Бүгінгі заман – мыңды жығатын білімге сенетін кезең. Өйткені оқу-білім жүйесінің үнемі жаңаруы өркениеттің талабы. Ал сапалы білім жарқын болашақтың кепілі екені айтпасақ та түсінікті.
Расын айтқанда, әр елдің даму сатысынан көрінуі ондағы халықтың білім мен біліктілігіне байланысты. Сондықтан жетістікке жетелейтін білім саласына көңіл бөліну – заңдылық. Біздің елімізде жыл сайын бұл жүйеге тың өзгерістер енгізіліп, сапалы білімнің қалыптасуы жолында саналы ұрпақ тәрбиеленуі үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы ретте Қарасай ауданындағы білім саласына көңіл аударуды жөн санап, аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаевамен тілдескен едік.
– Әсел Әблеқызы, әңгімеміздің әлқисасын аудандағы білім сапасымен бастасақ. Алдымен Қарасай ауданы бойынша 2022-2023 оқу жылындағы басты көрсеткіштерге тоқталайықшы. Былтырғымен салыстырғанда өзгеріс бар ма?
– Сауалыңызға рақмет. Алдымен Қарасай ауданындағы білім мекемелерінің саны жайлы азды-кем ақпарат жеткізсем деп едім. Біздің ауданда жалпы мектептің саны – 62. Атап айтқанда, 52-сі мемлекеттік болса, оның үшеуі бастауыш мектептер. Ал жекеменшік білім ошақтарының саны – 10. Қазіргі таңда аудан бойынша төрт мектеп бейімделген ғимаратта орналасқан. Олар: Ушинский атындағы орта мектеп, сондай-ақ Долан, Бұлақты, Исаев бастауыш мектептері. 2022-2023 оқу жылында 78 312 оқушымен білім сапасын 65,7% көрсеткішпен аяқтадық. Ал 2021- 2022 оқу жылында 62,3% білім сапасын көрсеткен едік. Осыдан-ақ биылғы жылы 3,4 % білім сапсының айтарлықтай жоғарылағанын байқауға болады.
– Өте тамаша. Жыл сайын мектеп бітіруші түлектердің арманы грантқа түсу екені белгілі. Биыл біздің ауданда неше оқушы білім грантына ие болды? Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш қандай?
– Жалпы мемлекеттік мектептерден биылғы жылы 2460 түлек бітіріп, 2224 оқушы ҰБТ тапсырды. Жақында ғана жарияланған грант иегерлерінің нәтижесі бойынша 973 түлегіміз мемлекеттік грантты жеңіп алды. ҰБТ бойынша сапа – 43,7%. Былтырғы оқу жылында 805 түлек мемлекеттік грант иегері атанып, ҰБТ-дан сапа ретінде 39,2% көрсеткен болатынбыз. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда, әрине, биылғы оқу жылының сапасы жақсы. Яғни, 4,5% жоғары көрсеттік. Жеке меншік мектептер бойынша да нәтиже жақсы. Атап айтсақ, 227 түлектің 216-сы ҰБТ тапсырып, 164 түлек мемлекеттік гранттың иегерлері атанды. Осы орйда ата-аналар мен түлектер назарына әлі де грантты жеңіп алу мүмкіндігі бар екенін хабарлағым келеді. Ол қандай мүмкіндіктер екеніне тоқтала кетейін. Біріншіден, игерілмеген гранттар қайтадан үлестіріледі, яғни, грант алған талапкерден кейін тұрған талапкерлерге беріледі. Екіншіден, жергілікті бюджеттен бөлінетін әкімдік гранттары бар. Үшіншіден, «Қазақстан Халқына» қорынан бөлінетін гранттарды да ескеру керек. Толық мәліметті ЖОО-дағы қабылдау комиссиясынан алуға болады.
– Әсел Әблеқызы, қазіргі таңда мектептердің үшауысымда оқуы өте өзекті мәселеге айналды. Мұндай жағдай біздің ауданда да бар екені жасырын емес. Қарасай жерінде осындай мектептердің саны қанша? Бұл мәселе қалай шешілуде?
– Әрине, өздеріңіз де білесіздер біздің ауданда халық саны күннен күнге өсуде. Ол қуантарлық жайт. Алайда осыған байланысты біршама өзекті мәселе бар, ол өзіңіз айтып отырған үшауысымды мектептер. Қазіргі таңда Қарасай ауданында 52 мектептің 11-і үшауысыммен білім беруде. Атап айтар болсақ, олардың қатарында Л.Толстой, А.Байтұрсынұлы, К.Әзірбаев, Қ.Сәтбаев атындағы және Көкөзек, Үштерек, Жармұхамбет, Кемертоған, Қошмамбет орта мектептері, сонымен қатар Бұлақты және Долан бастауыш мектептері бар. Барлығының шешу жолы қарастырылуды. Мәселен, Л. Толстой мен А.Байтұсынұлы атындағы орта мектептеріне 600 орындық жапсаржай салынуда. Олар жаңа оқу жылында қолданысқа беру жоспарда тұр. Сол сияқты Үштерек пен Жармұхамбет ауылдарында 600 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Одан бөлек, қуанышты жаңалықтың бірі ретінде «Жайлы мектеп ұлттық жобасы аясында аудан бойынша 10 жаңа мектептің салынуын айрықша атап өтуге болады. Нақты айтқанда, Қаскелең қаласы мен Көкөзек, Елтай, Долан, Бұлақты, Жалпақсай, Кемертоған, Жандосов, Қырғауылды, Қошмамбет ауылдарында жаңа білім ошақтары бой көтереді. Осы ретте мұндай ауқымды істің жүзеге асуына аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлының үлесі зор екенін ерекше айта кету керек. Аудан басшысы сол мектептерге қажетті жер телімдерін анықтауға көп көмегін тигізді. Міне, үшауысымды оқыту үдерісінен арылу үшін осындай жұмыстар атқарылуда. Осылайша 2027 жылға дейін үш ауысымды мектептердің мәселесін түбегейлі шешу жоспарланып отыр.
– Биылғы білім саласында атап айтарлықтай қандай өзгерістер орын алады?
– Биылғы жаңа оқу жылында біршама өзгерістер күтіліп отыр. Бүгінгі таңда министрлік оқушыларды тамақтандырудың Ұлттық бағдарламасының жобасын іске қосты. Ол дегеніміз бастауыш сынып, яғни, 1-4 сынып оқушылары толықтай бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл бойынша бюджеттен қаржы бөлінді. Ендігі мәселе ретінде мектептердің асханасын, олардың базасын дайындау жұмыстарына назар аударылып отыр. Сонымен қатар, жол картасына мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім беруді дамыту, білім беру сапасын бағалау, инклюзивті білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, қосымша білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар енгізілді.
– Расымен де, жақсы жаңалықтар бар екен. Өзіңіз білетіндей, жыл сайын оқу жылының алдында «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып жатады. Осы жайлы айтып өтіңізші.
– 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жаса» ұранымен «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Бұл игі басатаманың аясында мектептегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың балаларын мектепке дайындау, мектепке келмеудің алдын алу үшін тиісті іс-шаралары қолға алынады. Осы сұқбатты пайдалана отырып, аудан тұрғындарын, меценаттар мен демеушілерді, жалпы айтқанда жаны жомарт жандарды «Жақсылық жаса» ұранымен осы акцияға бір кісідей атсалысуға шақырамын. «Мектепке жол» акциясына байланысты сұрақтар болса, қандай да бір көмек қажет болған жағдайда ауданды білім бөлімінде іске қосылған шұғыл желілердің мына нөмірлеріне хабарласуға болады: 8-747-664-51-07; 8-705-122-12-23. Тағы бір айта кететін жайт, «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан арнайы санаттағы 10 450 оқушыға мектеп формасы мен мектепке қажетті кеңсе тауарларын сатып алу үшін әр балаға тиісілі 40 567 теңге көлеміндегі қаражат олардың ата-аналараның есеп шоттарына аударылды
– Биыл 1 сыныпқа баратын оқушылардың саны нақтыланды ма?
– 2023-2024 оқу жылына 1 сыныпқа құжаттарды қабылдау 2023 жылдың 1 сәуірі мен 1 тамызы аралығында электрондық форматта жүзеге асты. Нақты айтқанда, www.egov.kz порталы арқылы 1 сыныпқа 6 жастағы балалар қабылданды. Сонымен қатар, 31 желтоқсанға дейін алты жасқа толған балалар да бірінші сыныпқа қабылданды. Айта кету керек, электрондық форматта құжат тапсырып үлгермеген ата-аналар мектептерге тікелей барып өтініштерін қалдыра алады. Бастысы бүлдіршіндер оқумен қамтылмай қалмауы керек. Бүгінгі күнге дейін www.egov.kz порталы арқылы 1 сыныпқа 7793 бала қабылданды. Өтінім бойынша оның 6482-сі қазақ сыныптарына, 1387-сі орыс сыныптарына қабылданған.
– Сұқбатымыздың соңын алда атқарылатын жұмыстармен аяқтасақ. Қарасай ауданында келер оқу жылында қандай жаңалықтар орын алады?
– Былтырғы оқу жылында қолға алаған игі бастамалар мен жемісті жобалар жалғасын табады. Қазіргі уақытта білім берудің барлық деңгейінде тәрбиелік компонентті толықтыру міндеті тұр. Сондықтан біз биылғы оқу жылында «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасының жоспарын әзірлеп жатырмыз. Соның аясында барлық білім беру ұйымдарында «Әкелер мектебін», «Аналар қоғамдастығын» енгізетін боламыз. Бұл өте маңызды. Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегендей, тәрбие жұмысын қолға алып, сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі жаһандану кезеңінде өте маңызды болып тұр. Сонымен қатар, мектеп директорлары мен педагогтердің әлеуетін, біліктілігін арттыру мақсатында қалалық мектептермен жобалар, Ұлттық академиямен түрлі бағыттағы жұмыстар жоспарланып отыр. Сонымен қатар білім сапасын көтеру мақсатында бірнеше жобалар іске асырылатын болады.
– Барлық айтқан ақпаратыңызға рақмет. Алдағы ісіңізге сәттілік тілеймін!
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.