Қаскелең қаласының аумағынан тыс жерде орналасқан «Шалқар» атты саяжай массивінің адамдары қастарындағы құбыр мен пластик жасайтын зауыттан келетін жағымсыз иіс әбден мазамызды қашырды деп шағымдануда. Олардың наразылықтарына құлақ асқан қала әкімі Асқар Мұқашев осы аптаның сейсенбісі күні аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары мен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің мамандарымен бірігіп, аталмыш зауытқа барып қайтты.
Аталған саяжайды сасық иіс жайлағалы екі жыл болған. Нақтырақ айтқанда, осынан жер сатып алып, өзінің құбыр мен пластик жасайтын зауытын ашқан жеке кәсіпкер осыдан екі жыл бұрын кәсібінің аумағына сиыр, бұқа, түйе сияқты қара малды, сондай-ақ, шошқа әкеліп өсіре бастаған. Алайда, малының тұрған жерін, оның аймағын тазаламағандықтан жағымсыз иістер пайда болған. Саяжай тұрғындары сол уақыттан бері округ әкіміне де зауыттың басшылығына да бірнеше рет барып, арызданған. Алайда, ауласын әртүрлі жануарға толтырған кәсіпкер малдарын көбейтпесе азайтар түрі жоқ. Қазіргі уақытта тұрғындар не істерін білмей әлек болып жүр.
– Міне, екі жылдан асты осы мәселені қалай шешерімізді білмейміз. Жағымсыз иістің кесірінен жүріп-тұрудан қалдық. Үйімізде отырып, тереземізді аша алмаймыз, біріншіден, мынандай иіспен дем алу мүмкін емес, екіншіден, шыбын-шіркей келіп әбден мазаны қашырады, – деді саяжайдың тұрғыны Айдын Сағымдықов.
Тұрғындар жағымсыз иістің тек күннің суық кездерінде ғана кететіндігін айтады. Тіпті, кейбірінің үйлерін салу үшін жалдаған құрылысшылары иіске төзбей кетіп қалған жағдайлар да орын алған.
– Мына иіске біз тұрмақ үйімізді салуға жалдаған адамдар да төзе алмай жатыр. Құрылысшыларды жалдайсың, олар біраз күннен кейін кетіп қалады. Бұл мәселе әбден мазамызды қашырды. Оның үстіне ең жаманы зауыттың басшылығы әрі қарайда санитарлық талаптарды сақтамайтын болса неше түрлі жұқпалы аурулар да пайда болуы мүмкін, ал, мұнда тұрып жатқан отбасылардың көбінде 3-4 баладан бар, – деп ашынды Қуаныш Лаубаев.
Тұрғындардың зарын естіп келген қала әкімімен кездесу барысында жиналғандар одан бұл мәселені бір жақты етіп шешіп беруін сұрады. Халықтың шағымдарын мұқият тыңдаған Асқар Өкенұлы тұрғындармен, аталған бөлімдердің мамандарымен бірге зауытты тексеруге барды. Алайда, оның басшылығын орнынан таба алмады. Сол жерде телефон арқылы байланысып, зауыт басшысынан жақын арада әкімдікке жердің құжаттарымен келуді сұрады. Ал, шағымданып жиналған жұртқа зауыт басшылығымен кездесіп, бұл мәселені жан-жақты қарап, міндетті түрде шешіп беруге уәде берді.
– Бұл құрылып жатқан жаңа саяжай қаланың аумағына кірмегенімен де біз бұл мәселені шешуге көмектесеміз. Алдағы бір-екі күнде зауыттың басшылығымен кездесіп, жер учаскесінің мақсаты тексерілетін болады. Егерде оның мұнда мал бағуға рұқсаты болмаса, біз оны жауапқа тартамыз, ал егер рұқсаты болса, онда бұл жағдайды шешудің басқа жолдарын қарастырамыз. Не болса да тұрғындарға қолайсыздық әкеп отырған жағымсыз иістің мәселесін шешеміз, – деді Асқар Мұқашев.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.