Ағымдағы жылдың ақпан айының 15-і күні 10 жылға созылған Ауғанстан Демократиялық Республикасы жеріндегі соғыстың аяқталып, көмек ретінде жіберілген Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің ел аумағынан шығарылғанына 36 жыл толды. Бөтен елдің мүддесін қорғаған Кеңес әскері құрамында Қазақстаннан талай жауынгер интернационалдық борышын өтеді. Мыңға жуығы ерлікпен қаза тапты.
Тарих бетінде өшпес із болып қалған сол бір соғыстың құрбандарын ардақтап, еске алу үшін елімізде жыл сайын түрлі деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылып, ардагерлермен кездесулер өткізіліп тұрады. Осыған орай, өткен аптаның сенбісі күні Қаскелең қаласында интернационалист-жауынгерлер құрметіне қойылған мемориал жаныңда салтанатты шара өтті.
Мемлекеттк Гимнмен басталған шараның алғы сөзін аудан әкімі Жасұлан Естенов алып, өздерінің интернационалдық борыштарын абыроймен атқарған жауынгерлердің ерліктері тарих беттеріне жазылып, мәңгі есте қалатындығын айтып өтті.
– Сол бір қатігез соғыстың аяқталғанына биыл 36 жыл толып отыр. Бұл – біздің тарихымыздағы қаттаулы оқиғалардың бірі. Қаншама жауынгер бүгінде ортамызда жоқ. Елімізден аттанған 22 мың жастың қатарында 373 жерлесіміз бар еді. Олардың 14-і туған еліне оралмай, сұрапыл соғыстың құрбаны болды.
Отан алдындағы қасиетті борышын адал атқарып, бейбітшілік үшін күрескен боздақтарымыздың жасаған ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді Жасұлан Тоққожаұлы.
Аудан басшысынан кейін сөз кезегі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Ерлан Абдықалықов, аудандық Ауған соғысы ардагерлер қоғамы бірлестігі төрағасының орынбасары Әділ Абдықалықов және ауған соғысының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Серік Бертайұлына берілді. Әрбірі жауынгерлердің ерлігін айтып, мұндай соғыс енді болмауын, жас ұрпақтың бейбіт аспан астында өмір сүруін тіледі.
Мұнан соң ауған жерінде интернационалдық міндетін орындау жолында қаза болған боздақтарға арналып бір минут үнсіздік жарияланып, ескерткішке гүл шоқтары қойылып, олардың рухтарына тағзым етілді.
Салтанатты жиын әрі қарай аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мерекелік кеште аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы жиналғандарға тағы бір мәрте ризашылығын білдіріп, еліміздің ынтымақ, бірлігін сақтауда, жастарға патриоттық тәлім тәрбие беруде үлестерін қосып жүрген бірқатар ауған соғысы ардагерлерімен қанды майданда қаза болған жауынгерлердің әйелдерін өз атынан Алғыс хаттармен марапаттады.
Кеш соңы ауданымыздың өнерлі өнерпаздары ардагерлерге арнап дайындаған тамаша концерттік бағдарламамен тәмамдалды.
Айта кетейік, 1979 жылы басталып, 10 жылға жуық уақыт созылған Ауған соғысы қазақ елінің тарихының ең қаралы парақтарының бірі болып қала береді. Оның зардабы мен шығыны біздің мемлекетімізге тым ауыр тиді. Ашып айтқанда, Ауғанстан елдегі шиеленісті жағдайды шешу үшін 1979 жылы Кеңес Одағы тарапынан көмек ретінде 620 мыңға жуық әскер жіберілген еді. Оның 22 мыңнан астамы қазақстандықтар болды. Нәтижесінде 925 азаматымыз ұрыста алған жарақаттарымен ауруларынан қаза тапты. 1015 жауынгеріміз елге оралғанымен, сол кездері алған ауыр және жеңiл жарақаттарының салдарын әлі де көруде. 21 жас солдаты хабар-ошарсыз кетіп, олардың тағдыры бүгіннін өзінде белгiсiз. Десе де сол жылдары әскер қатарында болған қазақ сарбаздарының табандылық пен ерлік танытқаны тарих беттерінде өшпестей жазылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.