Жақында Астана қаласында спорттық жүзуден «Мастерс» санатындағы Қазақстан Республикасының VIII ашық чепионаты өтті. Халықаралық деңгейдегі бұл жарысты «Qazaq Aquatics» республикалық қоғамдық бірлестігі мен ҚР жүзу шеберлерінің федерациясы ұйымдастырды. Басты мақсат – спорттық жүзу ардагерлері арасындағы достық байланысты нығайту, саламатты өмір салтын насихаттау, спорттық жүзуді дамыту және шебер жүзушілердің спорттық деңгейін арттыру.
Дүниежүзілік доданың бір ерекшелігі – Қазақстанның, Еуразиялық экономикалық одақ пен Орталық Азия елдерінің, Ресейдің, ТМД және басқа мемлекеттердің жүзу ардагерлері бір сайыс алаңында сынға түсуі. Ал осындай кіл мықтылардың арасында біздің қарасайлық қариялардың да бар екенін мақтанышпен айтуға болады.
Ашық чемпионат 50 метрлік, 10 жолақты бассейнде хронометраж жүйесімен өтті. Ал бұл межені еңсеру үшін жоғарыда атап өткендей, еліміздің әр өңірінен және шетелден келген спортшылар барын салып, белсенділіктерін жан-жақты байқатты.
Байрақты бәсекеде ауданның ғана емес, облыстың намысын қорғаған қос қарасайлық қарияның бар екенін айрықша атап өткен жөн. Олар – Ермек Елгундиев пен Бұлар Мирманов. Екі ардагер спортшы да осы уақытқа дейін талай жарыста жеңіс тұғырынан көрініп жүргені белгілі. Осы жолғы Астанадағы ашық чемпионатқа Алматы облысы денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен қатысып, мықтылармен тең дәрежеде өз деңгейлерін байқатты. Нәтижесінде жүзудің жүйріктері атанған қос ардагер жарыстың чемпионы атанып, облыстың абыройын асқақ етті.
Ал қариялар жарыстан оралған соң, Алматы облысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Таңатаровпен арнайы жолығып, ҚР жүзу шеберлері федерациясының Алғыс хатын табыс етті. Өз кезегінде Ақжүрек Достықұлы қос ардагер спортшының еңбегін жоғары бағалап, ризашылығын білдірді.
Жүзудің жүйріктері атанған қарасайлық спортшылардың жарқын жеңістері кейінгі жасқа үлгі болары анық. Бойында белсенділік пен қажыр-қайраты таусылмаған ардақты аталардың жеңісті жолдары жалғаса берсін дегіміз келеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

