Биылғы жылы балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мүмкіндіктерін кеңейту арқылы өскелең ұрпақты әлеуметтендіру мен дамытудың негізгі міндеттерін шешуге бағытталды.
Осы мақсатта Жамбыл ауданы Жаңақұрылыс ауылындағы «Жас ұлан» оқушылар үйі 5 маусымнан бастап балаларды қабылдады. Мұнда бүгінгі күні 80 оқушы қамтылды. «Жас Ұлан» оқушылар үйінің директоры Райхан Жүнісқызының айтуынша, осы жылға арналған «Қазақстан – бақытты балалық мекені!» атты демалыс кезеңінде балалардың демалысы, бос уақытын пайдалы іске арнауы және жұмыспен қамтылуы мұқият ұйымдастырылды. Балаларды сауықтыру лагері сағат 9.00-ден 12.30-ға дейін жұмыс істейді. Жазғы лагерде 4 топ құрылған. Жаңақұрылыс, Ұзынағаш ауылының балалары жаз қызығын осында өткізеді.
Жазғы демалысты ұйымдастырудың өзектілігі ескеріліп, мұнда балалардың демалысы мен сауығуының барлық мүмкін нұсқалары қарастырылған. Әр баланың толыққанды демалысқа қол жетімділігіне барынша жағдай жасау мықтап қолға алынып отыр. «Жас ұлан» оқушылар үйінің ғимаратына 2021-2022 оқу жылында көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, қоршауы жаңартылып, аула ішінде шағын футбол алаңы, балаларға арналған ойын алаңы-воркаунт салынған. Соның арқасында балалардың жаздық демалысын өз деңгейінде өткізуге барлық қажетті жағдай бар. Аталған қосымша білім беру мекемесі жазда сауықтыру, әлеуметтік бейімделген, экологиялық, экономикалық, шығармашылық, білім беру, спорттық, көшбасшылық қабілеттерін арттыру бағытында жұмыс істейді.
Мұнда педагог, психолог мамандар білім беру, әлеуметтік-педагогикалық, сауықтыру, психологиялық, дамытушылық, мәдени-демалыс бағытының бірлігін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі еңбектенеді. «Сиқырлы қалам» атты сурет, «Шебер қолдар» қолөнер, «Балдаурен» би, «Угай-әй» вокал үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар, жаз кезінде түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру жоспарланды. Осыған орай басқа мекеме-ұйымдармен бірлескен іс-шаралар көзделді. Мәселен, аудандық салатауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеті, Жамбыл, Сүйінбай, Үмбетәлі мұражайлары, «Жастар рухы» жастар ресурстық орталығы, «Жақсылық» жүзу орталығы және «Шығармашылық шеберлікке баулу» ЖШС-мен келіскен бірқатар жұмыстар жоспарланды. Мұндай шаралар әр баланың жеке басын дамытуға, қабілеттерін ашуға, отансүйгіштікке тәрбиелеуге оң әсер етері анық.
Жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстары БҰҰ Бас Ассамблеясының 1989 жылғы 20 қарашадағы Бала құқықтары туралы Конвенциясына, елімізде Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәрбие саясатының қағидаттарына, «Білім туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» заңдарына, Қазақстан Республикасының Білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына негізделген.
Суретте: «Жас ұлан» оқушылар үйіндегі жазғы демалыс.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.