«Бір адамның жанын аман сақтап қалу – жер бетіндегі күллі адамзаттың жанын аман алып қалумен тең». Бұл қағидат ойдан шығарылған емес. Қасиетті кітап – Құран кәрімде нақты жазылған. Расын айтқанда, жер бетінде адам жанына араша түсуден басқа сауапты амал жоқ шығар, сірә! Себебі дәрігер болу абыройлы мамандықтан гөрі асқан жауапкершілікті талап ететін қастерлі жұмыс. Сондықтан сабыры сарқылмайтын, жігері мұқалмайтын, жүйкесі жұқаруға болмайтын ақ желеңді абзал жан атану ерлікпен пара-пар десек артық айтқандық емес.
Осындай «дәрігер» деген қастерлі мамандықты арқалаған жандардың бірі, біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз – Кеген аудандық орталық ауруханасында балалар дәрігер-неврологы және дәрігер-реабилитологы қызметін атқарып жүрген Жұмагүл Әбдірақман. Жаны жайсаң, Кеген ауданының тумасы нәзік жан жайлы маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін медицина қызметкерлерінің күніне орай қалам тербеуді жөн санадық. Қызметінің қызығы мен қиынын сөз етіп, адам саулығына жауапты жұмысынан сыр шерттік.
Жұмагүл Алпысбайқызы 1981 жылы Кеген ауылында дүниеге келген. Отбасындағы үш қыздың үлкені. 1987 жылы туған жерінде орналасқан Ө.Жаңабаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 11 жыл осы мекемеде білім нәрімен сусындаған.
Дәрігер болу – оның бала арманы. Қиялына қанат бітіп, аңсағанын шындыққа айналдыру үшін мектептен кейін 1998 жылы алып шаһар Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне оқуға түскен. Аталмыш жоғары оқу ордасында 8 жылдай білімін шыңдап, педиатрия факультетін бітіріп шыққан.
Медицина саласын жанына серік еткен Жұмагүл Әбдірақман университет бітіре салысымен бірден жұмысқа орналасқан. Анығын айтқанда, 2006 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін бір ауруханада қалтқысыз қызмет етіп келеді. Біз айтып отырған аурухана – Кеген ауданы жеке дара Райымбектен бөлінбей тұрған кездегі медициналық мекеме. Аудан екі бөлінген уақытта Жұмагүл Алпысбайқызы еңбек етіп жүрген дәл осы емхана Кеген ауданының еншісінде қалған. Міне, бүгінгі күнге дейін кейіпкеріміз аталмыш орталық ауруханада елеулі еңбек етуде. Осы уақытқа дейін жалпы тәжірибелік дәрігер, дәрігер-педиатр, неонатолог сияқты бірқатар жауапты міндеттерді атқарған. Қазіргі уақытта балалар дәрігер-неврологы және балалар мен ересектердің дәрігер-реабилитологы ретінде жемісті жұмысын жалғастыруда. Оның педиатрия бағытында жұмысы істеуінің де өз сыры бар.
– Маған балалармен жұмыс істеген өте қатты ұнайды. Алдыма келгеннің әрбірін жаныма жақын көремін. Олардың жан-дүниесін түсіну, сырқатын сезіну, көңіл-күйіне демеу болу мен үшін ауыр жұмыс емес. Керісінше, олардан қуатты, жігерді сезінем десем де болады. Бүлдіршіндер ойындағысын жеткізе алмай, тілі күрмеліп тұрса да маған олардың ойын ұғыну мүлдем қиындық тудырмайды. Сондықтан балаларға жаным жақын болғандықтан, педиатрия саласында қызмет етуді жөн санадым, – дейді дәрігер Жұмагүл Әбдірақман.
Кейіпкеріміздің бұл бағытта қызмет етуден бөлек, балалармен қоса ересектердің де аяқ-қол қызметін ретке келтіруге ықпал ететін күрделі сала – реабилитолог дәрігері екенін де айта кеткен жөн. Көбінесе инсульттан кейін кейбір жандардың аяқ-қолы істен шығып, ақыл-есінде, сөйлеуінде мәселе туындап жатады. Осындай жағдайда ақ желеңді Жұмагүл олардың жанына демеу болып, физиоемдеу және арнайы аппараттар арқылы тірек-қимыл қозғалыстарын қалыпқа келтіру бойынша жұмыс атқарады. Дәрігердің осы салада біліктілігін арттыру үшін 2021 жылы Ресей астанасы – Мәскеу қаласындағы Сеченов университетінде оқу оқып, арнайы куәлікке ие болғанын ерекше атап өтуге болады.
Жұмагүл Алпысбайқызы – ел алдында ақ желеңді аяулы жан болғанымен, отбасында ошақ қасынан табылатын ардақты ана. Құдай қосқан өмірлік жары Өсер Өзекбаев екеуі бір қыз, екі ұлды тәрбиелеп отыр. Үйдің ортаншысы Шуақ Асылғазы анасының жолын қуып, медицина саласына барғысы келеді екен. Анасының айтуынша, баласы осы саланы жетік меңгеріп, болашақта нейрохирург атануды армандайды.
Бала өмірінің сақшысына айналған дәрігер мойнына жүктелген бұл міндеттің салмағы да жеңіл емес екенін айтады. Денсаулығында ақаулары бар бүлдіршіндерге және ересек адамдарға көмек көрсету, олардың толық жазылып кетуіне үлес қосу – оның басты жұмысы.
– Алдыңа келген науқастың денсаулығы жақсарып, оңалып кетуін көру – мен үшін үлкен қуаныш. Олардың әрбірінің дертінен айығуына барымды салуға тырысамын. Көңілдеріне еш кірбің түспесе екен деймін. Сондықтан тәнінің саулығын тілейтін жандарға қолғабыс етсем, менің де жаным тынышталады. Өйткені біреудің сырқатын сезіну, көңілін табу, оның ем-домын жүргізу – оңай жұмыс емес. Сол үшін жұмысымның нәтижелі болуы менің өзіме байланысты, – дейді балалар дәрігер-неврологы және дәрігер-реабилитологы Жұмагүл Әбдірақман.
17 жылдан астам бір ауруханада еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз ұжымындағы береке-бірлікті, татулықты да сөз етті. Бүгінде ынтымағы жарасқан әріптестерінің қай-қайсын алса да өз ісінің шын шебері, кәсіби маманы екенін айтуда. Зейнет жасқа жеткен сала мамандарынан бастап жалынды жастарға дейін «дәрігер» деген қастерлі мамандыққа адал жандар. Атап айтқанда, Кеген аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Алмас Тілеулиев бастаған ұжым аудан халқының алғысына бөленіп үлгергендер. Олар үшін елдің ризашылығынан асқан баға жоқ.
Айта кету керек, Жұмагүл Алпысбайқызы еңбек етіп отырған Кеген аудандық орталық ауруханасы жыл басында күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген. 1972 жылы іргетасы қаланған үш қабатты бұл ғимарат осы уақытқа дейін бірде-бір жаңғыртылмаған. Енді, міне, медициналық мекеме заман талабына сай жаңа құрылғылармен жабдықталып, 26 мыңнан астам тұрғынға сапалы қызмет етіп отырған жайы бар. Бүгінде ауруханадағы 100-ден аса маман аудан халқының денсаулығы үшін жауапты қызметін атқаруда. Солардың қатарында біздің әңгімемізге арқау болып отырған нәзік жанды, балалардың өміріне сақтықпен қарайтын Жұмагүл Әбдірақман да бар. Оның айтуынша, аурухананың жаңарып, жақсы жағдайда қалыптасуы өзінің де, әріптестерінің де қызмет етуіне өте қолайлы. Мекеме барлық құрал-жабдықмен қамтамасыз етілген.
Әңгіме барысында Жұмагүл Алпысбайқызы алда келе жатқан Медицина қызметкерлерінің күніне орай барша ұжымына деген ізгі ілтипатын, ыстық ықыласын да жеткізді.
– Барша әріптестерімді келе жатқан кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Адамдардың денсаулығы үшін күндіз-түні жүгіріп, істеп жатқан қызметтеріңіз бағаланып, елдің алғысына бөленіп жүре беріңіздер. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Дәрігер деген жауапкершілігі мол мамандықтың жолында атқарып жатқан жұмыстарыңыз жемісті болып, табыстан-табысқа жете беріңіздер, – деп ақ тілегін білдіруде кегендік аурухананың ақ желеңді аяулы қызы.
Біз де өз тарапымыздан Жұмагүл Алпысбайқызын келе жатқан Медицина қызметкерлерінің күнімен құттықтаймыз! Өміріңіз өнегелі, алар асуларыңыз, бағындырар белестеріңіз тек сәтті болғай. Қастерлі мамандықтың жолында жемісті жетістіктеріңіз көп болсын. Ел алдында абырой биігінен түспеңіз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.