Дүниежүзілік үй жануарларын қорғау күні жыл сайын 30 қарашада атап өтіледі. Бұл мерекенің іс-шаралары әлем елдерінде әртүрлі тойланады. Бір жерде жануарларды қатыгездіктен қорғау үшін пикеттер ұйымдастырылса, басқа бір елде жануарларға арналған баспана немесе емхана құруды қолдайтын флешмобтар немесе мысықтар мен иттердің көрмелері өтеді. Әлемнің көптеген елдерінде бұл күні үй жануарларына бұрын тыйым салынған барлық нәрсені жасауға мүмкіндік беріледі.
Іс-шараны құру идеясын табиғатты қорғау қозғалысының белсенділері 1931 жылы Флоренцияда өткен кезекті халықаралық жиналыста ұсынған. Көптеген экология және табиғатты қорғау ұйымдары мен қоғамдары бұл жобаны қолдап, мерекені өткізудің бірнеше нұсқасын алға тартты. Мерекенің құрылуына адамдардың жалпы жануарларға, оның ішінде үй жануарларына деген теріс көзқарасының шиеленісуі себеп болды. Дүниежүзілік үй жануарларын қорғау күнінің мақсаты – қоғамға осы ғаламшарда әрбір тіршілік үшін жауапкершілікті еске салу.
Жалпы, көбінесе үй жануарларына деген қызығушылығын жоғалтқан адамдар қамқорлық жасаудан бас тартып, далаға жібере салатын жағдайлар да жиі кездеседі. Көшеде қалған үй жануарлары толығымен дәрменсіз қалып, әдетте, аштық пен инфекция салдарынан өледі. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін 30 қарашада көптеген елдерде жануарларға арналған көрмелер, наразылықтар, үйшіктер мен ауруханалардың құрылысын қолдау мақсатында мереке атап өтіледі.
Жыл сайын әлем елдерінің ірі облыстары мен қалаларын қамтитын «Қоңырау» акциясы дәстүрге айналып үлгерді. Балалар бұл күні хайуанаттар бақтарына жиналып, бір минутқа қоңырау соғып, тұрғындарды көшеде жүрген және қамқорлық пен сүйіспеншілікті қажет ететін жануарларды қорғау мәселесіне шақырады.
Қазіргі таңда әлемдік рейтингте Ресей үй мысықтарының саны бойынша үшінші орында (АҚШ пен Қытайдан кейін) және иттер саны бойынша бесінші орынды иеленеді екен. Mars Petcare зерттеуінше, соңғы үш жылда Ресейдегі үй жануарларының саны 6,3 миллионға немесе 14%-ға өсті. Олардың ішінде мысықтардың саны басым. Ал, Қазақстан халқы үй жануарларының ішінде мал шаруашығына пайдаланылатын жануарлары жиі ұстайды екен. Атап айтқанда, елімізде қой, сиыр, ешкі, жылқы малдарының саны басым. Төрт түліктен кейінгі орынды иттер иеленеді.
2016 жылы НАФИ аналитикалық орталығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың 26%-ы асыл тұқымды малдарды, тек 9%-ы ғана мысық, ит, қоян сынды үй жануарларын ұстайды. Ал, аквариумдар 3%, атжалмандар мен гвиней шошқалары 2%-ды құрады. Сондай-ақ, қазақстандықтар үй құстарын, тасбақаларды және экзотикалық жануарларды, соның ішінде капибара, фенек, генета және басқаларды ұстайды.
Елімізде үй жануарлары күні 2000 жылдардан бастап Жануарларды қорғаудың халықаралық қорының бастамасымен атап өтіледі. Дегенмен, өкінішке орай, ол әлі ресми түрде бекітілмеген.
Әр жануарға қамқорлық пен махаббат көрсетсек, олар да зардап шекпейді деп ойлаймын. Сондықтан осындай тіршілік иелеріне мейіріммен қарауды ұмытпағанымыз жөн.
Несібелі БЕРДІБЕКОВА,
Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ университетінің 1 курс студенті.
Алматы қаласы.