Жазғы демалыс – балалардың сана-сезімдік қабілетіне жалпы физиологиялық тұрғыда дамуына, дүниетанымдық көзқарасының кеңейуіне мүмкіндік беретін уақыт. Ата-ана да, ұстаздар да балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізгенін қалайды.
Күн жылынып, жадырап жаз келген сәттен бастап, барлық оқушы лагерьлерге асығады. Оқу жылы аяқталғаннан кейін жыл сайын осындай орталықтар сапалы, есте қаларлықтай жаздық демалысты ұйымдастыру үшін талаптарға сай болуға талпынады. Десек те, ата-аналар мен олардың балалары жаз басталса, «Қандай лагерьге баруға болады?», «Қай лагерьге барамыз?» деген сұрақтармен бастарын қатырып жатады. Осы және өзге де сауалдардың жауабын білу мақсатында Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаевамен тілдескен едік.
– Әсел Әблеқызы, есіңізде болса былтыр «Асау Барақ» жекеменшік бастауыш мектебінің ғимаратында жазғы уақытта лагерьге бара жатқан балалар табылған еді. Осы оқиғаны ескере отырып, биыл жазғы демалыс лагеріне деген талаптар күшейді ме?
– Өздеріңізге белгілі былтыр «Асау Барақ» жекеменшік бастауыш мектебіне Алматы қаласының балалары келіп демалған болатын. Бірақ бірқатар мәселелер пайда болып, барлық әлеуметтік желіден көрсетіліп, біраз резонанс тудырды. Қазіргі уақытта ол бойынша қылмыстық іс қозғалып, жауапты тұлғалар жазаға тартылып жатыр. Сондықтан да дәл осындай оқиға қайталанбас үшін, қазіргі таңда барлық жекеменшік мектептер мен балабақшаларға және Қарасай ауданындағы екі демалыс лагеріне де тиісті ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әсіресе жазғы сауықтыру лагеріне қойылатын талаптарды қатаң түрде қадағалап отырмыз.
– Қарасай ауданы бойынша «Арман дала» және «Альтаир» деп аталатын тек қана екі жазғы демалыс лагерьлері бар екені белгілі. Оларға қатысты толық ақпарат беріп өтсеңіз жақсы болар еді.
– Біздің Қарасай ауданы бойынша осы екі лагерь қазір жұмысын бастады. Оларға республика көлемінен де, біздің ауданнан да балалар демалуға барады. Біз техникалық тексерулер жүргіздік. Екі лагерь де барлық талаптарға сай қарастырылған. Ол жақта балалардың тиімді әрі саналы демалуы үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, бассейн, түрлі спорттық ойындар, үш мезгіл ыстық тамақ, жатын орындар, түрлі концерттік бағдарламалар, медициналық көмек қарастырылып, арнайы тәрбиеші топтар жасақталған.
– Жаздық лагерьлерге демалуға тегін жолдамалар белгілі бір санаттар бойынша беріледі ме? Биыл неше бала жазғы демалыс орнына тегін баруға мүмкіндік алды? Олар қандай лагерьлерге жіберіледі?
– Осы жылы «Қазақстан халқына» қорынан 400 тегін лагерьлерге жолдама беріліп отыр. Соның ішінде маусымның 18-нен бастап Алматы облысынан баратын балалар «Тау жанашыры», «Связист» және «Достар Кэмп» лагерьлерінің жолдамалары бар. Одан бөлек 133 бала республикалық «Балдаурен» демалыс лагеріне жіберіледі. Сонымен қатар, қазіргі таңда аудан бойынша дарынды деп танылған үш баланы осы жолдамамен демалатын балалардың қатарына өткіздік. Бұл тегін жолдама тек қана әлеуметтік осал топқа жататын отбасыдан шыққан балаларға ғана емес, сонымен қатар озат, дарынды,оқушылар және түрлі олимпиададан орын алған оқушыларға да арналған. Яғни тегін демалуға мүмкіндіктері бар.
Негізі биылғы жылы 938 балаға тегін жолдама беруге мемлекет тарапынан қаржы бөлініп отыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы жүріп жатыр. Оның нәтижесі маусым айының 20-да белгілі болады. Айта кетейік, бұл конкурс екінші рет қайта ұйымдастырылып отыр. Алғашында лагерьді ұйымдастырушы тараптардың көбі біздің талаптарға сай келмеді. Себебі былтырғы туындаған мәселеден кейін бізде техникалық талаптар күшейтілді. Көбі осы талаптарға сәйкес келмеді. Сондықтан да бұл конкурс қайтадан өткізілуде.
– Білуімізше, жыл сайын мектеп жанындағы жазғы лагерьлер ұйымдастырылады. Оның талаптары қандай? Ақылы ма? Ол жақта тамақтандыру қарастырылған ба?
– Қарасай ауданы бойынша барлық мектепте маусым, шілде айларына мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылады. Тіпті, қазір олар жұмыстарын бастап та кетті. Бұл жарты күндік лагерь болғандықтан, ыстық тамақ берілмейді. Ақылы емес, кез келген бала тегін қатыса алады. Мектеп жанындағы лагерьдің ұйымдастырылу мақсаты – балаларды патриоттық сезімге тәрбиелеу, жазғы демалыстағы бос уақытын тиімді пайдалану, саналылыққа бейімдеу, дүниетанымын кеңейту, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, спорттық ойындар ұйымдастыру. Әсіресе балаларды әлеуметтік желіден, ұялы телефоннан көңілдерін аулау. Биылғы жылы Қарасай ауданының барлық мектептерінде ұйымдастырылған осы лагерьлерге 20 мыңға жуық баланы қатыстырсақ деген жоспар бар.
– Балалардың демалғаны жақсы, әрине. Алайда олардың қауіпсіздігі қаншалықты назарға алынған?
– Қазір балалар жазғы демалысқа кеткендіктен, балалардың өмір қауіпсіздігіне және денсаулық кепіліне ата-аналары тікелей жауапты екенін жеткізгім келеді. Осы ретте ата-аналарға үлкен өтініш жасағым келеді. Құрметті ата-аналар, балаларыңызды су, өрт және жол қауіпсіздігімен қамтамасыз етсеңіздер. Олардың аман сау болғаны тек өздеріңіз үшін ғана емес, біз үшін де, қоғам үшін де аса маңызды.
– Бізбен тілдескеніңізге алғыс білдіреміз. Балалар демалысты алаңсыз, есте қаларлықтай өткізсін дегіміз келеді.
Әңгімелескен Шұғыла ТЫНЫС.