Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтарды да осы қаріппен жазылуы қазақ тілінің халықаралық дәрежеге жетуіне жол ашатынын айтқан болатын.
Аталған бағдарламалық мақаласы аясында елімізде латын әліпбиіне көшу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіліп жатқаны белгілі. Осындай шаралар Қарасай ауданында да қолға алынды. Дәлірек айтсақ, кеше аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы», Қарасай аудандық филиалы бірлесіп латын графикасын меңгерту жұмыстарына байланысты шара өткізді. «Жаңа әліпбиді – жазып үйренейік» деп аталған тақырып аясында аудандағы тізімдегі мекемелерде латын қаріпімен таныстыру сабағы өткізу жоспарланған. Бұл жолы, жаңа әліпбимен танысуға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі 2021 әскери бөлімі Қаскелең шекара бекеті басшының тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Әсет Омарбековтың бастауымен, әскерде борышын өтеп жатқан 12 сарбаз білімдерін жетілдіру сабағына қатысты. Алдымен, жиынның алғы сөзін Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» Қарасай аудандық филиалының меңгерушісі Жанар Оразалиева айтып, сабақты осы мекеменің маманы Фатима Сағымбекова жүргізді. Жаңа ақпаратпен танысқан жас жауынгерлер сабақ барысында түсінбеген тұстарына қатысты сұрақтарын қойып, басқосуда белсенділіктерін көрсетіп отырды.
Ауданымыздағы «Тіл» оқу әдістемелік» орталығы мұндай оқыту сабақтарымен қатар, аймақтағы бюджеттік мекемелердегі маманданды латын әліпбиіне үйретеді. Қазіргі таңда 1 тамызда басталған бірінші оқыту курсында аудандағы халыққа қызмет көрсету орталығы, жұмыспен қамту орталығы, қазынашылық басқармасы, орталық кітапхана, музейлер, орталық аурухананың әкімшілігі және жетекші мамандар латын әліпбиін үйренуде.
Бұрым ОРЫНБАСАР.