Тамыз айының үшінші жексенбісі Спорт күні екені баршаңызға белгілі. Айтулы мереке ауданымыз бойынша жыл сайын өз деңгейінде аталып өтіліп, түрлі спорттық шараларға ұласып жатады.
Мерекелену дәстүрінен жаңылмаған Спорт күніне орай және ауданның 90 жылдығына байланысты, өткен аптаның сенбісінде Қаскелең қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жарыс өтті. Аудандық спорт бөлімі ұйымдастырған сайысқа Жамбыл, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары мен Алматы қаласынан келген, сондай-ақ, қарасайлық спортшылар да бақ сынасты.
Шараның ашылу салтанатында аудандық спорт бөлімінің бас маманы Нұрлан Жұманов, аудандық «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының президенті Тәжіғали Ходжамұратов және басқа да сайысқа қазылық ететін төрешілер сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мүмкіндігі шектеулі жандар ашық турнир аясында дзюдо, армрестлинг(қол күрес), бадминтон және үстел теннисі ойындары бойынша қабілеттіліктерін танытып, жақсы ойын өрнегін көрсете білді.
Мерекеге орай ұйымдастырылған жарыстың қорытындысы бойынша қарасайлықтар І орынға ие болса, Талғар ауданынан келген спортшылар жүлделі ІІ орыннан көрінді. Ал, ІІІ орынның жүлдесі Жамбыл ауданынан келген командаға бұйырды.
Әдеттегідей, спорттық бәсекенің соңында барлық жеңімпаз командаларға медальдар мен Алғыс хаттар табысталды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.