Аналар кеңесі – тәрбиенің бастауы. Бұл ұйымның көмегімен биыл Алматы облысында 60 отбасы сақталды. Тұрмыстық зорлыққа ұшыраған жүзге жуық әйелге әлеуметтік әрі психологиялық тұрғыда қолдау көрсетілді. Аталған мәселелердің алдын алу шаралары талқыланған кезекті отырыс жақында Еңбекшіқазақ ауданында өтті.
Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан 400 адам қайтыс болуда. Бұл мәселе Алматы облысында да өзекті. Сондықтан да аналар кеңесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себеп салдары, ажырасу, әйелді қорлау, қоғамдағы ащы шындық бала зорлау сынды өткір мәселелер ашық талқыланды. Жиында әр аудан мен ауылда құрылған аналар кеңесінің жұмыс нәтижелері тыңдалды. Мысалы, мамандардың айтуынша, Талғар ауданында ерте жүктілік деректері азайып, жасөспірімдердің қылмыс жасау оқиғалары төмендеген.
– Біз ұсынылған статистиканы негізге ала алмаймыз. Өйткені, олардың қатарында полицияға жете алмай жүрген, жетуге мүмкіндігі жоқ және сондай жағдайдан зардап шеккендер не істеу керегін білмейтін қанша анамыз бар. Сондықтан біз, Аналар кеңесінің мүшелері, заңда енгізіліп жатқан өзгерістерді қоғамға жеткізумен қатар міндетті түрде тәрбие жұмыстарын қолға алып жатырмыз, – дейді ҚХА рееспубликалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи.
Кеңесте қоғамды адамгершілікке, татулық пен бауырмашылдыққа шақырудың мән-маңызы сөз болды. Ұлтына азамат тәрбиелеген отбасылар мысалға алынды. Бұл ретте Түрген ауылында алғаш қазақ мектебін ашқан қайраткер Әбіхан Жексенбеков сынды азаматтардың өнегелі ісі айтылды.
Кезінде қазақ балаларына жеткілікті жағдай жасалмай, тек орыс мектептері ғана болды. Ал сол жылдары ауыл әкімі болып тағайындалған Әбіхан Аманұлы жергілікті қазақ балаларын жинап мектеп ашқан. Қазіргі таңда аталған білім ордасы еңбегі елеулі азаматтың атымен аталады, ал ұрпақтары мектепке барынша қолдау көрсетіп, оқушыларға шәкіртақы тағайындауды әлі күнге дейін жалғастырып келеді.
Кеңес барысында ұстаздар мен әр ауданнан келген әкімдік қызметкерлері үшін шебер сабақтар өткізілді. Онда бала буллингі, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынастың бала психологиясына әсері, нашақорлық, ұлтаралық араздықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Отбасы құндылықтарын сақтау, ұрпаққа дұрыс тәрбие беру ата-ана жауапкершілігі екені тағы бір рет ескертілді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Еңбекшіқазақ ауданы.