Жақында Ақжолова апамыздың қызы Света Айткелдіқызына телефон соқтым. Ол биология ғылымының докторы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, бірнеше аса қажетті микробиологиялық дәрілердің авторы.
– Апамның халі қалай? Жүз жасқа аман-сау жетті. Құтты болсын! Не істеп жатырсыңдар? – деп қарындасыма сұрақты қоя бастадым.
Ханымбүбі Ақжолова апам күнде дене шынықтыруын жасап, диета бойынша тамағын ішіп, газет-журнал оқып, радио тыңдап, теледидар көріп аман-сау жүріп жатқандығын айтты.
– Жүзге толғанын атап өтейік десек пандемия болып тұр ғой. Мамама сондықтан ешкімді жолықтырмай отырмын. Асыл мамам аман болсыншы, — деді оқымысты қызы.
Иә, менің есіме өткен ғасырдың сексенінші жылдары Ақжолованың айтқан бір әңгімесі түсе кетті.
Аудандық партия конференциясында мені «Екпінді еңбек» газетіне редактор етіп тағайындады. Кабинетіме құттықтап кірген әріптестерімнің бәрі шығып кеткен соң жеке соңында қалған Ақжолова апам мына бір сырын айтқан еді.
– Басшы болу – өте қиын сын, асқан өнер. Әсіресе оқыстан келген бәле-жаладан сақтасын. Ол кезде осы газет «Сталин жолы» деп аталатын, мен редакторымын. Әлі күнге дейін ұмытпаймын 1949 жылдың қақаған қысы. Газеттің кезекті санына қол қойып, түнде жай үйге қайтқанмын. Таң атпай есікті тоқылдатып, НКВД-ның екі қызметкері келіп алды да кетті. Баспаханада у-да шу. Бүкіл басшылар дүрлігіп жүр. «Мынауың не, Ақжолова жолдас? Бұл не масқара?» деп жаңа шыққан газет санын ауданның бірінші хатшысы көрсете берді. Түрі өрт сөндіргендей, әбден қалшылдап ашуланған. «Бұл редактор әдейі қасақана істеген ғой», — деп НКВД бастығы сұрланды. Сонда барып бірінші беттегі «Улы Сталин жолдас жасасын!» дегенді оқып, естен танып, құлап түстім. Бетіме су шашып, есімді жиғызды. Бәрі қалшылдап, дірілдеп сұраққа алды. Ол кездегі ескі әліпбиде «у» әріпінің үстінде ноқат тұрса «ұ» деп оқылады. Міне, сол ноқат ұшып кеткен. Дереу түнде өзім «рұқсат» деп қол қойған газетті ашып қарасам ноқаты бар «ұ» тұр. «Ұлы Сталин» дұрыс жазылған. Дереу бәріміз жапатармағай түйір қорғасынды іздедік. Баспахананың газет басатын ескі машинасынан «у»-дың төбесіндегі ноқат қорғасын ұшып кеткен екен, абырой болғанда тауып алдық. Машинка басушы жас жігітті түрмеге қамап, итжеккенге он жылға соттап жіберді. Мені жұмыстап алып, есеп кәртішкіме жазылған қатаң сөгіс жариялап, үндеместердің «көпір» дегені бойынша бақылауда ұстады. Міне, мынау сол бір түйір қорғасын, — деп апам сөмкесін ашып, беторамалдың шетіне түйген түйіншекті жазып, масадай бір түйір қорғасынды көрсетті.
– Журналист оқ пен өрттің ортасында жүреді. Жазуына, ісіне өте сақ, ұқыпты болуы керек. Соны саған айтпақ едім, — деді ол кісі ақтілеу батасын беріп.
Бір ғасыр жасаған қарияның өміріне көз салсақ, ғұмыр керуенінде ол түрлі сынақ, ауыртпалықтың неше түрін басынан өткеріпті.
Нағыз гүлдеп, бойжетіп қалғанда соғыс басталып, өңкей қыз-келіншек, ауылда қалған әйелдермен бірге бұғанасы қатпай колхоз жұмысына шығып кетеді.
Сол бір сұрапыл жылдарды Ханымбүбі апам қабырғасы қайыса былай еске алады:
«Сойқанды соғыс басталды. Мен онда мектептің жетінші сыныбында оқитынмын. Отан қорғаудың ортақ міндеті мен парызынан ер азаматтардың арасынан ешкім де шет қала алмады. Әкем, нағашы ағам, ер-азаматтар соғысқа аттанып кетті.
Колхоз жұмысының бар ауыртпалығы ауылдағы әйелдер мен бұғанасы қата қоймаған балаларға қалды.
Шаруашылық жұмыстарының қайсысы оңай бола қойсын. Аналарымыздан қалыспай біз де қол орақпен бидай орамыз, шөп жинаймыз, картопты күтіп-баптап, жинап аламыз. Марқұм кішкентай інім Кәкен, сіңлім Самсығамар бәріміз де колхоздың қайнаған жұмысының ортасынан табылып, жұмыс істедік.
Сол кездегі азаматтық жасқа жетпеген балалардың қажыр-қайратына мен қайран қаламын. Олардың кез-келгені еңселерін түсірмей, жігерлі жалындарымен үлкендерден қалыспай жанкештілікпен жұмыс істеді. Соғыс салған бейнетті солайша қасарысқан қажырымызбен жеңе білдік. Бізді ақиық ақын Мұқағали айтқандай «қырқыншы жылдар шымырдай етіп шыңдап шығарды».
Соғыстың тайға таңба басқандай таңбасы әлі есімнен кете қойған жоқ. Соғыстан жазған хаттарында әкем мен нағашы ағам үйдегілерге: «Хат танымағанымыздың азабын көріп жатырмыз. Соғыс та бітетін шығар. Балаларды жақсылап оқытыңдар» деп ақылдарын айтудан жалықпаған еді. Ауылдағы комсомол комитетінің тапсыруымен мөлдіреген жап-жас қыздар майдан даласының өтінде жүрген жауынгерлерге әдемілеп кестелі орамал тоқимыз. Бұл жағынан ине-жіптен бас көтермеуші едік.
Бұған қосымша түннің бір уағына дейін көзіміз талғанша ұршықпен жіп иіріп, жылы жүн шұлық пен қолғап тоқу жұмыстарын да бітіріп жататынбыз. Сонда аналарымыздың қалжырап қалған кездерін көргенде көзімізге жас іркіліп, ет-жүрегіміз елжіреп кететін. Олар болса онысын білдірмеуге, сыр алдырмауға жайбарақат жүргендей жандарын салатын. Сол кездегі аналардың тылдағы еңбектері ерлікпен пара-пар еді десем қателеспеймін.
Өмірдегі қайғы мен қасірет қандай жаман. Ондайлардың талайын көзімізбен көріп, көзі тірі куәсі болдық. Талай жауынгерлердің үйіне қара қағаздар келіп, бала-шағасын улатып-шулатып кеткені адамның сай-сүйегін сырқыратпай қоймайды екен. Бүкіл ауыл болып сол үйлердің адамдарын, туған-туысқандарын шамамыз келгенше жұбатып жатамыз. Көңілдерін табу үшін жылы сөзімізді үйіп-төгіп басу айтамыз. Біздің қолымыздан келер шара жоқ. Қара қағаздардың тасқыны күн сайын толастамайтын. Қаншама үйлер бас иелерінен айырылды десеңізші. Әй, қу соғыс-ай!».
Мектепте жүргенде аудандық газетке мақалалары шығып тұрады. Жасынан журналист болуды армандап, 1944 жылы КазГУ-ге оқуға түсті. Журналистика бөлімінде 14 студенттің екеуі ғана қыз еді. Бірге оқығандарың ішінде соғыстан жаралы болып қайтқан қазіргі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі — Кемел Тоқаев кейіннен үлкен жазушы болды. Қазақстанның Мәдениет министрі болған ғалым Мүсілім Базарбаев, оқымысты жазушы Мұқан Иманжанов сияқты белгілі тұлғалар шықты. Ректор Төлеген Тәжібаев, қазақ әдебиеті мен тілінен Бейсенбай Кенжебаев, Мәулен Балақаев, саяси экономикадан Сақтаған Бәйішев, химиядан Бірімжанов секілді ұстаздардан тәлім-тәрбие алды. Әсіресе Мұхтар Әуезовтің дәрісіне студенттер өте ынталы, аудитория лық толып кететін еді. Университет бітірісімен бірден «Социалистік Қазақстан» газетіне тілші болып орналасады. Одан Алматы облыстық партия комитетінің жолдамасымен Жамбыл аудандық «Большевиктік жол» газетіне редактор болып бекітілді.
Қолынан қаламы түспей қаншама мақала жазды десеңізші. Көптеген жас таланттарды тәрбиелеп, қанатының астына алып, жазу-сызудың сырын үйретті.
Ақжолова мектебінен тәрбиеден өткен қаламгердің бірі мен едім.
Титтейімнен жазу-сызуға құштар болып өстім. Бірге оқитын балалардың көбі поэзияға, әдебиетке ғашық еді.
Біздер Жамбыл ауылының әдебиетке құмар, ғашық жасөспірімдері жиналып, кешке әдебиет жайлы пікір таластыратынбыз. Мүсірәлі Молдахметов деген ақын жігіт болды, өлеңдері құйылып тұратын. Оның інісі Сейітхан Молдахметов, сыныптасым Жұмабай Шаштайұлы, Қанат Қанаткулин, тіпті Әділбек Кемелхановтар да өз жазғандарын ортаға салатын.
Бәрі аудандық газетке мақала, өлеңдерін шығарады, ондай кезде құбылыс – ғажап жаңалық!
Мен газет редакциясына бара алмай жүрексінемін. Жұмабайлар барып: «Жұмаш Арғымбаев, Ханымбүбі Ақжолова деген кісілер істейді» дегенде классиктермен танысып қайтқандай таңқалатынмын. Біз ол кісілердің аты-жөнін тек газет беттерінен көріп жүрдік.
Мақала, өлеңдерім шығып тұрғанымен редакцияға бара алмай-ақ мектеп бітірдім, Қиыр Шығысқа әскерге аттандым. Одан келген соң құрылысшы болдым, мәдениет бөлімі автоклуб меңгерушілігіне шақырып, үш айдай сонда істедім. Бір күні аудандық газеттің редакторы шақырып жатыр деді. Бардым. Шашы бурылдана бастаған редактор Әбілғазы Тоғызбаев жылы қабылдады.
– Жазуың жақсы. Партияда бар екенсің. Сені газетке корректор етіп қабылдаймын, – деді бірден. Төбем көкке екі елі жетпей қалды. Редакцияда Ханымбүбі Ақжолова, Тұрсынбек Ешенқұлов, Сәдуақас Бигелдиев, Еркін Құтпанбаев, Жұматай Қалығұлов, Базарбек Атшабаров, Жұмағали Жұмаділов, Махан Әміреев, Өмірәлі Смайылов секілді кілең нарқасқа мықты журналистер істейді екен.
Осылардың бәрінен тәлім-тәрбие алдым. Газет түнде, түн жарымда шығады. Бәрі қолмен теріледі. Бірақ бұл журналистер газетке ғашық еді, мамандықтарының майталмандары болатын. Әрқайсысының өз ізі бар.
Өзім құралпас Өмірәлі: «Ал, жұмысқа тұрғаныңды жуып жібер»- деді. Редакцияға тиіп тұрған гастроном бар, жүгірдім. Екі шиша шарап жеткіздім.
Сол кезде Ақжолова апай мені өз кабинетіне шақырып алып:
– Сен тым жассың, талантың бар. Менің ақылымды алсаң ешуақта арақ ішпе! – деді Ақжолова бірден сұқ саусағын безеп. – «Арақ ішкен азады» — деген. Сенің жазғаныңа сүйсінемін. Ал, оған үйір болсаң, біттім де. Сақ бол! – деді жылыұшырай.
– Жақсы, рахмет! – Мен ішпеймін, – деп апамның алдында уәде бердім.
Редакцияда күнде думан-той. Авторлар келеді, ақындар, ақын боламын дегендер келіп жатады. Сөмкелерінде сыңғырлаған бөтелке. Жігіттер мәз, күнде дырду, жұмыс соңында қызара бөртіп, шиқылдап қалады.
Ал, мен татып алмадым.
Ақжолова апамыз – бастауыш партия ұйымының секретары, қатал, бәріміз алдынан сымдай тартылып өтеміз. Кезінде осы газеттің редакторы болған, бір газетте табаны күректей отыз жыл істеген. «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» деген жоғары атағы бар. Өзі ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі.
Жұрттың бәрі – бұл кісіні атымен емес ылғи фамилиясымен «Ақжолова» деп атап кеткен.
Мен сол аудандық «Екпінді еңбек» газетіне корректор болып қабылданып, кейін радиотілші, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редакторы болып, барлығы он алты жыл жұмыс істедім. Жиырма бір жасымда келіп, отыз жеті жасыма дейін осы редакцияның ыстық-суығына араластым.
Жұмабай Шаштайұлы, Сейітхан Молдахметов, Жолдасхан Құрамысов, Әлімжан Дәуітов, Есенқұл Жақыпбеков, Талғат Сүйінбаев, Нүсіп Әбдірахымов, Манарбек Ізбасаров, Рәтбек Терлікбаев, Нұрлан Әбдібеков, Ержан Мұсаев, Керімбай Нүсіпқұлов… тағы басқа сайдың тасындай талантты жігіттермен бірге қал-қадіріміз келгенше жұмыс жасадық.
Осындай таланттар шығарып, тәрбиелеуде журналистер ұстазы Х. Ақжолованың атқарған, тәрбиелеген ісі ұшан-теңіз. Қазір қарап отырсақ, өндірдей талантты жастарға «ішімдіктен аулақ бол!» деп ұрсып жүруші еді. Бәрі ол кісіден қорқып, қаймығатын. Үлкен-кішісі бар кейбірі азырақ ұрттап алатын. Біраз таланттар сол заһардың уытына өртеніп кетті. Мәселен, Өмірәлі Смайылов қандай керемет талант еді, өлең де, әңгіме де жазатын. Бірақ қоя алмай, тілді алмай ақыры ерте үзіліп кетті, күйіп кетті.
Ханымбүбі әпкеміз – қамқоршы болды. Редакцияда ғана емес, маған өмірімде де көп көмегін тигізді. Әкем қайтыс болғанда күйеуі Мырзабай Сүйінбаев жездеміз екеуі қасымда тұрды. Үйленгенімде құдалыққа барып, тойымды басқарды.
Ылғи ақыл-кеңесін айтты. Ағаштың биік, тік өсуі үшін бап керек, күтім қажет қой. Сол сияқты маған ылғи ақыл-кеңес беріп отырды.
Қай жерде, қандай ортада болмайын Ханымбүбі Ақжолова апамды ылғи төрге шығарып, «ұстазым», «әпкем» деп ардақ тұтамын. Қызы Света – қазір биология ғылымының докторы, үлкен ғалым. Немересі Айгерім өте тәрбиелі, ақылды. КИМЭП-ті бітіріп, магистратурада оқып, қазір шетелде үлкен қызметте.
Міне, Ханымбүбі апамыз жүздің төріне де келіп қалыпты. Әлі де бақуатты, әлі де ол кісінің алдында баладаймыз. Ешуақытта артық айтып көрген жоқ. «Қыздың тілеуі жақсы» демекші тілеуімізді тілеп, түгендеп жүреді, жақсылығымызға қуанады. Ол кісіге еркелегіміз кеп тұрады. Сонау бір жалындаған жастық шақтағы жұлдызды жылдар еске түседі. Маған телефон шалып, хабарласқан сайын Жамбыл ауданы, ондағы аудандық «Атамекен» (бұрынғы «Екпінді еңбек») газеті туралы әңгімелейді. Сонау жылдардағы аудандық газеттің қазанында қайнап, піскен талантты журналист-қаламгерлердің бүгінгі биік табыстарына қуанады. Әлі күнге дейін қазақ тілді газет-журналдарды жібермей қадағалап оқып тұрады. Қызық жарияланымдарды, шәкірттерінің шығармалары шыққан газеттерді көрсетіп, әкеп береді. Әсіресе, Орысбай Әбділдаұлы мен Нүсіп Әбдірахымның жазғандарын ерекше әспеттейді.
Осыдан он жыл бұрын ирқсанға толғанда Алматыда үлкен кеш өткізіп, кітабын шығарған едік.
Міне, зырылдаған уақыт ХХІ ғасырды да көктей өтіп барады. Журналистиканың қара қазаны болған сонау жиырмасыншы ғасырдағы таралымы он мың данаға дейін өскен Алматы облысы Жамбыл ауданы «Екпінді еңбек» газетіндегі тәтті де, сәтті күндер жайлы сағына еске аламыз. Бәрімізді анадай аялаған, ақылын айтқан қырық жыл газетте істеп, ғасыр жасаған Ханымбүбі Ақжолова апамызға бүгіндері әппақ болған ақ басымызды иеміз.
– Он бес жасымда Жамбыл ата ақ батасын берген еді. Мәскеуден онкүндіктен келген соң Ұзынағаштағы клубта үлкен жиналыс өтті. Сонда оқушылар атынан сөйлеп, гүл тапсырып, ақ сақалды абыз атамның мойнына қызыл галстук тақтым. Тоқсандағы ұлы ақын сонда маңдайымнан сипап «Бақытты бол, қарағым!» деген еді. «Ақ бата алысқа апарады» дегендей ХХ ғасырдың Гомері атанған алып жыраудан алған ақтілеу мені осы әлетке жеткізді. Өмір жолы – сан тарау. Жақсылық ойласаң, төңірегіңе шапағат шашып жүрсең – жаның жадырап, жасың ұзақ болады. Мен қадалып қалам ұстаған, ақ қағазға мөлдіретіп інжу-маржан ойларын тізген барша қаламгерлерге бақыт тілеп, Жамбыл ата жасына келсін деймін, — деді ғасыр жасаған апам.
Көкейімде жаттап, қаттап барған сан-сұрақтардың тек біреуін ғана айтайыншы:
– «Алпыс – өр шағы, жетпіс – дер шағы, сексен – жер шағы, тоқсан – шер шағы, жүз — кек шағы» деуші еді бұрынғы қариялар. Қарты бар елдің қазынасы бар. Айтыңызшы, осы өмір дегеніміз не? – дегенімде ол кісі аз-кем үндемей ойланып қалды да, былай деді:
– Өмір — керуен жолы, біздер – жолаушылармыз. Тіршілік заңы – күрес, ғұмырың мазмұндылығымен таразыланады. Міне, Алланың берген сыйы шығар, жүз жастан асып барамын. Еске алатын күндерің арқылы ірі оқиғалар, шапағатты сәттер – сенің өмірің. Өткен сәт — ешуақ қайта оралмайды, ең қымбат байлығың – асыл уақытың. Сол уақытымызды өкінбейтіндей сапалы, саналы өткізе білсек қой шіркін!.. Ұлы ұстазымыз – өмір. Бір ғасыр жасымдағы ең бақытты шақ – Тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі көрінісі. Тәуба, шүкір осыған жеткізіп, көрсеткеніңе деп еліме береке, құт тілеймін!
Ақылды қария – ағып тұрған дария ғой. «Көпті көрген дана болады» демекші өткен ғұмыры жайлы көл-көсір айтқандары өзінше ғибратты үлкен бір дүние. Ал, негізгі түйінін ақжарылқап ақ тілеуін ел-жұртына жеткізуге асықтым.
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы.