Иә, мынау бір қонақ болып қана келер жарық дүниеде туған жеріңе, өскен ортаңа жетер, тең келер ештеңе жоқ! Саф ауасымен демалып, мөлдір бұлағынан дәм татып, жасыл құрағына аунап өскен қастерлі топырақ қашан да жанарыңда, үліпіл қаққан жүрегіңнің төрінде мөлдіреп қана тұрады. Оған бар жаныңмен елжіреп қана көзіңді алмай қарай бергің келеді, қарай бергің келеді. Біздің мақтанышымыз, мәртебеміз, қуанарымыз, жұбанарымыз – Тәуелсіз туған Отанымыз! Биыл құрылғанына отыз екі жылға аяқ басқан Тәуелсіз мемлекетіміздің көтерген шаңырағы, тіккен отауы, жаққан оты, зеңгір көкке қарай көлбеп жатқан көк түтіні шалғай ауылдардан бастау алып жатқаны анық. Біздің көзімізді ашқаннан көрген жеріміз, ізгіліктің дәнін терген еліміз – әйгілі Хантәңірі –Тәңіртауының етегі, ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан құтты қоныс мекені! Райымбек ауданының аумағындағы Төте деп аталатын шағын асудан өткен жерде, қастерлі Сүмбенің жерінде, айнадай жарқырап жататын Тұзкөлдің тұсында көкке шаншыла көз тартатын Хантәңірі шыңына ең алғаш таңдана қарағаным есімде. Шын мәнінде, асқақ шың әр күн сайын көзге түсе бермейді. Оның басын көбінесе аппақ бұлттар орап жатады. Күн бұлтты күндері мүлде көру мүмкін емес. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ, ару күніміз төбеден шуағын шашып қана тұрған әдемі сәттерде ғана Хантәңірі теңіз деңгейінен 7000 метрге дейінгі биіктікте асқақтай көз тартып тұрады.
Шыңның мен ұнатамын биіктігін,
Шырқай кеп шыңырау көктен сүйіпті Күн.
Түндігін түртіп тұрған көк аспанның,
Қанеки, Хантәңірінен иықты кім?! – деп өлкемізден шыққан жиырмасыншы ғасырдың таңғажайып ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағанындай, Тәңіртаудың баурайы бір жағы Қытаймен, екінші жағы Қырғызстанмен, қастерлі топырағымызда Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарының аумағымен шектесіп жатқан ғажайып сұлу өлке. «Албан – менің елім, Қарқара, Сарыжаз – менің жерім, жайлауым – Асы, қыстауым – Алматы суының басы» – деп айтып кеткен Райымбектей батыр бабаларымыз найзаның ұшы, білектің күшімен қорғап, болашақ ұрпағына аманаттап кеткен қасиетті жер. Құтты қоныс, жылы ұя, ыстық мекен! Ұлы таулар ғана қоршап жатқан қастерлі өлкенің күні нұрлы, кеші ғажап. Жаз маусымында құшағынан ұлттық сусынымыз қымыз бен сан түрлі қырмызы гүлдің иісі аңқып тұратын таулы өңірдің таңы арайлана атып, күні шырайлана шығып, айы оңынан ғана туып жатады.
Таулы өлке туралы ойлап кетсең, Шалкөде, Шұбартал, Көккемер, Сырт секілді жайлаулары ойыма орала береді. Гүлдері ерке самалмен тербетіліп, мөп-мөлдір бұлақтары сыңғыр қаққан жасыл мекеннің жылы құшағы әрдайым өзіне баурай тартып жатады. Оған деген мауқың басылмайды, сағынышың сарқылмайды. Киелі жерден құт кеткен емес. Ырысы шалқып, берекесі артып, мерекесі жарасып жататын жайлауды мекен ететін ағайындардың жүздері қыр гүліндей шырайлы, келбеттері тауларындай ажарлы да асқақ. Ән мен жырға арқау болған атақты хан жайлау Қытай шекарасына жақын. Солтүстігі Кетпен тауы болса, шығысы Айғайтас пен Құмбел асуы, оңтүстігі Шәлкөде таулары мен Елшенбүйрек, Лабасы тауларына ұласып кетеді.
Шалкөде екі таудың арасында,
Екі өзен тулап жатыр сабасында.
Жалғанда гүл біткеннің бәрі осында,
Жалғанда шөп біткеннің бәрі осында,
Адамға шипа болар дәрі осында, – деп Мұқағали жырлағандай, Аспантаулар өлкесіндегі хан жайлауларымызға, бал жайлауларымызға көрік берген қарлы таулардың, сап түзеген шыршасы мен бұрқыраған аршасына толы өңірдің құшағы байлығына толы. Алтыны да, көмірі де, темірі де бәрі-бәрі құтты қойнауында құндақтаулы жатыр. Басын аппақ қар мен аппақ бұлттар ажарлаған биік таулары мен ну ормандары Қызыл кітапқа кірген аңдар мен өсімдік әлеміне бай. Ақиық ақынымыз айтқандай, адамға шипа болар, сырқатына дәру болар емдік қасиеті жетерлік шөптер аяғыңа оратылып жатады. Көрген кезде көзіңді баурай тартып, таңдайыңа салып тамсай бергің келетін, қауызына мөлдір шық ұялаған, қып-қызыл уылжып тұрған бүлдіргені мен қарақаты, түрлі жеміс ағаштары осынау ғажайып өлкенің табиғи байлығының бір парасы. Оның қызығын көретін, тосап жасап алып, ақ дастарханын жайнатып қоятын ағайын баршылық. Сонау тоқсаныншы жылдардан кейін құшағы құлазып жататын жайлауларымыздың тұла бойына нәр жүгірді, өңі кірді. Өзіндік жөн-жоралғысы жалғасып жататын малшы қауымның игілігіне айналды. Оның сыртында ел көшін бастаған азаматтардың қолға алуымен қымызмұрындық, ат бәйгесі, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу секілді ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырды. Ықылым заманнан берекелі жайлауларымыздың күн нұрымен албырап жатқан құтты құшағы мерекелі дүниелерімен астасып, сәні мен салтанаты артты. Бұған қуанып жүрген жайымыз бар. «Жер жаннаты – Жетісу, оның төрі – Нарынқол!» – деген қанатты сөз бұрыннан бар. Қайта қалпына келген Райымбек,Кеген ауданы десе, біз сөз еткен Шалкөде жайлауы көз алдыға келе береді.
Хантәңірі шыңының етегіндегі Нарынқол – Текес өңірі мемлекеттік шекарамыздың шетіне орналасқан. Қытай мен Қазақстанның шекарасы бұл ғажайып өлкеде Хантәңірі шоқысынан басталып, Алаайғыр-Сайқал асуының қырқасымен Нарынқол ауылын жанап өтіп, шығысқа қарай созыла береді. Текестің өңірі Нарынқол, Байынқол, Үкірші, Дараты, Өмеке, Дегерез, Лабасы секілді тамаша жерлерімен көркін аша, жанарыңды баурай түседі. Байынқолдың ең басында Дөңарша, Алтынкен, Жарқұлақ атты жерлер бар. Аты айтып тұрғандай, Тәуелсіз мемлекетіміздің қаражат қорын алтынмен де әспеттеп жатқан қастерлі жер. Жабыр мен Сарыбастаудың, Үш Қақпақтың өңірі, сай-саласы ата-баларымыздың мекені. Атақты Қарқара көтерілісінің көсемдері Ұзақ пен Жәмеңкедей бабаларымыз киелі қоныс еткен өлке. Сол үшін де ыстық, сол үшін де қымбатты. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өнеге, тәлім мен тағылым. Үш қақпақтың өңірі Сулышатқалдан басталып Шалғынбай, Шарынбай, Көкбел, Көксай, Елібай, Қарабатыр, Қарасай секілді жақұт жер, шырайлы да шұрайлы жайлаулармен көрікті. Күн шығыс жақта Сүмбе ауылы бар. Сүмбе – өзеннің және таудың аты. Сүмбенің арынды тау өзендері Текес өзенін толықтырып жатады. Атақты Ойқарағай жайлауы осы жақта. Құшағы шырша мен аршасына, ну ормандарына, бал бұлақтары, жасыл құрақтарына толы Ойқарағайдан көмір кенішінің табылып, ел игілігіне айналғанына отыз жылға тарта уақыт болды. Сарыбастаудың өңірін Белбұлақ, Жанқойлық, Есекартқан, Шартас, Бұрлы, Қарабастау, Жабыр Қараой, Бөрібасы және Жабыр қырқалары көрік бере көмкеріп тұр. Шалкөде мен Текес өңірінің бел ортасында Тұзкөл орналасқан. Аты айтып тұрғандай, онда қабат-қабат мұз шөгіп жатыр. Тұзкөлдің солтүстік батысында Елшенбұлақ тауына тірелген жерде Тоғызбұлақ атты емдік қасиеті мол арасан бар. Жалпы, таулы өлкеде емдік шарапат-шапағаты жетерлік арасандар жетіп-артылады. Бұл да осынау ғажайып мекенің бір жақсылығы. Жаз маусымында Аспантаулар өлкесіне, Шалкөде мен Шұбарталға, Көккемерге, Шоғансай мен Хантәңірі шыңының етегіне дейін келетін, сұлу табиғат төрінде демалып қайтатын қонақтар, туристер аз емес. Қайта қалпына келген Райымбек ауданы тарапынан Алтынкенге дейінгі жолдарды жасаудың қолға алынғаны сүйінішті. Өйткені, Байынқол, Алтынкен, Жарқұлақ арқылы Хантәңірі шыңының етегіне дейін барып қайтқысы келетін жандар аз емес.
Қастерлі де қасиетті, кереге таулы Кеген өңірі де туризмнің бір Отаны іспетті. Әйгілі Шарын шатқалының сілемдері, Шарын өзені осы өлкеден бастау алып жатыр. Шалкөде, Қарасу, Кеген, Қарқара, Шырғанақ секілді көптеген тау өзендерінің сулары жиылып, Шарын өзенін құраса, оның бас жағынан «Ғасыр құрылысы» атанған Мойнақ су электр стансасы салынды. Жалпы, алдағы уақытта Шарын мен Мойнақтың атырабы үлкен демалыс-сауықтыру орталығына айналады. Көрікті Көлсайға дейінгі жол жасалды. Жан жұбаныш, көз қуаныш. Көлсай көлдерінің заңғар биік тауларын қар барысы мекендейді. Қызыл кітапқа кірген аңдар мен құстардың, өсімдіктердің дені осынау өңірде. Бұл да Хантәңірі баурайынан басталатын таулы өлкенің бір ерен ерекшелігі. Кеген ауданындағы Қарқара десек, хан жайлау, осы аттас Қарқара көтерілісі, халықаралық маңызы болған Қарқара жәрмеңкесі, Ұлт азаттық көтерілісінің белгісіндей Ереуілтөбедегі еңселі ескерткіш бәрі-бәрі көз алдымызға келе береді. Алғабас, Жалаңаш өңірлерінде, Торайғыр секілді көптеген тауларында таңбалы тастар мол. Ежелгі Үйсін мекені болғандығынан хабар беретін жәдігерлер қаншама?! Жалаңаш десек, ән мен жырға арқау болып қалған Үш Меркі өңірі, оның мөлдір бұлақтары ойымызға орала кетеді. Тамаша өлкеден әрдайым жаныңа нәр табасың. Көңілің ғажайып күйге бөленіп, жүрегің маржан жырға кенелгендей сезімдерге беріліп кетесің.
«Айналайын! Атамекен, Ақ мекен! Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!» – деп Мұқағали жан-жүрегімен жырлағанындай, киелі жер, құтты қоныс, қастерлі мекен! Оның құшағынан ешқашан кеткің келмейді. Сұлу төрін көрген сайын көргің келе береді. Бұл Атамекеніміздің шапағаты. Санасаң саусағың жете бермес ақындар мен батырларын, академик ғалымдарын, өнер тарландарын, спорт саңлақтарын тамаша тарту еткен қасиетті жердің жақсылығын кім ұмытар?! Жадыңда, жанарыңда, жүрегіңде ғана тұрар ақ мекен, көркем өңір, әсем өлке өсер ұрпағына да нұрын сыйлап, ғасырлардың көшінде жасанып, жайнап, жаңғыра берсін!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.