Жастар – қоғамның қозғаушы күші ғана емес, елдің тірегі, мемлекеттің ең белсенді бөлігі. Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа деген соңғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Тұңғыш Президентіміздің осы бастамасы аясында, сейсенбі күні Гуманитарлық-техникалық колледжде Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, «Жастар – еліміздің тірегі» атты жастар форумы өтті. Шараға аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбаева, қалалық ардагерлер ұйымының төрайымы Несіпбала Әбділдаева, жастар ресурстық орталығының мамандары, мектеп ұстаздары мен балабақша тәрбиешілері қатысты. Форумның мақсаты – жастардың арасында қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты, бірлікті қалыптастыру және нығайту, азаматтық белсенділікті тәрбиелеу және Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру. Алдымен жиналғандарға колледждің тарихы мен жетістіктері туралы бейнеролик көрсетілді. Мұнан кейін аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбаева сөз алып, келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты екенін, сондай-ақ, кез-келген әлеуметтік қатынастарда, рухани игіліктерде жастардың өзіндік алар орны бөлек екенін айтып өтті.
– Осыған дейінгі Елбасының қай Жолдауын алсақ та жастарға қатысты жобалар мен бастамаларды ескеріп, жастарға ерекше көңіл бөліп келген. Соңғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Сендерге көптеген мүмкіндік беріліп отырған жылы биіктен көрініп, еліміздің, ауданымыздың өркендеуіне өз үлестеріңді қосуларын керек, – деді ол.
Сондай-ақ, қалалық ардагерлер ұйымының төрайымы Несіпбала Әбділдаева да сөйлеп жастар мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырып, олардың жаңашылдыққа деген ұмтылысы еліміздің дамуына ықпал ететіндігін де тілге тиек етті. Сонымен қатар, ол мемлекеттің тұрақты дамуының негізі де жастардың бәсекеге қабілеттілігіне, білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты екенін естен шығармағанымыз абзал екенін айтты. Бұдан бөлек бұл жолғы сайлаудың ел ертеңі үшін маңызды екеніне кеңінен тоқталып, «Nur Otan» партиясынан үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірбаяның, еңбек жолын, қазіргі уақытта атқарып жатқан игі істері туралы айтып, оны қолдап дауыс беруге шақырды. Мұнан кейін жастар атынан аталмыш оқу орнының шет тілі мамандығының 1 курс студенті Дариға Нұрсұлтанова сөйлеп, Президентіміздің жастарға жасаған қамқорлығын тілге тиек етті.
– Елбасымыз әркез жастарға ерекше назар аударып келеді. Тұңғыш Президентіміз өзінің әрбір Жолдауында, мемлекеттік бағдарламаларында жастарға қолдау білдірді. Мұның бір айғағы – Жастар жылын жариялады. Тарихымызға көз жүгіртсек, 1993 жылы Елбасымыз экономикалық қиындықтарға қарамастан Қазақстан жастарына арналған көптеген бағдарламалар жасады. Олардың аясында сан мыңдаған жастар ата-бабасының аяғы баспаған жерде, елде білім алып, жұмыс істеп, қазіргі таңда Отанына қызмет етуде. Міне, ел болашағын ойлаған Тұңғыш Президентіміз әркез келелі шешім қабылдап келді. Осы орайда, Елбасымыздың Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке үміткер ретінде ұсыған шешімін жастар толық қолдайды. Бұл Тұңғыш Президентіміз салып берген сара жолын әрі қарай жалғап, елімізді өркендетуге жасалған нақты қадам, – деді ол.
Жиынның соңы ауданымыздың жас өнерпаздары – «J&S» тобының орындауындағы «Қазақстаным» атты әнмен аяқталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.