Жатыр мойны қатерлі ісігі – дүниежүзі бойынша әйелдерде ең жиі кездесетін онкологиялық аурудың үштігіне кіретін қауіпті дерт. Көбінесе жатыр мойнының обырына 45-50 жастағы әйелдер шалдығады. Алайда әлем онкологтары кейінгі жылдары ауру жасарып, тіпті жыныстық қатынасқа түспеген 16-18 жастағы жас бойжеткендерден де анықталып жатқанын айтуда. Мәселен, жыл сайын дүниежүзінде жарты млн-ға жуық нәзікжанды аталған қатерлі ісікке шалдықса, 250 мыңдай келіншек одан көз жұмады.
Адам шошытарлық статистиканың біздің елдегі жағдайы да мәз емес. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда әйелдер арасындағы онкологиялық дерттер бойынша жатыр мойнының обыры саны жағынан сүт безінен кейін екінші орында тұр. Жылда елімізде қатерлі ауруға шалдыққан 1700-ден астам әйел адам тіркелсе, оның жартысы, яғни 600-дан астамы дерттен айықпастан, қайтыс болуда. Біздің ауданымыздың өзінде мамандардың айтуынша, соңғы жылы өсім байқалған. Нақтырақ айтқанда, статистика бойынша, ауданымызда 2022 жылы 21 науқаста осы дерт анықталып, оның 13-і қайтыс болған. Ал 2023 жылы 32 науқастан анықталып, төртеуі дерттен айыға алмаған. Осы ретте бүгінде елімізде аталмыш дертке қарсы апталық жарияланып, оның аясында ауданымыздың клиникалық көп бейінді орталық ауруханасында «Ашық есік күні» өтуде.
Бір апта бойы өтетін шара барысында онколог, гинеколог секілді ауданымыздың дәрігерлерінен қарасайлық қыз-келіншектер жатыр мойыны обыры және қатерлі ісіктен сақтану жайында кәсіби кеңес алып, скрининг және ақысыз зертханалық тексеруден өте алады. Дәрігерлердің айтуынша, тұрғындар өз денсаулықтарына бей-жай қарап, тексерістен өтуді әрдайым кейінге қалдыратындығынан дертті асқындырып алып, ем әсер етпейтін кезде ғана дабыл қаға бастайды. Ал оларды аман алып қалу мүмкін емес болып отыр.
– Ауданымыздың статистикасына мән берсеңіздер қауіпті дертке шалдығатындардың саны артып келе жатқанын байқауға болады. Ең қиыны ауыратындардың арасында жастардың қатары көбеюде. Өте жасырын болып табылатын жатыр мойны обыры бастапқы кезеңдерінде ешқандай белгілерді көрсетпеуі мүмкін. Сондықтан әйелдер тек ауру әбден асқынып, айналасындағы ағзаларды қысып, ауырта бастағанда ғана дәрігерге жүгінеді. Өкінішке қарай, дерттің соңғы кезеңі емдеуге келмейді. Мәселен 2023 жылы скрининг тексерілуінен аудан бойынша 9768 әйел өтіп, соның ішінен 690 науқастан обыр алды ауру анықталып, онкологиялық аурудың алдын алу бойынша ем қабылдады. Сонымен қатар 5 науқаста ерте сатысында жатыр мойнының қатерлі ісігі анықталды, қазіргі таңда олар радикалды ем алып, белсенді динамикалық бақылауда тұр.
Жалпы кез келген ауруды емдегеннен гөрі алдын алған әлдеқайда тиімді болып есептеледі. Сондықтан біз ауданымыздың қыз-келіншектеріне аурудан аулақ болу үшін иммунитетті көтеріп, жыл сайын дәрігер қарауынан өтіп отыруға шақырамыз, – дейді аудандық клиникалық көп бейінді орталық ауруханасының дәрігер-онкологы Балнұр Жұмағұлова.
Мұнан бөлек шара барысында дәрігерлер алдағы уақытта елімізде қолданысқа енгізілетін арнайы вакцина жайлы да мәлімет беріп өтті. Себебі бүгінде жатыр мойны обыры вакцинасы бар жалғыз қатерлі ісік ауруы болып отыр. Тұқым қуаламайтын дерттің негізі этиологиясы адам папиллома вирусы екені ғылыми түрде дәлелденген. Елімізде осы жылдан бастап, 11 жастан асқан жасөспірімдерге егілетін екпе осы вирусқа қарсы егіледі. Вакцинаның бұл түрі қыз балалардың денсаулығына ешқандай кері әсері жоқ. Қыз балаларға ата-анасының рұқсатымен ғана салынады.
Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетованың мәлімдеуінше, биыл вакцинаны сатып алуға 9 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл сомаға шамамен 350 мың дозасы алынады. Алайда қаражат көлемі өсуі де мүмкін. Қазіргі жоспарға сай екпені 175 мың жасөспірімге салу көзделіп отыр.
Адам папиллома вирусына қарсы вакцина дамыған елдер тәжірибесінде біраз уақыттан бері бар. Мәселен, Аустралия бұл екпені 2007 жылдан бастап қолға алды. Оны жылдың ішінде олар өз елдеріндегі адам папиллома вирусына шалдығу деңгейін 22 есе, ал жатыр мойны ісігіне шалдығу көрсеткішін 50 пайызға, қазір тіпті 70 пайызға төмендеткен. Бүгінде онда 100 мың адамға шаққанда жатыр мойны ісігіне шалдығудың 5 дерегі тіркеледі. Аустралия тәжірибесінің ізімен көп ел, оның ішінде АҚШ, Канада, Еуропа елдері, Жапония да қыз балаларды HPV-ға қарсы вакциналауды жүргізіп келеді. ТМД елдерінің ішінде Өзбекстан, Армения және Түркіменстанда бар.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.