Әр адамды еңбек етуге тартудың, сөйтіп, оның жүйелі жұмыс істеуі арқылы өзін, отбасын асырауына бағыттаудың үлкен әлеуметтік мәселе екені белгілі. Баяғыдай мені мемлекет өлтірмейді деген түсініктің заманы өткен, қол-аяғың сау ма, барып оңтайыңа келген жұмысты істе. Мұндайда, әрине, әртүрлі әлеуметтік бағдарламалар, қорлар, басқа да тиісті орындар көп көмекке келеді.
Осы орайда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламамен қатар, Қарасай аудандық жұмыспен қамту орталығы да айтарлықтай істер атқарып отыр дей аламыз.
Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетінің (қазіргі «НарХоз» университеті) әлеуметтік қызмет және бизнес факультетінің түлегі Әлібек Аманбайұлы Ахмедов 2014 жылдан бері осы орталықта қызмет етеді. Ол алдымен мұнда «Жастар тәжірибесі» бағыты бойынша жұмыс атқарып, жоғары оқу орындарын жаңа бітірген көптеген жас маманның жұмысқа орналасуына ықпал ете білді. Сонда қатарластарының әлдебір мекемеге тұрақты қызметке кіргеніне кәдімгідей қуанып, мейлінше мерейленетін.
Ал, қазір Әлібек нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау» бағытындағы істерді үйлестіріп отыр екен.
Бұл ретте де өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын жігерлі жігіт, орталық директоры Эльмира Тасырованың байыпты басшылығымен, жұмысты ұтымды ұйымдастыруда. Яғни, өз кәсібімді ашамын, жаңа бизнес идеямды жүзеге асырам деген адамдардың мемлекеттік грантқа ие болуына нақты қолдау көрсетеді.
Мәселен, орталықтың көмегінің, оның ішінде тікелей Әлібектің «жүгіруінің», ақыл-кеңесінің арқасында Нұрлыбек Ыдырыс жеңіл тамақ өнімдерін сататын дүкен, ал Әйгерім Жұмаділова құс өнімдерін сататын «Сарыбұлақ» арнайы дүкенін ашып, істерін іркілмей ілгерілетіп отырған көрінеді. Мұндай мысалдар аз емес.
Жұмысына мығым, ісіне тиянақты жігіт отбасында да қадірлі, құрметті. Саяділ Керімбеков атындағы орта мектепте істейтін келіншегі Айнұр екеуі қыздары Айша мен ұлдары Сұлтанды аялап өсіріп келеді. Айшалары 1-сынып оқушысы екен.
Жалпы, Әлібекті сегіз қырлы, бір сырлы деуге әбден болады. Спортқа жаны жақын, әсіресе, футболды жақсы көреді. Гитарамен әуелетіп ән айтатыны бар. Әзіл-қалжыңды да ұнатады. Ал, мұндай адамның әманда алда жүрмеуі мүмкін емес.
Ендеше, сөз соңында «Осы бетіңнен тайма, келешекте де талай тамаша ісіңмен көріне бер, Әлібек!» дейміз.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.