Мейірімділік пен қайырымдылық – адамзаттың ең асыл қасиеттері. Әсіресе, тағдырдың жазуымен ерекше күтімді қажет ететін балаларға қолдау көрсету, олардың жүзіне күлкі ұялату – қоғамның басты міндеті. Жақында Қарасай ауданында осындай игі істің жарқын үлгісі көрсетіліп, жүректерді жылытқан айтулы оқиға орын алды.
Анығырақ айтқанда, жуырда Қазақстан халқының бірлігі күні аясында аудандағы танымал «Yerkinay tattileri» кондитерлік өнімдер брендінің ұжымы ауқымды қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Өз ісінің шеберлері мерекеге келген халық үшін арнайы ұзындығы бес метрді құрайтын алып әрі дәмді торт дайындап, оны көпшілікке тиімді бағамен ұсынды. Саудадан түскен 350 мың теңге мен «Yerkinay tattileri» ұжымы атынан қосалқы 1 миллион теңге көлеміндегі қомақты қаражат Қаскелең қаласында орналасқан, ерекше балаларды оңалтумен айналысатын «Сәуле Сапар» орталығына табыс етілді. Осы қаржыға мекеме екі данадан аса қажетті заманауи жаңа турнигі бар щвед қабырғасын және жүгіру жолағын сатып алды.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай «Сәуле Сапар» оңалту орталығында салтанатты іс-шара өтті. Оның мақсаты осында ем алып, тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлау ғана емес, сонымен қатар орталықтың тыныс-тіршілігіне бейжай қарамаған жомарт демеушілерге ризашылық білдіру еді. Шараға балалардың ата-аналары, ұстаздар мен арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатысты.
Мерекенің шымылдығын ашқан Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Айжан Нұрмұхамбетқызы өзінің ақжарма тілегін жеткізді.
– Алдымен бүгін жиналған барша бүлдіршіндерді келе жатқан мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Сәбилердің жарқын көңіл-күйі мен бақытты күлкісін көру – біз үшін үлкен қуаныш. «Сәуле Сапар» оңалту орталығы – бұл жай ғана мекеме емес, бұл – қамқорлықтың, мейірім мен қолдаудың мекені. Әр баланың мүмкіндігіне сенім ұялататын ерекше орын. Осы жерге үміті үзіліп келетін қаншама отбасының қайтадан үміт оты жанып, қиын жағдайдағы балалардың айтарлықтай сауығып жатқанына куәміз. Мүмкіндігі шектеулі балаларға күн сайын шексіз қамқорлық көрсетіп, ерен еңбек сіңіріп жүрген орталық ұжымына алғысымыз шексіз, – дей келе Айжан Нұрмұхамбетқызы облыстық басқарма басшысының атынан мекеменің негізін қалаған Сәуле Рахымжанқызына арнайы Алғыс хатты салтанатты түрде табыс етті.
Игі істің басы-қасында жүрген азаматтарды ұлықтау мұнымен тоқтаған жоқ. Келесі кезекте сөз алған Қарасай ауданының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Рита Қошакбайқызы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнар Молдамсеитова және елімізге танымал өнер иесі, әнші әрі актер Назар Шархан да жүрекжарды лебіздерін білдірді. Сөйлеушілер «Сәуле Сапар» орталығының ерекше балаларды қоғамға бейімдеудегі, олардың денсаулығын қалпына келтірудегі маңызы өте жоғары екенін атап өтіп, ұжымның қажырлы еңбегіне табыс тіледі. Орталық директоры Қазбек Конрад өз кезегінде уақыт бөліп, бүлдіршіндердің қуанышын бөлісуге келген қонақтарға алғысын жаудырды. Сондай-ақ қайырымдылық акциясының жоғары деңгейде өтуіне және орталықтың материалдық базасының нығаюына үлкен қолдау көрсеткен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнар Құсайынқызына мекеме атынан арнайы Алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті.
Шараның ең әсерлі әрі қызықты сәті орталықтың дарынды тәрбиеленушілері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төріне шыққан кішкентай өнерпаздар өздерінің бойындағы шексіз талантымен көрермендерді тәнті етті. Республикалық «Дарынды мың бала» байқауының аспапта ойнау жанры бойынша І орын иегері, сонымен қатар «Super Star» халықаралық көпжанрлы өнер байқауының «эстрадалық вокал» жанры бойынша Бас жүлде жеңімпазы Лира Мәнербек өзінің сыңғырлаған дауысымен «Раз ладошка, два ладошка» әнін әуелете орындап, зор қошеметке бөленді. Ал «Super Star» халықаралық байқауының «Көркем сөз» жанры бойынша жүлдегері Айбек Жақсылық ақын Мұхтар Шахановтың рухты, жүрекке жылы тиетін «Жігерлендіру» өлеңін ерекше тебіреніспен мәнерлеп оқып берді. Мұнымен қоса, орталықтың кішкентай бишілері мың бұрала билеп, ұлттық нақыштағы «Қара жорға» мен заманауи «Қуыршақ Барби» билерін көрермен назарына ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, «Сәуле Сапар» оңалту орталығының кішкентай дарындылары өздерінің үлкен өнерімен жиналған қауымға ұмытылмас әсер мен тамаша көңіл-күй сыйлады.
Мейірімділік пен ізгілік салтанат құрған мерекелік кеш соңында балаларға орталық атынан арнайы сыйлықтар мен тәтті балмұздақтар таратылды.
Айта кетейік, бүгінде Қазбек Халлманн басқарып отырған орталықтың іргетасы осыдан он жылға жуық уақыт бұрын «Сәуле Рахимжанова оңалту орталығы» деген атпен қаланған болатын. Алғашқы күннен-ақ балалардың денсаулығын қалпына келтіруді мақсат тұтқан мекеме уақыт өте келе өз тиімділігін дәлелдеді. Сапалы қызмет пен халықтың сұранысы орталықтың ауқымын кеңейтуді талап етті. Осылайша, 2023 жылдың маусым айында, Дүниежүзілік балаларды қорғау күніне орай, орталық мемлекеттік бағдарлама аясында арнайы грант ұтып алып, өз мүмкіндіктерін одан әрі еселей түсті. Жаңа деммен, заманауи бағытта жұмысын қайта бастаған мекеме «Сәуле Сапар» атауын иеленді.
Бұл орталықтың жұмыс істеу принципі нарықтағы өзге мекемелерден оқшауланып тұрады. Мұнда бәріне бірдей стандартты емдеу әдісі қолданылмайды. Әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның диагнозына, психологиялық жай-күйі мен ағза ерекшелігіне сай арнайы даму бағдарламасы әзірленеді.
Мекеме заманауи үлгідегі инновациялық жабдықтармен, кең де жарық, барынша жайлы кабинеттермен жабдықталған. Мұнда тәжірибелі реабилитологтар, дефектологтар, логопедтер, психологтар мен арнайы педагогтар бірлесе, кешенді түрде қызмет етеді. Анығырақ айтқанда, орталықта балалардың тірек-қимыл аппаратын дамытуға, бұлшықет тонусын реттеуге және дербес жүріс-тұрысын жақсартуға бағытталған емдік дене шынықтыру (ЕДШ/ЛФК) және АФК, балалар массажы, жалпы сауықтыру және заманауи биоэнергетикалық массаж жасалады. Сондай-ақ мұнда емнің нәтижесін тездететін парафин терапиясы, «АЛМАГ-02» аппараты, электрофорез, сәулемен емдейтін «Биоптрон» және қимыл-қозғалысты белсендіретін «Мотомед» тренажерлары қолданылады. Логопед-дефектологтар мен психологтар баланың тілін шығару, ойлау қабілетін дамытумен айналысса, АВА-терапистер аутизм спектрі бұзылған (АСБ) балаларды қоғамға бейімдеу бойынша заманауи әдістемелермен жұмыс істейді. Сенсорлық интеграция және Монтессори бөлмелерінде балаға қоршаған ортаны сезінуді, түстер мен пішіндерді ажыратуды және ең бастысы күнделікті өмірде ешкімнің көмегінсіз дербес әрекет ету үйретіледі.
Әлеуметтік маңызы бар мұндай жобалардың тұрақты дамуы үшін мемлекеттік және қоғамдық қолдаудың орны ерекше. «Сәуле Сапар» орталығының ашылуы мен оның бірқалыпты жұмыс істеуіне облыстық және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен бөлімі, сондай-ақ жергілікті мәслихат депутаттары тұрақты түрде үлкен қолдау көрсетіп келеді. Ең бастысы, мемлекеттік тапсырыс пен гранттық қаржыландырудың нәтижесінде орталық оңалту курстарын қалтасы көтере алмайтын ондаған отбасына, көптеген бүлдіршіндерге толықтай тегін медициналық-педагогикалық көмек көрсету мүмкіндігіне ие болып отыр.
«Сәуле Сапар» ұжымының мақсаты тек медициналық процедуралармен шектелмейді. Мұндағы мамандар ерекше балалардың психологиялық тұрғыдан сынып кетпеуін басты назарда ұстайды. Сол себепті де орталықта жиі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, ақ дастархан жайылады. Жергілікті демеушілердің көмегімен балаларға сыйлықтар мен тәттілер таратылып, олардың жүзіне күлкі ұялату дәстүрге айналған. Мұндай шаралар ерекше бүлдіршіндердің қоғамнан оқшауланбай, өздерін бақытты сезінуіне, айналасына сеніммен қарауына зор септігін тигізеді.
Баланың сыңғырлаған күлкісі, ананың көзіндегі қуаныш жасы мен бүлдіршіннің өмірде алғаш рет басқан нық қадамы – «Сәуле Сапар» орталығының ең үлкен жетістігі, ең жоғары бағасы. Ерекше күтім мен шексіз мейірімге зәру балалардың дертіне шипа тауып, ата-аналардың шынайы алғысына бөленіп отырған бұл орталықтың Қарасай ауданына ғана емес, тұтас облыс үшін маңызы өте зор.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

