Қазақ елінің тарихына көз жүгіртсек, қайратты қазақтың талай зар заман мен қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешкенін көре аламыз. Оның бәрі – аңыз, ақиқатқа айналған өшпес таңба. Сондай дәуірде елім, жерім деп қорғап қалған батыр бабаларымыз бен алаш азаматтарының ерлігі бүгінгі таңда ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып келе жатыр.Біз – жастар олардың қалдырған мұрасын көздің қарашығындай сақтап, егемендікті ту етіп жүруді парызымыз деп білеміз.
Ия, жастар – елдің болашағы, мызғымас тірегі. Жас буынның елімізде бұқпасыз бұғанасы қатуына барлық жағдай жасалып келе жатыр. Сол үшін алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шексіз алғысымызды жеткізуден жалықпаймыз. Президентіміз жастар жағы өсіп-өркендесін, адал бастамаларымен алға ұмтылсын деген ниетпен биылғы жылды «Жастар жылы» деп те атады. Ашылу салтанатында Ұлт Көшбасшымыз жас ұрпақтың келешегі үшін талай айрықша жобалар мен бірқатар бастамаларды нықтап тұрып атап көрсетті. Ендеше, қолда бар қолдаудың қадірін біліп, нәтижелі жұмыс атқару – біздің міндетіміз деп білеміз.
Бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы болып табылатын – жастар жағы екені белгілі. Оның ішінде, әрине, білімді ұрпақтың болуы маңызды. Осы ретте озық ойлы, елдің болашағын тәрбиелеу мақсатында өз міндетін атқарып келе жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін ерекше айтқым келеді. Білімді жас буынды тәрбиелеуді алға қойған жоғарғы оқу орны қазіргі таңда елдің өркендеуі үшін абыройлы істермен алға жылжып, жеткен жетістігімен еңбек етуден жалыққан емес. Өзім де осы білім ордасының білімгері болғандықтан, санасы біліммен сусындап келе жатқан студенттер де тәуелсіз елдің дамуына өз үлестерін қосуға әзір екенін айрықша жеткізгім келеді. Биылғы жастар жылы құтты болсын! Еңселі елдің ертеңі болар – ұлағатты ұрпақтың тағылымды істері алға баса берсін, дегім келеді.
Айнаш ЕСЕКЕЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Заң факультетінің аға оқытушысы, құқық магистрі.