Дәл осы күні түстен кейін «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Әшімбай қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың шешімін таппаған ауқымды сұрақтарына жауап берді. Аталмыш жиынға қаралатын мәселелер бойынша ауылдық округтердің әкімдері және тиісті бөлім басшылары қатысты. Ауыл тұрғындарының өтініштері бойынша бірнеше түйіткілді мәселелер қозғалып, кейбір шаруалардың түйіні шешілді. Нақты айтқанда, қабылдауға жазылған азаматтардың басым көпшілігі жер телімдерінің мәселесімен келген. Мысалы, Әйтей ауылының тұрғыны Магаз Ермағамбетов пен Жаңашамалған ауылының тұрғыны Гүлсінай Сырлыбай үйлерінің құжаттарын заңдастыра алмай жүргендіктерін айтып көмек сұрады. Оған аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Омар Жұматаев нақтылы ақпарат беріп, дұрыс жол сілтеді. Ал, Жәмила Убайдуллаева Көлащы ауылындағы мектепке баратын жолдың мүлдем нашар екендігін айта келе, көктем шыға ол оқу орнына қатынау оқушылар емес, үлкен адамдарға да қиындық туғызғандығын тілге тиек етті. Бұл шағымды тыңдай келе Алмасбек Рзабекұлы объектіге барып көрмей ешқандай шешім шығару мүмкін еместігін айтты. Келесі аптаның аяғына дейін тиісті бөлім басшыларымен бірге барып ол жолдың мәселесін сарапқа салатын болады. Ал, Шамалған ауылының тұрғыны Билор Айдинов болса жер телімін алғаннан кейін құжаттарын мүлдем реттемегендіктен, бірқатар қиындықтар туындаған. Оның мәселесі де басты назарға алынып, ақпараттандырылды. Қаскелең қаласының тұрғыны Ұлтуар Дүйсенғалиева болса қалалық қоғамдық көліктің маршрутына байланысты өзгертулер енгізуді сұрады. Себебі, Мақашев көшесінің соңына жетпей айналып кететін автобустың сол жақ бағытта жүруін сұрады. Одан бөлек, жиын барысында Қазақстан азаматтығын алуға қатысты сұрақтар қойылды.
Жоғарыда айтылған бірқатар мәселелерге тиісті бөлім басшылары өз жауаптарын берді. Сонымен қатар, округ әкімдері өз тұрғындарының өтініштерін ескеріп, мүмкіндігінше шешімі табылатындарын да атап айтты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.