ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 13 мамырындағы №257 Қаулысымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын іске асыру жөнінде 2019-2021 жылдарға арнайы іс-шаралар жоспарланған. Осы аптада соның ішіндегі аталмыш жобалардың бірі – «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде бір мезгілде латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиін қолдану арқылы жалпықазақстандық ашық диктант жазылды. Мұндай іс-шара біздің аудан көлемінде де синхронды түрде жүзеге асырылды.
Бір уақытта басталған ашық диктанттың тақырыбы «2019 – Жастар жылы» деп аталды. Мұнда латын әліпбиіне қатысты емле ережелері мен ескертулер ескерілді. Осылайша жаңа әліпби реформасын қолдаушы аудан тұрғындары болашаққа нық қадам басып, латын графикасын бір кісідей қолдауға атсалысты. Жалпы саны 5416-ға жеткен қатысушылардың қатарында этно-мәдени бірлестіктің мүшелері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер, кітапханашылар, «Тіл» әдістемелік орталығының мамандары, мектеп оқушылары, студенттер, жеке тұрғындар да болды. Арнайы комиссия мүшелерінің қадағалауымен өткен жазбаша тапсырма бір сағатқа жалғасты.
Ашық диктанттың нәтижесі бойынша 1350-і өте жақсы бағаланса, 2430 қатысушы жақсы, ал қалған 1636-ы орташа бағаға лайық болды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.