Асқан бір тапқырлық пен даналықтың арнасын сипаттайтын ол – қазақтың мән-мағынаға толы мақал-мәтелдері екені рас. Жас ұрпақтың санасын қазақтың нақыл сөздері арқылы жаңғыртып, ұлтжанды болуға, рухани жаңғыру жолында ұлттық тәрбиені қалыптастыруға бағытталған байқаулардың болуы шарт. Солардың бірегейі өткен аптада аудандық мәдениет үйінде Тұңғыш Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының міндеттері аясында «Мақал – сөздің мәйегі» деп аталатын оқушылар арасында аудандық байқау өткізілді. Салт-дәстүрдің сабақтастығын жалғайтын аталған жарыстың өткізілуіне аудандық мәдениет үйі мен қаламызда орналасқан тарихи-өлкетану музейі ұйытқы болды. Шараның барысында аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова байқауға қатысты өз ойын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сөз сайысына ұласқан рухани шараны жоғарыда аталған музейдің директоры Серік Қалиев өзі жүргізіп отырды.
Айтулы додаға ауданымызға қарасты қала мен бірнеше ауылдық округтің білім ошақтарынан 25 ұл-қыз қатысып, облыстық байқауға жолдама алу үшін өз бақтарын сынады. Сондай-ақ, қанатты сөздің қадірін түсінетін барлық жас өрендерге ауданымызға белгілі білікті тіл мамандары мен ұстаздар өз бағаларын беріп отырды. Нақты айтқанда, ардагер ұстаз Ақлима Көсемова, Мадина Утешова, Бақыткүл Сағадиева сынды қазақ тілі пәнінің мұғалімдері төрелікті танытып, қазылықтарын көрсетті.
Байқаудың шарты бойынша біз айтқан 25 оқушы топ-топқа бөлініп, бес айналым («тақырып айтыс», «жоғалған сөз», «сөзден мақал құрау», «қайым айтыс», «балама мағына») бойынша білімдерін ортаға салды. Әр топтан оза шапқан мақалшылар жоғары ұпаймен алға шығып, ең үздік бестіктің қатарына қосылып отырды, яғни, әрқайсысы ақтық сынға өтті. Жарыстың қызған сәті сол финалдық бәсеке десек те болады. Осы соңғы ойында байқаудың кезеңдері күрделене түсіп, оқушылар талай нақыл сөзден жаңылып, сүрініп те жатты. Алайда, жарыс бар жерде «оза шабу» бар дегендей, ақтық сында Көкөзек ауылынан келген Қымбат Сламбай жүйріктігінің арқасында алға озып шығып, жеңімпаз атанып, облыстық байқауға жолдама алды.
Шара соңында байқауға қатысушылардың барлығы белсенділік танытқандары үшін Алғыс хаттармен марапатталып, түрлі сыйлыққа ие болды. Барлық марапат иегерлерін құттықтаймыз. Ал, ағымдағы жылдың сәуір айында болатын облыстық байқауға жолдама алған Қымбат Сламбайға біз де сәттілік тілеп, ауданның намысын абыройлы қорғауына тілектеспіз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.