Жамбыл ауданының әкімшілік орталығы Ұзынағаш ауылында 1500 орындық мектеп пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде жаңадан бой көтерген білім ордасы осы аудандағы ең үлкен мектеп болып саналады. Орналасқан жері де өте қолайлы, елді мекеннің тау жақ шетінде, кейінгі жылдары етек жайған жаңа тұрғын үйлер орамында қоныс тепкен.
Сәулетті ғимараттың салтанатты ашылуына облыстық мәслихаттың төрағасы Талғат Байеділов, аудан әкімі Нұрлан Ертас, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Тастандинова, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ескелді Қасымов, Жамбыл аудандық мәслихатының төрағасы Мадияр Әмірғалиев, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы, Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Әскербек Абаев, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Батырхан Мендебаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бағдат Әлиев, ауыл тұрғындары, ұстаздар мен шәкірттер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Көпшілікті білім күнімен құттықтаған облыстық мәслихат төрағасы Талғат Ескендірұлы қазіргі заманға сай жабдықталған білім ордасындағы ұстаздардың еңбегіне табыс тілеп, осыннан талай-талай білімді ұрпақ түлеп ұшарына сенім білдірді. Аудан әкімі Нұрлан Ертасұлы нысанның межелі уақытта қолданысқа берілгенін атап өтті. Салтанатты сәтте ата-аналар атынан сөз алған Гүлжан Тұрарқызы осындай керемет мектептің салынуына үлес қосқан азаматтарға, ұстаздарға деген өзінің жүрекжарды ақжарма тілегін арнады. Ал су жаңа ғимараттың нышан-кілтін құрылысты жүргізген мердігер мекеме «BI GLOBAL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоба жетекшісі Айтбай Әбенов мектеп директоры Гүлфайруз Бухатоваға тапсырды. Құрметті қонақтар ғимараттың лентасын қию рәсімін орындап, жаңа білім шаңырағының ішін аралап көрді.
Мемлекеттік білім беру мекемесі «Ұзынағаш ауылындағы №1 мектеп-лицейі» деп аталады. Аудандағы ең үлкен білім ордасының орналасқан жалпы аумағы 2,98 гектарды құрайды. Ал ғимаратының жалпы көлемі 14670 шаршы метрге тең. Мұнда 150-ден астам оқу және пән кабинеттері мен кең де жарық спорт залы, асханасы, жастарды еңбекке баулуға қажетті құрал-саймандар орнатылған шеберхана бар. Сәулеті мен сәні келіскен білім ұясы 550-ден астам әртүрлі техникалық жабдықтар, 76 интерактивті тақта, 174 компьютер, 1000-нан астам спорттық жабдық, 6000-ға жуық жиһазбен толықтырылған.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.