Полиция – тыныштыққа жауапты, халықтың қорғаны. Дегенмен олардың қызметтеріне көңілі толмайтындардың қатары аз емес. Тәртіп сақшыларына тұрғындардың қоятын талабы да, айтатын өтініші де бар. Көптің көңілінде жүрген осындай мәселелердің басын ашу үшін жақында ғана қызметке тағайындалған Қарасай аудандық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Талғат Беркінбаевпен тілдескен едік. Жол-көлікке қатысты сұрақтарды қойып, елдің естігісі келетін ақпаратты біз де білуге тырыстық.
– Талғат Бақыт-жанұлы, алдымен жаңа қызметіңіз құтты болсын дегіміз келеді. Алғашқы сауалды бейнебақылау камераларымен байланыстырғым келіп отыр. Қазіргі уақытта ауданымызда осындай бақылау камералары қай жерде орналасқан? Олардың саны неше?
– Қарасай ауданы бойынша жалпы 150 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 113-і кезекші бөлімге шығарылған. Қазіргі таңда 88 камера техникалық ақауларға байланысты істен шыққан. Олардың барлығы жөнделу үстінде.
– Аудандағы көліктердің жол жүру ережесі қаншалықты қадағаланады? Мәселен, такси жүргізушілерінің автобекеттің аумағында тұрып қызмет көрсетуі дұрыс па?
– Қаскелең қаласында күн сайын өздеріне жүктелген міндетті орындау үшін, яғни, жол жүру ережесін қадағалау мақсатында екі экипаж қызмет атқарады. Сонымен қатар, такси жүргізушілеріне қатысты шағымдардың көптігіне байланысты экипаждар автобекеттің маңайына арнайы тұрақталып, жол жүру ережелерін бұзған азаматтарға тиісті шара қолданады. Бүгінгі күнге дейін ҚР ӘҚтК 601-бабы бойынша 93 әкімшілік хаттама толтырылды. Дәл осындай жұмыстар жалғаса береді.
– Аудан әкімі Ж.Далабаевтың Бірінші Май ауылдық округінде өткен кездесуінде жергілікті халық учаскелік полиция пунктіне қатысты мәселе қозғалды. Айтуларынша, мұндағы полиция қызметкерлері Шамалған ауылында отыруға мәжбүр. Өйткені Қайнар ауылындаға полиция пунктінің жарығы жоқ. Осыған түсінік беріп кете аласыз ба?
– Қазіргі уақытта Бекболат ауылындағы Жамбыл көшесі, 16В мекенжайында орналасқан тұрғын үймен біріктірілген учаскелік пункте ешкім тұрмайды. Оған жауапты жергілікті полиция бөлімі қызметінің (ЖПБҚ) учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Н.Набиев. Тағы бір айта кетерлігі, Бекболаттағы учаскелік пункт Алматы облыстық полиция департаментінің иелігіне берілмеген. Ал оның электр энергиясының қарызы болғандықтан, сол аумақта қызмет көрсететін полиция қызметкерлері Шамалған ауылдық учаскелік полиция пунктінде отырады. Осында отырып өз міндеттерін орындайды.
– Талғат Бақытжанұлы, ағымдағы жылдың 7 наурызында Шамалған ауылындағы атыс бүкіл республикаға жария болғанын білеміз. Жалпы осы қылмыстық іс қазіргі уақытта толық жабылды ма? Кінәлілерге қатысты үкім шықты ма?
– Иә, дұрыс айтасыз. Бұл жаңалық жалғыз біздің ауданда ғана емес, елге тарады. Оқиға өткен айдың, яғни, наурыздың 7-де болды. Дәл осы күні сағат 16.00 шамасында Қарасай аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне Үшқоңыр шатқалының бұрысындағы Шамалған мен Әйтей ауылдарының тұрғындары арасында қару қолдану арқылы атыс болғаны туралы хабарлама түсті. Аталған дерек бойынша аудандық полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізімімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-2 бабымен, 380-2 бабымен, 99-2 бабымен, 287-1 бабымен қылмыстық іс қозғалды. Осыған байланысты 16 күдікті азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс бойынша барлық тиісті сот сараптамалары тағайындалған. Қазіргі таңда тергеу амалдары әлі де жалғасуда.
– Біздің ауданда жұмыссыз азаматтар жиналатын бірнеше орын бар. Жалпақ тілмен айтқанда оларды «Құлбазар» деп жатады. Олар Қаскелеңнің базарында, «Алтын орда» жақта және Шамалғанға бара жатқан жолдың бойында кездеседі. Осы азаматтардың осылай жалдамалы жұмысқа жегілуі заңға қайшы емес пе?
– Сіз айтқан орындарға Қарасай аудандық полиция басқармасына қарасты жергілікті полиция бөлімі қызметінің (ЖПБҚ) учаскелік полиция инспекторы жүйелі түрде топтасып тұрған азаматтардың жеке куәліктеріне тексерістер жүргізіп отырады. Атқарылған жұмыстардың барысында қандай да бір заң бұзушылық анықталса, ҚР заңнамасына сәйкес шара қолданылады. Осы жерде айта кету керек, біздің заңымызда жалдамалы жұмыс жасауға тыйым салу туралы көрсетілмеген.
– Талғат Бақытжанұлы, қазіргі уақытта қоғамдық көліктерде телефонның ұрлануы кездесіп жатады. Одан бөлек оларды жоғалтып алатындар да бар. Бірақ зардап шегушілердің арасында «полицияға жүгінгеннен пайда жоқ, олар әдейі іздемейді» деген түсінік қалыптасқан. Осындай жағдайға тап болғандар алдымен қандай қадамдар жасау керек және ұялы телефондарына қатысты қандай құжат талап етіледі? Осыған түсінік беріп кетсеңіз, жақсы болар еді.
– Аталған мәселе, әрине, өзекті деуге болады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, біздің аудандық полиция басқармасына жыл басынан бері телефон ұрлығы бойынша 83 факт тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,4 %-ға азайғанды көрсетеді. 19 дерекке қатысты іс сотқа жолданды. Қылмыстың ашылу пайызы 36,5-ті құрайды. Айта кету керек, тұрғындар телефондары ұрланған кезде полиция басқармасына телефонның идентификациялық нөмірі жазылған қорапшаның көшірмесімен арыздануы тиіс. Сонда ғана нәтиже болуы ықтимал. Әрбір жоғалған немесе ұрланған ұялы телефонның мекенжайын анықтау үшін жеке нөмірлері көрсетілген түрде (IMEI коды) жедел қызметке жолданады. Егер құрылғы қосылмаған болса, оның мекенжайын анықтау мүмкін емес. Сол себепті көп жағдайларда телефондарды бірден табу полиция қызметкерлеріне қиынға соғады. Қазіргі таңда қоғамдық көліктерде қалта ұрлығын алдын алу мақсатында жедел-криминалистикалық бөлімшесінің (ЖКБ) және жергілікті полиция бөлімі қызметінің (ЖПБҚ) тәжірибелі қызметкерлерінен топтар құрылып, профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
– Ақпаратыңызға көп рахмет, Талғат Бақытжанұлы! Жұмысыңыз жемісті болсын.
Сұхбаттасқан Дидар МӘЛІКҰЛЫ.