Қарасай өңірінде спортқа жаны құмар аудан жасөспірімдерінің ішінен «Муай тай» жекпе-жегін еркін меңгеріп, түрлі аймақтық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүргендер аз емес. Жақында осындай жас спортшылармен қатары толыққан Жамбыл ауылындағы №1 орта мектептің ұл-қыздары облыстық чемпионатта бақтарын сынап, үздіктердің арасынан көрінді. Шәкірттерін шыңдауды мақсат еткен жаттықтырушы – Бауыржан Баймұхамбетовтың алға қойған мақсаты жетіп артылады. Айтуынша, республика көлеміндегі жарыстардан топ жарып, спорт жағынан аудан атын шығарып жатсақ, ол да біз үшін жетістік, дейді.
Біз айтып отырған облыстық «Муай тай» жекпе-жегінен үздіктер деп танылған оқушылардың арасында Бауыржан Нұрбек, Сибель Ахметова, Ясмин Нұри, Темірлан Мәлік сынды болашақ чемпиондар бар. Әрқайсысы түрлі салмақ дәрежеде өнер көрсетіп, бірінші орындарға ие болды. Жақында осы жас спортшыларды жеткен жетістігімен округ басшысы Тұрарбек Ташов арнайы құттықтап, өз атынан Алғыс хат пен сый-сияпатын табыс етті.
Жалпы, оқушылардың осылай түрлі жарыстарда қанаттанып, шыңдалуына қолдау білдіретін мектеп басшылығы мен ата-аналардың ықпалы зор деп білеміз. Осы ретте жаттықтырушы әрі жоғарыда аталған мектептің мұғалімі Бауыржан Баймұхамбетов өз атынан және шәкірттерінің атынан білім ұясының директоры Динара Әділбекқызына ерекше алғыстарын, ризашылықтарын білдірді.
Келешекте жасөспірімдердің жеңісті жолы жарқын болып, спорттық бәсекеде бақтары жана берсін дегіміз келеді.
Өз тілшіміз.