Жігітке жеті өнер қашанда аздық еткен. Қазақ азаматтарының арасында дарынымен дараланатын, еңбегімен елдің есінде сақталатын жандар аз емес. Оның ішінде әдебиет, спорт, өнер дейтін салаларды санасында жаңғырта білген талант иесін көргенде таңғалмасқа тағы болмас. Бірақ біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің бүгінгі қызметтік жолы жоғарыда жіпке тізіп айтқан бағыттарға мүлдем қатысы жоқ. «Неге?» дейсіздер ғой! Ол – халықтың игілігі жолында жұмысын жемісті жалғастырып жүрген, елдің айнасы болған мемлекеттік қызметші. Бұл – оның сүйікті ісі, таңдаудан жаңылыспаған мамандығы.
Әңгімеміздің арқауына айналған ерекше жан иесі – Жарылқасын Сақтаған. Жас та болса бойында жалыны, бір басында бірнеше жарасымды дарыны бар азамат қазіргі таңда Қарасай аудандық әкімдігінде ұйымдастыру бөлімінің бас маманы болып қызмет етеді. 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күнінің аясында ел алғысына бөленіп жүрген қарасайлық жайлы қалам тербеуді жөн санадық.
Жарылқасын Талғатұлы – Сыр өңірінің тумасы. Анығын айтқанда, Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Еңбекші деп аталатын ауылда дүниеге келген. Осы елді мекенмен аттас орта мектепте 11 жыл білім алып, 2015 жылы Алматыдағы «НАРХОЗ» университетіне оқуға түскен. 2019 жылы бакалавр деңгейінде аталған оқу ордасында «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын тәмамдаса, 2019-2021 жылдары осы мамандықтың магистрлік дәрежесінде білімін шыңдай білді.
Үш қарындасы мен бір інісіне қамқоршы аға атанған Жарылқасын – үйдің үлкені. Ата-анасының үмітін ақтау үшін бала кезден мемлекеттік қызметші болуды мақсат еткен. Арманына адастырмай жеткізген Алматы шаһары оның осы бағытта өсіп өркендеуіне, жетістікке жетуіне жол ашты десек артық айтқанымыз болмас.
Жарылқасын Сақтаған – сөз саптауымен көптің көңілінен шығып жүрген азамат. Әсіресе, пікірсайыстарда алдына жан салмайды. Дәйекті мысалдарымен қарсыластарына дес бермей, талай додаларда бағы жанған. Мәселен, ол мемлекеттік қызметші атанбай тұрып, республика бойынша пікірсайыстардың 20 дүркін чемпионы атанып үлгерген. Одан бөлек, осы бағыттағы Алматы қалалық, аумақтық, облыстық деңгейде ұйымдастырылған турнирлердің бірнеше мәрте жеңімпазы атанған.
Ал оның еңбек жолына келер болсақ, алғашқы қызметі Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылдық округіндегі әкім аппаратында басталған. 2019 жылы осы мемлекеттік мекемеде тәжірибеден өтуші ретінде жұмысқа қабылданып, кейін спорт жөнінде және жастар ісі жөнінде әдіскер нұсқаушы болды. Осы жолда жұмысын жақсы қырынан көрсете білген соң, мемлекеттік қызметші ретінде жетекші маман, бас маман лауазымдарында еңбек етті. Қалтқысыз қызметінің нәтижелі болуының арқасында 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін Қарасай ауданы әкімі апаратының ұйымдастыру бөлімінде бас маман ретінде жұмысын жемісті жалғастырып келеді.
Жарылқасынның жан тыныштығына айналған сүйікті істерінің бірі – кітап оқу. Осы уақытқа дейін 200-ге жуық рухани қазынаның бетін ақтарып, оны өзгелерге насихаттап жүрген жайы бар. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы «K-talk» деп аталатын жеке жобасын қолға алып, сәтті жүргізуде. Соның аясында ең үздік шығармаларды оның авторларымен немесе оны жете түсінген оқырман жандармен ортақ талқылап, онлайн форматында көпшілікке дәріптеп келеді. Жалпы кейіпкеріміздің кітапқа деген қызығушылығын арттырып, бағыт-бағдар беріп, жол көрсеткен оның атасы. Жарылқасынның айтуынша, Сақтаған қария ауылдағы бір кітапхананың барлық кітабын оқып бітірген. «Оқымысты» ақсақалдың ел қызығатын бұл әдеті әлі күнге дейін жалғасып келеді екен.
Кітапты сүю оқу – Жарылқасынның жан жары Жадыра Жанарбектің де жалықпайтын ісі. Ерлі-зайыптылардың ортақ қызығушылығы олардың жарыса оқуына себепкер десек те болады. Бірақ Жадыра кітап оқудың хас шебері ғана емес, жазушылық қырымен дараланған нәзік жан. Осы уақытқа дейін бірнеше авторлармен бірігіп үш кітапты жарыққа шығарып, оқырман қауымға ұсынып үлгерген. Соның ішінде Жібек Құрашқызымен бірлесіп жазған «Орамал» атты туындысы көптің көңілінен шығып, жиі сұранысқа ие болуда.
Орнықты отбасының үлгісін көрсетіп отырған Жарылқасын мен Жадыра бүгінде өмірлерінің мәніне айналған Хақназардай ұлдың ата-анасы атанып отыр. Жарасымды жұптың өмір жолдары ашық болсын деп шынайы тілегімізді білдіреміз.
Жар таңдаудан жаңылыспаған Жарылқасын бүгінгі атқарып жүрген жұмысын да ерекше жақсы көреді. Ынта-жігері ауғандықтан болар, қызметтік жолында жеткен жетістіктері жетіп артылады. Мәселен, 2021 жылы мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты байқауда ІІ орынға ие болған. Сонымен қатар, аудандық түрлі деңгейдегі іс-шаралар мен жарыстарда бағы жанып, жүлделі орындардан көрініп жүрді.
Жарылқасын Талғатұлының алғашқы жарқын жеңістерінің бірі – 2022 жылы Алматы облысы бойынша өткен байқауда «Ең жас мемлекеттік қызметші» атағын жеңіп алуы. Одан кейін биыл Алматы облысы бойынша 48 үміткердің арасынан дараланып, үздік мемлекеттік қызметші атанды. Оның бұл жетістігі ел астанасында өткен республикалық конкурста бақ сынауына жол ашты. Елордада ұйымдастырылған байқауда Жарылқасын Сақтаған Қазақстанның әр өңірінен келген 600-ден астам мемлекеттік қызметшімен бақталасып, әр кезең бойынша жоғары бағаға ие болып, облыстың намысын абыроймен қорғады. Жарыстың шартына сәйкес, қарасайлық азамат мемлекеттік аппараттың қызметін арттыру бойынша ұсынысын енгізіп, презентация түрінде жұмысын қорғады. Нәтижесінде комиссияның ортақ шешімімен Жарылқасынның жобасы жоғары бағаға лайық деп танылды. Осылайша ол республика бойынша үздік мемлекеттік қызметші атағын жеңіп алды. Айтулы конкурс жақында ғана өткендіктен, нәтижесі осы аптада белгілі болды. Ақжолтай ақпарат ауданның ғана емес, Алматы облысының мерейін үстем етті.
Жарылқасынның ауыз толтырып айтатын осындай жетістігі аз емес. Былтыр ол Алматы облыстық мемлекеттік қызметшілер арасында өткен пікірсайыстан олжалы оралып, І орынға ие болған. Қарасайлық азаматтың мұндай үздік нәтижесі биыл да бұйырғанын айта кету керек. Жеңілістің дәмін татып көрмеген Жарылқасын осы жылы да бұл додада топ жарып, үздіктердің алды болды.
Жарылқасын Талғатұлының мемлекеттік қызметі негізгі жұмысы болғанымен, жанына тыныштық сыйлайтын ерекше істерін де айтпасқа тағы болмас. «Кітап кеміруден» бөлек, оның жазба ақын ретінде қабілеті бар. Осы уақытқа дейін 100-ге жуық өлең жазған. Сондай-ақ домбыраның құлағында ойнап, әуезді әуенімен құлақ құрышын қандыратын өнері бар. Спортты да жанына серік етіп, үстел теннисі мен волейбол ойнағанды ұнатады.
Қарасайлық мемлекеттік қызметші Жарылқасын Сақтаған өз лауазымына тиесілі міндетті адал атқаруды көздейді. Бұл – оның басты мақсаты. Меритократия саясатын ұстанып, Әдеп кодексі қалыптастырған мемлекеттік қызметшінің имиджін бұзбауға мүдделі. Осы жолдан таймай, ел игілігі жолында қалтқысыз қызмет етуді абырой санайды.
Жарылқасын Талғатұлы өз сөзінде өзінің талай жетістікке жетуіне қолдау білдірген Қарасай аудандық әкімдігіндегі әріптестеріне, әсіресе, аудан басшысына ерекше алғысын жеткізді. Сонымен қатар, кәсіби мереке аясында ұжымына деген ақ тілегін арнауды да ұмытпады. Осы саланың жүгін арқалап жүрген мамандарды сабырлы болуға шақырып, мемлекеттің мәртебесін арттыру жолында жетістікке жете беруін тілейді.
Біз де өз кезегімізде Жарылқасынның жеткен жеңістерімен мақтанып, «жарайсың» деп, алдағы ісіне табыс тілейміз! Әрқашан абырой биігінен түспей, елдің алғысын арқалап жүре беруіне тілектеспіз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.