Еліміздегі дін жағдайын әңгімелегенде жастар туралы айтпай кету мүмкін емес. Қазіргі уақытта жастарымыздың дінге деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Кез келген діни ғимаратқа кіре қалсақ, ондағы жастардың көп екенін көруге болады. Бұл дінді ұстанушылардың басым бөлігін жастар құрайтындығын көрсетеді. Бірақ, жастар дәстүрлі діни бірлестіктерге барып тұрса ғана ғой, олардың дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалына түсіп кететіндері де бар. Осы ретте елімізде дін мәселелері жөніндегі түсіндіру топтары құрылған болатын. Аталған ақпараттық топтар облыс орталықтары мен аудан-қалаларды және шалғай ауылдарды аралап, халықпен кездесулер өткізіп жүр. Сондай шаралардың бірі жуырда біздің ауданымызда да ұйымдастырылды. Сонымен дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы аймақтағы діни ахуалды көзбен көрді, халықпен кездесіп, проблемаларын тыңдады. Республикадан келгендердің ішінде аталған саланың жетекші сарапшылары бар. Олардың қатарында дінтанушы, философия институтының ғылыми қызметкері, PhD докторы Алмасбек Шагирбаев, дінтанушы, «Әлеуметтік процестерді зерттеу және талдау орталығы» қоғамдық қорының директоры Толғанай Мұстафина мен ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы болды. Жалпы алғанда, халықтың діни сауаттылығын арттыруды мақсат еткен іс-шара барысында көптеген семинарлар мен кездесулер өткізілді. Әсіресе, дәстүрлі емес діни ағымдардың жақтаушыларына ерекше назар аударылып, жеке түсіндіру жұмыстары да қолға алынды. Сарапшылар Шамалған округі мен Қаскелең қаласындағы білім беру ордаларындағы жастармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Алдымен топ мүшелері Шамалғанда орналасқан Кәсіптік білім берудегі көпсалалы колледж мен Үшқоңыр су шаруашылығы колледжінің студенттерімен кездесті. Мұнда дінтанушы, философия институтының ғылыми қызметкері Алмасбек Шагирбаев пен ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы екеуі «Дін және жастар тәрбиесі» және «Ғаламтор – діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттау және еліктеу алаңы» атты тақырыптар аясында сөз қозғады. Жиында діннің негізгі бағыттары, оның адамға қажеттілігі мен жастардың мемлекеттегі рөлі талқыланды. Сонымен қатар, топ мүшелері жастарды діни сауатын арттыруға, жат діни ағымдарға енбеуге шақырды.
Мұнан кейін олар аудан орталығындағы «Жер ана» базарында саудагерлер, тұтынушылар, такси жүргізушілері арасында «Ореn Air» форматында «Дін тұтастығы – ел бірлігі» атты сурет көрмесі және кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиналған қауымға дінтанушы, «Әлеуметтік процестерді зерттеу және талдау орталығы» қоғамдық қорының директоры Толғанай Мұстафина дін саласындағы мемлекеттік саясат, зайырлы мемлекеттің қағидалары, тыйым салынған діндердің қоғамға келтіретін зардабы туралы кеңінен айтып берді. Сондай-ақ, осы жерде экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған парақшалар таратылды.
Түстен кейін түсіндіру тобының мүшелері Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында жиналған «Аяжан», «Жәрдем», Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің білімгерлерімен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Дінтанушылар «Дін, дәстүр, мәдениет – біздің ортақ құндылығымыз» және «Жастарды діни негіздегі лаңкестік экстремистік топтарға тарту жолдары және олардың технологиялары» тақырыбында сөз қозғады. Сонымен қатар, дін мамандары студенттерге егерде осы сала бойынша сұрақтар туындаса мешіттердегі имамдарға жолығуды немесе Muftyat.kz сайтына кіру керектігін айтты. Мұнан бөлек егерде теріс ағымдағы діни топтардың жіберген хабарламаларын ғаламтор желісі арқылы басқаларға таратын болса ҚР заңына сәйкес 10-20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуға болатынын да ескертіп өтті.
Жиын барысында студенттерге Қазақтан аумағында таралып жатқан діни ағымдар туралы мағлұмат беріліп, сұрақтарға жауап қайтарылды, осы тақырыпта бірнеше бейнероликтер де көрсетілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.