«Қуантсаң баланы қуант» демекші, оларға көрсетілген ілтипат әрдайым естерінде қалады. Осы ретте Қаскелең қаласындағы зерде бұзылыстары бар балаларға арналған қосалқы мектеп-интернатының тәрбиеленушілері үшін эстрада әншісі Нұрбол Құрманның концерті болды.
Волонтерлер жылы аясында аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған шараның мақсаты анық: аталған интернатта оқитын ерекше балалардың өмірге деген қызығушылығын арттырып, мейірімділік, қайырымдылық пен қамқорлық таныту және бір сәт болсын көңілдерін жадырату болатын.
Нұрбол Қаскелең қаласының тумасы. Осы жерде туып-өсіп, оқыған. Биылғы Еріктілер жылына елеулі өз үлесін қосуға ниеттеніп, тегін концерттік бағдарламаларын өткізуді бастағанда, зерде бұзылыстары бар балаларға арналған қосалқы мектеп-интернатын таңдауы бекер емес. Себебі, ол музыкалық білімін жетілдірген соң алғашқы еңбек жолын аталған интернатта мұғалім болып бастаған екен. Сондықтан бұл жерде оқитын балалар, оған бір табан жақын десе де болады. Нұрболдың игілікті іске бағытталған бастамасын қолдауға әріптес досы әнші Ұлан Байтақ та келген екен. Ұлан эстрадағы хард-рок бағытында шығармашылығын жетілдіруде. Шоу-бизнесте аса танымал емес, ерекше стильде ән шырқайтын Ұлан той әндерін жазудан мүлдем бас тартқан. Дегенмен ән қоржынында көңілді әуендер болса да балалардың алдында ерекше стильді әндер орындауға бірден келісім берген. Екеуі де жастайынан өнерге жақын болғанымен, үлкен сахнаға енді аяқ басып жатыр.
Алайда бұл концерттік шараның орны ерекше болды, балалардың көңілдерін бір серпіліп қалғаны жүздерінен айқын аңғарылып тұрды. Сазды кешке жиналған интернаттың тәрбиеленушілері жас өнерпаздарды ду қол шапалақпен қарсы алды. Қос әнші кезек-кезек сахнаға көтеріліп, әсем әндерімен балалардың жанын жадыратты. Сонымен қатар, олар осы сахнада еш жерде әлі орындалмаған «Жан анам» әнінің тұсауын кесті. Дүниеге өз ерекшеліктерімен келген балалардың көңілінен шығу өте қиын. Десе де, жүректен шыққан әуендер, ыстық ықылас интернат тәрбиеленушілеріне әсер бергені анық. Әншілер ән айтып қана қоймай бүлдіршіндермен бірге билеп, суретке де түсті.
Шараны аудандық Жас-тар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова өз сөзімен қорытындылай келе, балаларды қуанышқа бөлеуді жөн санап, тәттілер таратты. Өз кезегінде мектеп әкімшілігі де бәрінің көңілін бір серпілткен кеш үшін алғыстарын білдірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұндай бастаманы алдағы уақытта ауданымыздағы бірқатар әлеуметтік мекемелерінде өткізу жоспарлануда.
Бұрым ОРЫНБАСАР.