Дәл қазіргідей өскелең уақытта, дамыған заманда жастардың бос жүргені жараспайды. Жалын жігерлі, күш қайратты жастарға талпыныс қажет. Уақытпен тыныстау керек. Соған сай әрекет, қаракет жасаған жөн. Мемлекет тарапынан да жастарға қолдау көрсетіліп отырғанынан ескерсек, әрбір жас үшін алтын уақытты текке өткізуге болмайды. Қазіргі заман – білімді, білікті, іскер, еңбекқор жастардың заманы.
Кеген ауданында өңірден шыққан жас кәсіпкер Тәтібаев Жанат Әріпжанұлының есімі лайықты аталып жатады. Уақытқа қарай еңбектеніп келе жатқан азамат. Тура жолды, адал еңбекті қалаған жан. Қасиетті Қарқара ауылының, сондағы білім шаңырағының түлегі. Ұлтын, тілін, салт-дәстүрін сүйген ұл. Ата-бабаларының жолын, үлкендердің өнегесін жоғары қойған перзент. Қарапайым отбасыдан шыққан Жанаттың кәсіпкерлік саласы бойынша соңғы жылдар ауқымында жүргізіп келе жатқан игі шаруалары айтуға тұрарлық.
2017 жылы туған ауылында жеке меншік балалар бақшасын ашты. «Хасан» деп аталатын жып-жылы ұядай мекенжайда 25 балапан мектеп алды тәлім мен тәрбие алуда. Осы балалар ұясы арқылы 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл үшін де ауылдағы ата-аналардың алғысын арқалаған. Жанаттай жас кәсіпкердің Кеген ауылындағы орталық базардан заман талабына сай дәмхана, «Vip суши» орталығын ашқан еді. Мұнда чикен, донер, пицца, суши секілді фаст фуд өнімдерін өндіреді. Аталған орталық арқылы 4 адамды еңбекпен қамтыған. Жанат аудандағы «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында да жұмыс істеп келеді. Сол арқылы 1,5 миллион теңге несие қаражат алып, Қарқара ауылындағы үйінің жанынан құс шаруашылығын жолға қойыпты. Қазір Жанаттай азаматтың шағын құс фермасында екі жүзден аса тауық өсірілуде. Жаз маусымында, қолайлы кезеңде Қарқара ауылындағы үй жұмыртқасына деген сұраныс көп екен. Бағасы да қолайлы. Бәрекелді! Ізденіп, еңбектеніп жап-жақсы тіршілік жасап жатқан мұндай азаматтан айналайық!
«Еңбегіне қарай өнбегі»,-демекші, Жанат өткен жылы Алматы облысы әкімінің жастарға арналған «Көшбасшы» сыйлығын «Үздік жас кәсіпкер» аталымы бойынша иеленді. Туған ауданының, ауылының мәртебесін көтеріп тастады. Бұл – адал еңбегімен ел игілігін құрап, халқына қызмет етіп жүрген азаматқа көрсетілген орынды құрмет. Жанат Қарқара ауылындағы үлгілі жас отау иелерінің бірінен саналады. Жұбайы Назерке жекеменшік балалар бақшасына басшылық жасайды. Олардың жып-жылы отбасыларында 4 бала өсіп келеді. Олар Тәуелсіз еліміздің болашағына үлкен сеніммен қарайды. Әрбір арайлап атқан таңдарынан үміт күте шаруаларын жүргізеді. Адал еңбектерімен құралып жатқан жақсылықтарына жандарын жұбандырады. Өмір бақытын, еңбек қуанышын сезінген сайын жақсы күндеріне талпынады.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.