Жақында ғана Алмалыбақ ауылындағы «Қазақ егін және өсімдік шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтында «Алқап күні» семинары болып, оған қатысушылар институт жетістіктерімен танысып, егіс алқаптарын аралап көріп еді. Енді, міне, тағы да «Алқап 2.0. Дәл егін шаруашылығы және табысты ферма» атты семинар ұйымдастырылып, бұл жолы ол ғылыми-таныстыру кластері «Агропарк Қаскелеңнің» экспериментальды полигонында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің қатысуымен өткізілді.
Бұл күні мұнда көп адам жиналды. Аталған агропарк ғалымдар мен фермерлерді біріктіретін алаң ғана емес, сонымен қатар, әртүрлі технология, техника, тыңайтқышы бар компаниялар бас қосатын орынға да айналды.
Осы жерде сан алуан ауылшаруашылығы сорттары мен будандарының егістік өндірісі, оның ішінде Қазақстан, Франция, Канада, Венгрия,Италия, Молдова, Ресей елдерінің тәжірибелері, өсімдікті өсіру және оларды арамшөптен қорғау істері паш етілді.
Семинарды ашу барысында Арман Қайратұлы қазіргі кезде елімізде осындай үш агропарк жұмыс істейтінін, олардың біреуі Ақмола облысы, Шортанды ауылында, екіншісі Қостанай облысы, «Заречный» тәжірибе шаруашылығында орналасқанын атап өтті.
– Олардың бәрі де жаңа технологиялардың, техникалардың, әрі тура осындай дәл егіншіліктің өте тиімді екенін насихаттаумен шұғылданады.Аталаған агропарктердің алаңында әлемнің барлық аграршыларының ең алдыңғы қатарлы жетістіктері шоғырланған. Бұл жерлерге келуге, көруге, техникаға отыруға, оны жүргізуге әбден болады. Ал, біздің ортақа мақсатымыз – Қазақстанда өндірілетін ауылшаруашылығы өнімдерінің экспортын екі жарым есе өсіру. Бұған жаңа сорттар мен ең үздік технологиялар ықпал ететіні сөзсіз, – деді ол.
Ал, «Қаскелең агропаркінің» ерекшелігі туралы оның жетекшісі Андрей Агеенко жан-жақты айтып берді.
Мұнан кейін жиналғандар 30 га жерді алып жатқан алаңды көрді. Ол «Қаскелең тәжірибе шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында бес – егін және өсімдік шаруашылығы, Ж. Жиембаев атындағы өсімдік қорғау және карантин, ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлендіру, Ұ.Оспанов атындағы топырақтану және агрохимия, су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттары күшімен құрылған.
Соя егістігінде семинарға қатысушыларды Қаз ЕӨШҒЗИ-дің жетекші ғылыми қызметкері Светлана Дидаренко қарсы алып, бұл жерде сояның жеті сорты отырғызылғанын баяндады. Олардың үшеуі отандық – «Жансая» , «Ласточка», «ЮГК» деп аталады және төрт шетелдік сорт. Барлығы бір күнде себілген және бірдей жағдайда өсірілуде. Эксперимент мақсаты олардың қайсысының үздік екенін анықтау. Ал, бұл қыркүйек айының ортасында ғана белгілі болады.
Алқаптарды аралау кезінде вице-министр мен семинарға қатысушылар сол сияқты жүгері, жазғы бидай мен арпа егілген жерлерде де болды, нөлдік және басқа да технологиялардың ерекшеліктеріне ден қойды.
Сондай-ақ, «Эконива», «Экорост», «Alem Agro», «Swiss Grow», «Eurasia Group» және тағы басқа компаниялардың өкілдерімен кездесулер өткізілді.
«Алқап күні» семинары аясында техника мен технологияны көрсетуге арналған шоу болып, бірқатар келісімдер мен меморандумға қол қойылды.
Сөз соңында Алматы облысындағы 17 аудан өкілдерінің он жеті аптада агропарктың жұмыс барысымен танысуына мүмкіндік беріліп отырғанын да маңызды деуіміз керек.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.