Тәртіп сақшыларының қиын да қызықты қызметін абыроймен атқара білуі үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Иә, темірдей тәртіпті сақтап, ел тыныштығын сақтау жолында аянбай еңбек етуде полиция қызметкерлеріне жүктелер жауапкершілік жүгін арқалау да оңай емес. Ол үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, адамдармен араласа білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Бүгінде осындай қасиеттерді өн бойынан кездестіретін жас полицейлер де аз емес. Осы ретте біз еліміздің полицейлерінің төл мерекесі қарсаңында ауданымыздың тұрғындарының өмірі мен тыныштығын сақтауға өзіндік үлесін қосып жүрген жас полиция қызметкері Шыңғыс Чинсызбай туралы айтуды жөн көрдік.
Кейіпкеріміз жайында кеңінен айтатын болсақ, ол – аудан орталығы Қаскелең қаласының тумасы. 25 жастағы полиция аға лейтенаты Шыңғыс Чинсызбайұлы мектеп бітіргеннен кейін арман қуып, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясына түседі. Сөйтіп оқуды аяқтап, 2018 жылы аудандық полиция бөліміне қатардағы полиция қызметкері ретінде орналасқан. Осылайша халық алдында жауапкершілігі мол жұмысын бастайды. Кейіннен екі ай Шымкент қаласындағы оқыту орнында арнайы курстан өтіп, лейтенант дәрежесіне көтеріледі. Ал, бүгінде аға лейтетант атанған Шыңғыс тыныштықты қамтамасыз ететін учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарады. Оның ойынша, бұл салада қызмет ету үшін өжеттілікпен қатар, жауапкершілік те бойдан табылуы тиіс. Сонда ғана аумақтағы құқық тәртібін нығайтып, тұрғындар қауіпсіздігін сақтауға толық мүмкіндік болады.
– Біздің елімізде адам өмірінің қауіпсіздігі – басты назарда. Сондықтан да, әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалау оңай шаруа емес. Біздің қызмет адамнан қажыр-қайратты, ерлікті, табандылық пен сабырлылықты қажет етеді. Себебі, өзгеден тәртіпті талап ету үшін өзіміз тәртіпті болуымыз керек. Полиция қызметкері болуды ер баланың басым бөлігі армандап өседі ғой. Мен де кішкене кезімнен құқық қорғау саласында қызмет етуді армандаған едім. Ақыры дегеніме жеттім. Бүгінде аудан халқының тыныштығын қорғап, абыроймен еңбек етудемін, – дейді әңгіме барысында Шыңғыс.
Өмірдің мәні адал әрі адамгершілікті болу деп білетін кейіпкеріміз бүгінде өзіне бекітілген аумақта қандай да болмасын құқық бұзушылық жағдайларға жол бермеу, оның алдын алу, қылмыстың бетін ашу, полиция бекетіне келген шағым-арыздар бойынша жұмыстану сияқты міндеттерді атқарады. Әңгімелесу барысында таң атқаннан күн батқанға дейін келеңсіздіктерге тап болған жандарға қол ұшын созып, қызмет етіп жүрген кейіпкеріміз жұмысы қаншалықты қиын болса да өз мамандығымен мақтанатынын жасырмады.
– Менің жұмысым таңғы сегізден түнгі 11-ге дейін. Кейбір кездері, тіпті, одан да көп уақыт жұмыс істейміз. Өйткені, жұмыс талабы қатал, босаңсып, осалдық танытуға болмайды. Бұл жұмысқа кіргелі бері көптеген адамдарды кездестірдім, бірталай оқиғаларды бастан өткердім, бірақ, осы мамандықта істеп жатқаныма еш өкінбеймін. Керісінше, еліміздің азаматы, ер жігіт ретінде полиция қатарында жұмыс істеп жүргенімді мақтан тұтамын, – дейді Шыңғыс.
Болашаққа деген ұшқыр арман-қиялдарына бірте-бірте қол жеткізіп келе жатқан талапты жас жігіттің алдағы мақсаты ел тыныштығын сақтау жолында қызмет ету болып табылды. Рухты, өршіл, намысты жас полиция қызметкері Шыңғысты төл мерекесімен құттықтай отырып, осынау абыройлы да аса жауапты қызметтің биігінен көрінуіне тілектеспіз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.