жер сатып алған. Сол аумаққа өзінің жұмысын жүргізу үшін ауыз судың керек екенін жеткізді. Сонымен қатар ауылдың кіреберісінде орналасқан «Coca-Cola» зауытының жанындағы аялдамаға жарық орнатуын өтінді. Бұл ұсынысты тыңдаған Жасұлан Тоққожаұлы округ әкімі Елдос Мұқатаевқа осы жағдайды біржақты шешуін тапсырды. Ал су мәселесіне келетін болсақ, тұрғындарға сөз соңында жалпылама жауап берді.
Қайнар ауылының тұрғыны Айгүл Орысбекқызы жалпыға бірдей медициналық көмек көрсететін орталықта тиісті дәрігерлер жетіспейтінін айтты. «Медицина орталығы өте шағын, ауырып барып кезекте тұрып дегбірің қашады», – дейді ауыл тұрғыны. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі мамандандыру жұмыстары жүріп жатқанын түсіндірді. «Қайнар мен Бекболат ауылдарына 50 адамға арналған медициналық көмек көрсететін екі орталықтың құжаттамасы дайындалып, жоспар жасалуда. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары жүргізіле бастайды», – деді Жасұлан Естенов.
Ал Бекболат ауылының тұрғыны Жеңісхан мырза ескі әкімдік ғимараты ауыл балаларының және есірткі тұтынатын адамдардың сауық алаңына айналғанына алаңдаушылық білдірді.
«Кешкі уақыттарда балаларымыз сабақтан қайтарда сол ғимарат тұрған көшемен қайтады, балаларымыз қорқып келеді. Ал жас балалар болса, кешкі уақытта жиналып, мопед айдап, ауыл тұрғындарының тыныштығын алады», – деп ауыл тұрғыны қауіпсіздікті алға тартты. Бұл сұраққа аудан әкімі былай деп жауап қайтарды: «Ескі әкімдік ғимараттың жанындағы жерді кәсіпкерлер сатып алған. Сол адамдарды тауып, жерді мемлекет меншігіне қайтару көзделіп отыр. Одан кейін сол ескі нысанды жаңартып, Бірінші Май ауылдық округінің ең әсем жеріне айналдыру үшін жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Былайша айтқанда, үш ауылдың тұрғындары кешкі мезгілде келіп демала алатындай, балаларын ойнататындай көрікті жер болуы тиіс. Ал мопед айдайтын балаларға келсек, ауыл сақшысы сол балаларды тексеріп, тиісті жұмыстарды атқаратын болады», – деді Жасұлан Тоққажаұлы.
Жоғарыда айтып өткендей, су мәселесіне аудан әкімі жалпылама жауап қайтарды. Осыдан 10 жыл бұрын Қарасай ауданының халық саны 180 мың еді, ал қазір 350 мың адамға күрт көбейген.
«Біздің аудан өте киелі жер болғандықтан, халықтың көпшілігі бізге көшіп келіп, болашақ бастағысы келеді. 10 жыл ішінде халық санының екі есе артуы, қазіргі ауыз су, газ, жарық жетіспеу мәселесіне алып келді. Оның себебі жобаланған жарықта, газ бен ауыз су құбырлары да ескі толқында тұрғандықтан, бәріне бірдей жеткізілу үшін біраз уақытты талап етеді. Сонымен қатар, «Қаскелең су топтамасы» жобасы арқылы ауылдарға таза су кіргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда биыл бірден шешілетін нәрсе емес екендігін айта кету керек. Сондықтан сабыр сақтап, қолымызда бар ауыз су мөлшерін қолдана тұруға мәжбүрміз. Қаңғыған иттер мен ауылдың қоқыс-қалдықтарын жинау бойынша тиісті мекемелер өз жұмыстарын атқаруда. Сол қаңғыған иттер мен қоқыстар – өздеріңіздің ауыл тұрғындарынан туындаған мәселе. Сол себепті тәрбиені әркім өз отбасынан бастаған жөн. Балаларыңызға қоқық қалдықтарын шашпауды үйретсеңіздер және үйге асыраған иттерге ие болсаңыздар, бұл мәселелер өз ретімен шешілер еді. Дегенмен де осы жиналыста ескерілген барлық мәселелер бойынша тиісті мекемелер өз жұмыстарын атқарады», – деді жиын соңында аудан әкімі.
Шұғыла ТЫНЫС.