Ел дамуына тікелей қатысы бар бір сала болса, ол – құрылыс. Бұл бағытта табандылық танытып жүрген жандардың еңбегін ешқашан жоққа шығара алмаймыз. Өйткені олардың төккен тері мен жұмысының нәрлі нәтижесі қоғамға айшықты түрде көрініп тұрады. Сондықтан оларға қаншама мақтау-мадақ айтылса да жарасымды.
Осындай саланың жүгін арқалап жүрген мамандарға құрмет ретінде біздің елімізде Құрылысшылар күні аталып өтіледі.
Айтулы кәсіби мереке 1998 жылы Президент Жарлығымен ресми түрде бекітіліп, жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісіне белгіленді.
Міне, осы уақыттан бері Қазақстанда құрылысшылардың еңбектері одан сайын ерекше дәріптеліп, жасаған жұмыстарына көңіл бөлініп келеді.
Жауапкершілік пен ұқыптылықты бойына жинаған құрылысшылардың кәсіби мерекесін ескере отырып, газетіміздің осы санында «Асан М Компани» ЖШС жайлы сөз қозғауды жөн көріп отырмыз. Аталмыш компания Қарасай жерінде ғана емес, еліміздің басқа да қалалары мен өңірлерінде жемісті жұмыс істеп келеді.
Құрылыстың қыр-сырын жетік меңгерген бұл мердігер мекеме нарықтық бәскеге 2007 жылы аяқ басып, бүгінгі күнге дейін түрлі нысанның бой көтеруіне ықпал етіп келеді.
Компанияны алғашында білікті құрылысшы, еңбекқор Жақсылық Макулов өзі ашып, 10 жылдан астам жетекшілік етті. Құрметті еңбек демалысына шыққан соң, компанияның тізгінін өзінің атұстары Жеңіс мырзаға тапсырды. Алайда өзі әлі күнге дейін әріптестеріне ағалық ақылын, көрегенділік кеңесін бөлісіп отырады.
Ал Жеңіс Жақсылықұлы 2018 жылдан бері өзіне сеніп тапсырылған серіктестікке жетекшілік етіп, күні бүгінге дейін абырой биігінен көрінуге тырысып келеді.
Әке жолын жалғаған Жеңіс аға да құрылыстан алыс емес азаматтың бірі. Жалпы еңбек өтілі 18 жыл болса, соның 16-ын осы салаға арнап, әлі де бұл бағытта табандылық танытуда. Бүгінгі таңда компанияны байыпты басқарып, көптеген еңбекқор жандарды жұмыспен қамтып отыр.
Мердігер мекеме күні бүгінге дейін құрылыс нарығындағы тәжірибесінің арқасында кез келген нысанның іргетасынан бастап толықтай бой көтеруіне жауапты. Тіпті, түрлі күрделі жөндеумен айналысып, көше бойын абаттандырып, осы уақытқа дейін бірнеше қабатты тұрғын үй кешенін де салып үлгерді.
Одан бөлек әлеуметтік ғимараттардың да қалыптасуына да қауқары жеткілікті. Бұл жұмыстардың нәтижесінде тапсырыс берушілердің тарапынан алған алғысы да, халықтың берген бағасы да аз емес. Өйткені сапаға мән беріп, мерзімнен кешікпеуді мақсат тұтады. Осындай жобалардың сәтті шығуынан кейін әрдайым мемлекеттік сатып алулар мен тендерлерде белсенді әрекет етіп, көптеген нысанның пайда болуына ықпал етуде.
«Асан М Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20 жылға жуық құрылыс саласында жемісті еңбек етіп, бірнеше облыс пен Алматы, Талдықорған сияқты өңірлерде қарқынды жұмыс істеуде. Осы уақыт аралықта Жетісу облысынның Панфилов ауданы мен оның айналасындағы қала мен ауылдарда, сондай-ақ Алматы облысының аумағындағы Іле, Балқаш, Райымбек, Талғар, Кербұлақ, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарында қолтаңбаларын қалдырып, жалпы алғанда 100-ден астам ғимараттың қазығын қағып, сәулетін жарастырған. Атап айтар болсақ, қаншама білім ошақтарын, мәдениет үйлерін, спорт кешендерінің құрылысына жауапты болған.
Сонымен қатар денсаулық сақтау саласына қатысты бірнеше нысанның бой көтеруіне ықпал етіп, фельдшерлік-акушерлік пункттерді ел игілігіне тапсырса, одан бөлек ветеринариялық және жергілікті ауылдардағы полиция пунктерін салған.
Солардың ішінде кейбіріне тоқталар болсақ, аталған компания алғаш құрылыс нарығына аяқ басқанда Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылында «Альянс банк» филиалының ғимаратын салса, дәл осы жылы аталған қаржы ұйымының тағы бір мекемесін Талғар қаласында пайдалануға берді. Одан кейінгі жылдары Кербұлақ ауданында Дінмұхаммед Қонаев атындағы спорт кешенін ел игілігіне тапсырды.
Ал 2012 жылы осындай спорт нысанының бірін сол жылдары Алматы облысының орталығы болып тұрған Талдықорған қаласында салды. Одан бөлек осы қалада облыстық прокуратураның ғимаратын күрделі жөндеу жүргізіп, мекемені жаңаша кейіпте қайта жаңғыртты.
2023 жылы Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Қызылшекара ауылында 60 адамға арналған спорт кешенін салды (1-сурет). Сондай-ақ Жетісу облысы Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласында 60 пәтерлі тұрғын үй кешенін тұрғызды (2-сурет). Одан бөлек Балқаш ауданының Бақанас ауылында бес қабатты тұрғын үйлер салып, осы елді мекендегі орманшыларға арналған әкімшілік ғимаратын халықтың қолданысына берді.
Жалпы айтқанда, «Асан М Компани» серіктестігі мердігер мекеме ретінде Қазақстанның әрі өңіріндегі әлеуметтік нысандардың нық тұруына, ғимараттардың сәулетті әрі сәнді қалыптасуына бар күшін салып келеді.
Осы ретте «Асан М Компани» мекемесінің Қарасай ауданында да қарқынды жұмысқа кіріп жатқанын айрықша атап өтсек болады. Атап айтқанда, «Алматы-Бішкек» тасжолының бойындағы Әйтей ауылындағы бұрынғы мектептің маңындағы 50 сотық жер теліміне Мәдениет үйін салуда (3-сурет).
Өнер ошағының құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған. Қазіргі таңда іргетасы толық қаланып, басқа да тиісті жұмыстарына күш жұмсалуда. Аталған Мәдениет ордасы 200 адамға арналған. Жоспарға сәйкес осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы ауыл халқы үшін қуанышты жаңалыққа айналмақ. Өйткені ауылға қажетті Мәдениет үйін осы уақытқа дейін жергілікті халық талай рет мәселе ретінде көтеріп келді. Енді, міне, аудан әкімінің қолдауының арқасында Әйтей ауылында жаңа нысан бой көтеріп келе жатыр.
Жоғарыда атап өткендей, аталған ауқымды жұмысқа «Асан М Компани» ЖШС тікелей жауапты. Бүгінгі таңда құрылыс алаңында мердігер мекеменің қажетті техникалары мен білікті мамандары қажыр-қайраттарын жұмсап, межелі міндетке сай жұмыс істеуде.
А
талған мекеменің 20 жылдық құрылыс нарығындағы еселі еңбегі мен нәтижелі жұмысы әрдайым лайықты бағасын алған. Мәселен, қай өңірді немесе қай ауданды алып қарасақ та жергілікті әкімдіктің басшылығы тарапынан құрметке бөленіп, Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарына ие болып келеді. Оның бәрі, әрине, жұмысты жүйелі жүргізіп отырған компания басшысы Жеңіс Жақсылықұлының арқасы деп білеміз. Сондықтан мақтау-мадақтың қай-қайсысы болсын алдымен сол кісіге берілетіні анық. Жеңіс мырза әкімдердің ізгі ілтипаны ие болумен қатар, түрлі мерекелік төсбелгілердің де бірнешеуін алған.
Ал ең басты жетістерінің қатарында 2023 жылы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінен және 2024 жылы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінен алған Алғыс хаттар бар. Әрине, осы жеткен жетістіктің бәрі еселі еңбек пен тіршіліктегі табандылықтың нәтижесі екені анық.
Иә, құрылыс саласының қарқынды дамуы экономиканың өсуіне, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға алып келеді. Ал бұл тұрғыдан алғанда, «Асан М Компани» серіктестігі негізгі бағытынан жаңылған емес деген ойдамыз. Мұндай жауапкершіліктің артында бірлігі жарасқан ұжымның ұйымшылдығы тұр.
Бүгінгі таңда бұл компанияда басшылық құрамнан бөлек 50 шақты білікті маман қызмет етуде. Оның ішінде 8-і инженерлік құрам болып табылады. Әрбірі – өз ісіне жауапты, маңызды мамандықтың иелері.
Білім мен шеберлік шыңдалған мекеменің құрылысшыларына таусылмас күш-қайрат пен сарқылмас төзімділік тілейміз! Келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Құрылыстарыңыз қарқынды түрде жүзеге аса берсін!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

