Қарасайлық жас спортшылар жақында жасөспірімдер арасында кіші футболдан өткен облыстық чемпионатта табысты өнер көрсетіп қайтты.
Республикада биылғы жыл жастарға арналып отырғаны белгілі. Осы ретте облыстық спорт бөлімі ұйымдастырған бұл жарыс жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға арналған еді, оған облысымыздың қалалары мен аудандарының жасөспірімдері қатысты.
Тартысты өткен бәсекеде бірінші орынды Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласының командасы иеленсе, жүлделі екінші орынға біздің ауданымыздың футболшылары лайықты деп танылды. Ал, үшінші орын Жаркент қаласынан келген команданың қанжығасына бұйырды. Одан бөлек осы бәсекеде жақсы техникасымен көзге түсіп, белсенді ойын көрсеткені үшін ауданымыздың жас футболшылары Бекет Тілеулес «Үздік қорғаушы» номинациясымен иеленсе, Расул Бейсенов «Үздік жартылай қорғаушы» номинациясымен марапатталды.
Сонымен қатар, мамырлық айында Түркістан қаласында болған таэквандодан республика ашық турнирде шеберлігімен қарсыластарына дес бермеген ауданымыздың жас таэквондошылары Алим Алимқұл, Лорин Альхусейн, Милана Набилуллина, Ерасыл Нұржан, Марлен Кейков пен Бек Бекмухамбет жеңіске жетіп, ауданымыздың қоржынына 3 алтын мен 3 қола салды.
Жас та болса жеңіске деген жігерінің арқасында жүлделі оралған спортшыларымызды құттықтай отырып, талаптарыңнан таймай, жетістіктен-жетістікке жете беріңдер, дейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.