Дыцель Иван Андрейұлы туралы сыр
Рас, туған жерінде ана тілін білмейтін, оны білгісі де келмейтін мәңгүрт қазақтар жетерлік. Оларға айтар сөзің де жоқ. Тағдырларын осынау кең байтақ Қазақстанмен тоғыстырып, қазақтың елі мен жерін, тілін жақсы көретін өзге ұлттың өкілдерін көргенде, туған бауырыңдай жақсы көріп қаласың. Сондай достыққа құшағы кең жандардың қатарында Кеген ауданының тұрғыны Иван Дыцель де бар. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі аясында дәл осы неміс азаматы жайлы қалам тербеуді жөн көрдік.
Біз осының алдында Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылында неміс азаматтың отбасында өсіп келе жатқан ат құмар, көкпармен шынайы айналысып, Мұқағалидың өлеңдерін жаттап өсіп келе жатқан 14 жасар Николай Никоша туралы жылы хабар жазғанымыз бар. Сол жолы Никошадай көкпаршы баланың туған атасы, сол ауылдың сыйлы да құрметті тұрғыны, қолынан келмейтіні жоқ өнертапқыш азаматы Нұркен Жақашовпен танысып, көп жайға қаныққанбыз. Никошаның әкесі еңбекқор азамат Иван Дыцель туралы да жақсы әңгімелердің шет жағасын естіп қалғанбыз. Қазақтың елі-жерінде түтінін түтеп жүрген жанның отбасында болуды көкейімізге түйіп кеткен едік. Соның реті келді.
– Қауырт шаруалармен жүріп саған айтуды естен шығарып алыппын. Айып етпе. Жақсы жаңалығымыз, жақсы дүниеміз бар. Тұп-тура Ұлыстың Ұлы күнінің алдында Қазақстан халықтары ассамблеясына қарасты түрік орталығының азаматтары хабарласып, Никошадай алтын немереме ат мінгізіп қайтатындарын айтты. Қатты қуанып қалдық. Солардың сапарына орай көкпардан жасөспірімдер арасында аймақтық жарыс өткіздік. 9 ауылдан жасөспірім көкпаршылар келді. Қанымызға сіңіп кеткен дәстүрімізбен наурыз көжесін, үлкен аспен дайындаттық. Түрік бауырларымыз, қазыналы қарттарымызды сол ақ дастарханнан дәм таттырдық. Көкпар да жақсы өтті. Түрік бауырларымыз сол жақтан таңдап, сайлап, арнайы алып келген таза қанды, асыл тұқымды сәйгүліктерін қалың көпшіліктің көзінше Никошаға мінгізді. Сөйтіп, әулетімізде үлкен қуаныш болды. Қазақи қонақжайлығымызды, тамаша жерімізді, ауыл-ауылды жалғап жатқан жолдарымызды көрген олар шын мәнінде риза болып аттанды. Сен іздеп келген күйеу балам Иван дәл қазір «Қой төлдеп, қорада шу», – дегендей, үлкен шаруасымен айналысып жатыр, – дейді Нұркен күлімдей тіл қатып.
Шын мәнінде солай екен. Жұмыс киімдерін киініп алған қызыл шырайлы, сарғыш өңді, жылы жүзді Иван бізді жақсы қарсы алды. «Салаумағалейкум!»,-деп амандасып жатыр. Үйдің артындағы мал қорасының алдында оншақты қозы ойнақтап жүр. Қораның іші-сырты жас қозылардың жағымды үніне толы.
– Біздің Иван бір туғанда бірнеше қозы туатын, егіздетіп төлдейтін асыл тұқымды қойлар өсірумен айналысып жүр. Еңбегі нәтижесіз емес, – деп қалды Нұркен әңгімеге араласып. Риза болып қалдық. Бұрыннан айтып жүргеніміздей, шаруашылықтар тұсынан қалған төрт түлік малдың берері азайып кеткен. Дәл қазіргі өскелең уақыт ет бағытындағы, сүт бағытындағы берері көп асыл тұқымды мал өсіруді қажет етеді. Иванның бұл әрекетін сол уақытпен үндескен жаңашылдық, еңбекқорлық деп бағаладық.
Жалаңаш ауылын туған жеріндей көріп, жақсы өмір сүріп жатқан, отыздың мол ішіндегі Иванның жылы да жайлы шаңырағында болдық. Жұбайы Динара да ашық-жарқын, жайдары мінезді жан екен. Аделинадай сүйкімді қызымен бірге ас бөлмесінде жүр.
– Біздің қызымызбен қалай танысып, шаңырақ көтердіңдер? Менің оған қойған алғашқы сұрағым осы болды.
– Мен 1987 жылы Қостанай облысы, Денисовка ауданына қарасты Денисовка ауылында дүниеге келгенмін. Анам әлі сол жақта тұрады. Алматы қаласындағы №5572 әскери бөлімде Нұркен атамның Дастан атты ұлымен бірге азаматтық борышымды өтедім. Екеуіміз жақсы дос болып кеттік. Кезекшілік бөлімде тұратынмын. Сол кезде Дастанның Динарадай қарындасы келіп тұратын. Сол кезден танысып, оның арты үлкен махаббатқа, сүйіспеншілік сезіміне ұласты. 2008 жылы шаңырақ көтердік. Бір жылдай Қостанай жақта тұрып, сосын тура осы Жалаңаш ауылына қоныс аудардық. 2009 жылы Никошамыз дүниеге келді,-дейді Иван қазақ тілінде мүдірмей тіл қатып. Қазақ тілі демекші, Иван ат жалын тартып мінген шағынан бастап-ақ, қазақ тілін үйренуге ден қойыпты. Алғаш амандық-саулық сұрасудан бастап, меңгере бастаса, Жалаңаш ауылынан келгеннен кейін бір жылдың ішінде қазақ тілін меңгеріп алыпты. Қазір екінің бірімен шүйіркелесіп, әңгімелесіп кете береді. Оның үстіне ешкімді жатырқамайтын, артық сөзі, мінезі, ешкімге жамандығы жоқ сондайлық еңбекқор азаматты ауыл тұрғындары да жақсы көріп кеткен. Қостанай жақта 9 сыныптан кейін кәсіптік-техникалық колледжді «ауылшаруашығының мастері» мамандығы бойынша бітіріпті. Қолынан бәрі келеді. Әсіресе, малды ауылдың тірлігімен дендеп айналысып жүрген жайы бар. Жүзге тарта асыл тұқымды қойы, бірнеше сиыры, таналарымен оншақты іріқарасы, 6 жылқысы бар екен. Құралып келе жатқан жап-жақсы малы бар. Нұркен атасының Тимурдай ұлы екеуінің болашақта мал шаруашылығын дамыту, сауын фермасын ашу, мал бордақылау секілді жоспарлары бар көрінеді. Әрине, ауылда тұрғаннан кейін мұндай игілікті шаруалардың жөні бөлек, берері мол.
– Жалаңаш ауылынан келген кезімде шын мәнінде қатты таңдандым. Айналасына қарағайлы әсем таулар көрік берген, сай-саласынан сылдырап бұлағы мен өзені аққан, не ексең сол шығатын құнарлы топырағы бар шырайлы мекен бірден ұнады. Мен тұратын, мен өмір сүретін жер тура осы жер, жұмақ мекен дедім. Осында тірлік кешіп жатқаныма қуанбасам, ешқандай өкінішім жоқ. Ауасы қандай, жері қандай, десеңізші?! Жалаңаш нағыз жердің жаннаты-ғой, – дейді Иван ішкі сырын ақтарып.
Иванның жан жары, өмірлік серігі Динара Жақашева Жалаңаш ауылындағы Ж. Ермегияев атындағы орта мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі.
– Біздің көкпаршы Никошадай ұлымыз кішкентай кезінен малға үйір болып өсті. Құлынды, атты жақсы көрді. Малды жақсы таниды. Кішкентай кезінен «Анау көршіміздің малы ана жақта жүр екен, үйінің тұсына айдап келіп тастадым»,-деп жүретін. Тіл-көзден сақтасын, ақылды, ойлы, атасына, әкесіне тартып еңбекқор болып өсіп келеді, – дейді Динара. Ал, үй ішінің, шаңырақтың шырайы, көркі іспетті Аделинаның айналысатын сүйікті істері көп болып шықты. 5 сыныпта оқитын он саусағы өнеріне толы зерделі қыз ауылдағы шығармашылық, техникалық әрі кәсіптік бағдар беретін орталықта қол өнер әрі би жағынан дәріс алып жүр. Мектептегі Мұқағалитануға қатысады. Ақын өлеңдерін жаттайды. Неше түрлі кішкентай мөлдір моншақтардан салған суреттерін, кескіндерін көріп қуанып қалдық. Оның дені қабырғаға ілінген. Үйдің сәнін кіргізіп, ажарын ашып тұр. «Маған домбыра сатып алып берші. Үйренгім келеді. Маған айтыс өнері, терме ұнайды», – дейді қызым. Бір домбыра алып берсек деп жүрміз», – дейді Динара қызы туралы әңгімелеп. «Алтын қызымыздың талабы, талпынысы, ниеті, қалауы бәрі-бәрі жақсы екен. Домбыра деген қастерлі, киелі дүниеміз-ғой, шіркін?! Төрімізге іліп қойсақ та орны бөлек. Домбыра үйренгісі келсе, оны да көріңіздер. Артық болмайды», – дедік біздер.
– Қазіргі жастар ұялы телефонға үйір болып кетті. Бұл жақсы әдет емес. Сондықтан біз Ж. Ермегияев атындағы орта мектептің ұстаздары оқушыларымызды көбінесе, білім мен ғылымның әлемі, алтын қазынасы саналатын кітапханаға қарай икемдейміз. Кітапханаға кіргізіп, жақсы кітаптарды оқуларына негіз қалап жүрміз. Бар ойымыз, бар мақсатымыз өсіп келе жатқан жастарды жаман әдеттерден аулақ ету, адамгершілік, ізгілікті асыл қасиеттерге тәрбиелеу,-дейді Динарадай көзі ашық, көкірегі ояу, түсінігі мол ұлағатты ұстаз.
Рас, қасиетті ел мен жерімізді, тілімізді жанындай жақсы көріп кеткен Иван туралы, оның жып-жылы шаңырағы, бақытты отбасы туралы үзік-үзік сырлар осындай. Осының бәрі жанымызды жылыта түседі. Кең байтақ қастерлі мекенімізде осындай жандардың тұрып жатқаны жанымызды жұбандырады. Күміс бақай қозыларын қолына, аялы алақанына алған еңбекқор Иван, көкпаршы Никоша, он аусағы өнеріне толы Аделинадай көркем қыз, отбасының ырыс-құты, берекесі іспетті Динарадай қарындасымыз көз алдымызда тұрып қалғандай. Жан-жүрегімізбен оларға бар жақсылықты тіледік!
Қ. САТЫПАЛДЫ.
Жалаңаш ауылы.
Суреттерде: 1. Қозы көтерген Иван. 2. Дыцель Иван Андрейұлының отбасы. 3. Сәйгүлік мінген көкпаршы бала Никоша.