Қарасай ауданы бойынша кейбір елді мекен арасында қатынайтын қоғамдық көліктер жетіспейтіні жасырын емес. Оны оңды шешу үшін халық та талайдан бері талап етуде.
Дегенмен аталған мәселе ауданымызда өз ретімен шешіліп келеді. Мәселен, осы уақытқа дейін аудан орталығы мен Алматы қаласының арасында «230» бағытта жүретін автобус іске қосылып, қарасайлықтар үшін ең қолайлы қоғамдық көлікке айналған болатын. Одан кейін тек Қаскелең қаласының ішінде қатынайтын және «Қаскелең – Исаев» бағытындағы маршруттар өз жұмысын бастаған еді. Енді, міне, осындай қоғамдық көліктердің қатарын №5 «Қаскелең – Жандосов» және №7 «Батан – Алтын орда» арасында жүретін автобустар толықтырды. Айта кетейік, «Қаскелең – Жандосов» бағытындағы қоғамдық көліктер аудан орталығынан бастап Жандосов, Қайрат, Шалқар, Бекболат, Қайнар сияқты ауылдарға дейін қатынайды. Сонымен қатар, аудандық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, алдағы уақытта «Тұрар – Алтын орда» және «Әйтей – Қаскелең» бағыттарында жаңа маршруттар жүрмек.
Біз сөз етіп, ақжолтай ақпарат ретінде жеткізген «Қаскелең – Жандосов» және «Батан – Алтын орда» деп аталатын маршруттар осы аптаның екінші күнінен бастап жолға шықты. Қоғамдық көліктердің іске қосылу рәсіміне Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысты. Аудан басшысы автобустардың сапасын бақылап, жауапты автопарк өкіліне алдағы уақытта олардың санын арттыруды тапсырды.
Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жолаушы көлігі бөлімінің басшысы Қанат Шариповтің айтуынша, екі бағытта жүретін автобустардың жалпы саны 10 болғанымен, алдағы уақытта олардың қатарын арттыру жоспарда бар. Жол ақысы – 100 теңге, студенттер мен оқушыларға 50% жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар, жолаушыларға қолайлы болу үшін автобустарда QR-код арқылы жүзеге асыратын электронды төлем жүйесі де орнатылған. Автобустардың жүру аралықтары 20-25 минутты қамтиды.
Ескере кетейік, аталған маршруттарға бұрынғыдай «Қаскелең автобус паркі» жауапты емес. Конкурс арқылы осы жолы «Алматы облысы бойынша жолаушыларды тасымалдау» ЖШС анықталды. Осылайша аталған компания мен Қарасай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі арасында келісімшарт жасалды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.